«Шексіз кино әлемі»

0 45

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдеу, өзін-өзі дамытуы мен кітап оқуға баулу және зағип оқырмандарға арналған тифлопікірі бар киноларға қолжетімділікті арттыру мақсатында «Шексіз кино әлемі» атты зағип жандарға арналған кино көрсетілімді ашты.
Көрсетілім барысында зағип жандар экраннан көрсетіліп жатқан кино немесе видео сюжеттердегі болып жатқан әрбір іс-қимыл, адамдардың қас-қабағындағы эмоцияларын дыбыстандырылған тифлопікір арқылы біліп, толықтай елестете алады.
Тифлокино жобасы Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының тұрақты оқырмандарының сұраныстары бойынша жүзеге асуда.
Осылайша Тараз қаласы мен Жамбыл облысында көру қабілеті нашар адамдарға әлеуметтік қызмет ретінде тифлопікірді дамыту үшін жағдай жасап, еліміздің киностудия, театрлардағы спектакльдерді және отандық фильмдерді тифлопікірмен берулеріне ұсыныс тастауды қолға алды.
Шарада тифлопікірі бар фильмдердің шығу тарихымен таныстырып, режиссер Марка Ротемунданың 2017 жылы экранга шыққан «Не смотря ни на что» киносы тифлопікірмен берілді. Көрсетілімге «Қазақ Соқырлар Қоғамының» мүшелері, Жамбыл облыстық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі «Зағип оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімдерінің кітапханашылары мен оқырмандары қатысты.
Кино соңында тағдыр сынағындағы жандар «өз өмірімізді көргендей болдық, біздің ешкім түсінбейтін әлемімізді көрсеткен кинодан алған әсеріміз ерекше» – деп, көздеріне жас алды.
Алдағы уақытта арнайы кітапхана зағип жандар үшін тифлопікірдегі кинолар көрсетілімін тұрақты түрде жүргізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.