Қоғам

«Шекарашы сарбаздар, Шаршамаңдар, талмаңдар…»

Written by Aray2005

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасының жалпы ұзақтығы 13 383 шақырымды құраса, оның 1 257 шақырымы шамасында Қырғыз Республикасымен шектеседі. Ал осы қырғызбен арадағы шекараның көп бөлігі Жамбыл облысының аумағында жатыр. Кейінгі жылдары Орталық Азия елдеріндегі геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты ел Үкіметі оңтүстік аймақтардағы шекараны мығымдай түсуге мән берді. Қазір Қордай, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Жуалы аудандарының шекаралық нүктелерінде шекара заставаларының саны артқан. 2012-2013 жылдары шекара заставалары заманауи қалашық түрінде салынып, онда сарбаздар мен сардарларға барынша жағдай жасалған.

Тараз қаласы Қырғыз Республикасына тиіп тұрғандықтан, бізге қала төңірегіндегі шекара заставалары таныс-ақ. Әсіресе Бесағаш ауылы тұсындағы «Гродеково» шекара заставасына артылған міндет көп екенін білеміз. Бұл заставаның қырағы жауынгерлері осы күнге дейін мемлекеттік шекараны бұзбақшы болған талай қылмыскерді құрықтап жататыны жаңалықтардан жиі беріледі.
Жуырда аталған шекара заставасының тыныс-тіршілігімен танысуға барғанымызда, ойламаған жерден үлкен қуаныштың үстінен түстік. ҚР ҰҚК ШҚ 2035 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы, подполковник Ерлан Ашықбаев отрядты жинап, марапаттау рәсімін өткізгелі жатыр екен. Сөйтсек, 1 мамыр күні ел мерекелеп жатқанда нарядта болған қатардағы жауынгерлер Ерсұлтан Жұмабаев пен Анатолий Черкасов түнгі сағат 22.45 минут шамасында «Айша бибі» өткізу пунктінің тұсынан шекара сызығының бірінші қоршауынан өтіп, екіншісінен секірмек болған қырғыз азаматын құрықтапты. Мұндай жағдайды өмірінде бірінші мәрте бастан өткергенін бізге айтқан Е.Жұмабаевқа сол күні аға шекара нарядшысы міндеті жүктеліпті.
– Алыстан қарауытқан белгісіз бір нәрсенің қозғалысын байқап қалдым. Өмірімде мұндай күтпеген жағдай болады деп ойламаппын. Бірақ үш ай оқу-жаттығуда үйренген тактика бойынша әрекетке көштім. Алдымен, қимылдамай әрекетін сырттай бақыладым. Түнде көру құралын пайдаланып, биік тікенек қоршаудан я секіре алмай, я саңылау таба алмай әбігерге түсіп жатқан адамды анық көрдім. Сөйтіп, серігім А.Черкасовқа хабар беріп, қылмыскердің координаттарын айттым. Ол да «Челси» атты қызметтік итінің көмегімен тиісті шараларды жасап, ақыры біз де айлаға басып, оны еш қиындықсыз құрықтадық, – дейді қатардағы жауынгер Е.Жұмабеков.
Біз үстінен түскен заставадағы салтанатты жиын осы екі сарбаздың құрметіне ұйымдастырылған екен. Мұнда келгендеріне небәрі екі-үш күн болған бұл отрядтың жетістігіне тәнті болған 2035 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы подполковник Е.Ашықбаев жас шекарашыларға шекара күзетінің неліктен өте қасиетті міндет екенін түсіндіріп, қос сарбазға мемлекеттік шекараны күзету ісінде қол жеткізген жетістігі, қылмыскерді құрықтау барысында өз міндетіне адал қарап, қырағылық танытқаны үшін әскери бөлім командирі атынан грамота тапсырды.
Бұл жиыннан кейін застава бастығы, аға лейтенант Еркеш Жанпейісовті сөзге тартып, мұндағы тіршілікпен танысу үшін бөлімшені араладық. Е.Жанпейісовтің әскерде алты-ақ ай болған мұндағы жас сарбаздарды қабылдап алғанына апта да өте қоймапты.
– Бұлар әскерге былтыр күзде алынып, әртүрлі шекара заставаларында үш айлық оқу-жаттығудан өтіп келді. Сарбаздар жаңа ортаға, жер жағдайы бөлек шекаралық аймаққа үйренісіп кеткенше бар білгенімізді тағы да үйретіп, қадағалауды күшейтіп отырмыз. Жақында ғана болған жағдайда екі шекарашымыздың еш саспай, бәрін оқу-жаттығуда үйреткендей әрекетпен жасағаны қуантты, – дейді застава бастығы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнда еш алаңсыз қызмет етуге бар жағдай қарастырылыпты. Штаб орналасқан ғимараттың бір жағы казарма екен. Сондай-ақ демалу, ақпараттық-тәрбиелеу бөлмесі, асхана, офицерлер кабинеттері де осында. Одан бөлек қызметтік иттер мен аттардың өз тұрағы, жем-жөп сақталған сарайы бар. Ал әскери техникаларға арналған гараждың қасында монша орналасыпты. Офицерлер мен өзге де әскери қызметкерлердің отбасыларына арнап баспана да берілген, балалар өз ойын алаңшасында асыр салып жүр. Сарбаздардың спортпен айналысуына қажетті құралдар да жеткілікті. Спорт залы мен ауласында олар теннис, волейбол, баскетбол ойнап бір мезгіл бой сергітіп алса, тренажер залында ащы тері шыққанша шынығуларына болады.
Ал көлік боксінде аға лейтенант Елдар Түбекбаевтың жөндеу ротасының жұмысына куә болдық. Рота командирі Е.Түбекбаевтың айтуынша, 2035 әскери бөлімінің түрлі мамандардан құралған жөндеу ротасының жеке құрамы жылына екі рет, яғни күзгі және көктемгі маусымда барлық заставалардың және шекара жасақтарының көліктерін тексеріп, жөнге келтіріп тұрады екен. Мұнда келгендеріне бір аптадай болыпты.
Сол сияқты шекарашылардың киімдері мен төсек орындарын бүтіндеп, реставрациядан өткізіп отырған әскери бөлім шеберханасының тігіншісі Мира Шәкірованың да жұмысы мақтауға тұрарлық. Бұл салада 18 жылдық еңбек өтілі бар М.Шәкірова да өз командасымен жылына екі рет заставаларға барып, тиісті қызметін атқарып келеді екен. Осы жолғы бағыты «Гродековоға» түсіпті.
Заставадан шығып, қазақ-қырғыз шекарасына барғанымызда, онда ұзақ кідіре алмадық. Тек нарядқа шығып, инженерлік құрылғылардың, тікенек қоршаулардың бүтіндігін тексеруге барған атты сарбаздардың жұмысымен жақын таныстық. Тиісті арақашықтықты сақтай отырып, белгіленген аумақты жүріп өткен олар шекараға еш қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізіп қайтты.
Заставаға қайта келген соң, әскери бөлімнің инженерлік-саперлік ротасының командирі, капитан Алмас Есеналиевпен пікірлестік. Әңгіме барысында бұл ротаның алдында қазір үлкен міндет тұрғанынан хабардар болдық.
– Соңғы жылдары еліміз шекара қызметіне үлкен көңіл бөліп келеді. Оған мысал ретінде айтатын жаңалықтар аз емес. Солардың бірі – шекараға тікенек қоршаулардың тартылуы. Енді осы қоршаулардың инженерлік тұрғыдан жетілдіріліп, оның бойына сигнализациялық жүйе жүргізілгелі отыр. Бүгінгі таңда «Жасөркен» және осы «Гродеково» заставаларында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс толық біткеннен кейін сигнализация орнатамыз. Бұл жүйе шекарашылардың жұмысын жеңілдетеді, яғни шекара бұзушының денесі қоршауға тиген сәтте орталыққа сол нүктеден дабыл түседі, – дейді рота командирі.
Біз жұмысымызды бітіріп, қалаға бет алғанда да заставада өз міндетіне сай жұмыс істеп жатқандар бір тынған жоқ. Мұнда босаңсуға болмайтыны көрініп тұр. Ал застава бастығы, аға лейтенант Еркеш Жанпейісов биік мұнараға көтеріліп, дүрбісімен айналаны тағы бақылап шықты. Бұл оның өз жұмысына берілгендігін, Отан алдындағы әскери борышы мен елге берген антына адалдығын танытса керек.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР