Шектен шыққан шабандоздар

0 0

Көне шаһарда түн тыныштығын бұзатындар азаймай тұр

Бұрындары спорттық мотокөлікті тізгіндеп, жылдамдықты көзге ілмейтін байкерлерді көбіне шетелдің киноларынан ғана көретін едік. Қазір ажалына асыққан мотошабандоздар тараздықтарға таңсық болмай қалды. Себебі күнде кешқұрым Тараз қаласы көшелерінде бағдаршамның жарығымен жарысып жүргендер аз емес. Оның үстіне қазір жылдамдықпен қатар, дүрсілдеген даңғаза музыканың дауысын барынша шығарып, көшені басына көтеріп жүретін көлік жүргізушілері көбейді.

Қаланың сұлулығын, келбетін, жиырма ғасырдан асқан жауһарларын, сонымен қатар тыныштығын сақтау әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Бір сөзбен айтқанда қала осындағы әрқайсымыз үшін үлкен үй. Дейтұрғанмен қазір тараздықтардың түн ұйқысын төрт бөлетін мотошабандоздар мен көлік «диджейлері» азаяр емес. Қайта күн санап көбеюде. Шаңқай түсте көліктегі музыка құрылғысы жарылып кеткенше даңғаза әнге «ғашықтығын» дүйім жүртқа сездіріп жүргендер, бұл әрекетін түнде де тыймайды. Ал мотоциклдің алдын көтеріп айдап, таңға дейін бәйге ұйымдастырып жүрген байкерсымақтар жол ережесінің өздеріне еш қатысы жоқтай жүйткиді.
– Кешқұрым сағат 23:00 шамасында дарылдаған мотоциклдің жарысы басталады. Осыларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ па? Жасымыз келгеннен кейін үйдегі әрбір тықырдан маза қашады. Бір-бірімен жарысып жүрген жастар. Қайда асығатынын білмеймін. Айтайын десең үйден шыққанша жоқ болып кетеді. Осыдан екі апта бұрын тура біздің үйдің тұсында біреуі оңбай құлады. Терезеден айғай салдым. «Әй өлді-ау» деп үрейіміз ұшып кетті. Абырой болғанда аман. Басындағы каскасын шешіп еді немереммен жасты қаршадай қыз екен. Қасына тағы өзі секілді екі мотоциклді тізгіндеген жас жігіттер келіп, алып кетті. Осылай жүріп бір күні не өзі жазым болады, не біреуді жазым етеді. Анау қаршадай қыздың мотоциклді тізгіндеуге рұқсаты бар екеніне де күмәнім бар. Осылардың ата-аналары түн жарымда балаларын іздемейді ме деп те ойланамын. Өзім немерем сабағынан он минут кешіксе берекем кетеді. Соған қарағанда бұл жастардың ата-аналары да балаларының не істеп жүргенін білмейтін болуы керек,– дейді облыс орталығындағы Қазыбек би көшесінің тұрғыны Раушан Құрманова.
Кинодан, әлеуметтік желілерден көргенін қайталағысы келетін жастардың кейбірін өзіміз де көріп жүрміз. Тұрғындардың айтуынша, мотошабандоздар көбіне Жамбыл, Абай даңғылдары мен Тәуке хан, Ы.Сүлейменов, Ташкент, Төле би, Қазыбек би, Әйтиев, Сәтпаев көшелерінде жортады.
– Соңғы жылдары қаламыз адам танымастай өзгеріп, сәулетті орындар, саябақтар салынды. Бұл қала тұрғыны ретінде біздің де мерейімізді өсіретіні жасырын емес. Отбасымызбен Ы.Сүлейменов көшесінің бойында, жаңа кейіпке енген «Жастар» аллеясына жақын тұрамыз. Бес баланың анасымын. Кенжем әлі құндақта. Үйде барлығымыз соның ұйқысын күзетеміз. Десек те ол әрекетімізден ештеңе шықпайды. Себебі күнде кешкісін аллеяның төменгі жағындағы көлік тұрағында тыныштық жоқ. Көліктердің гүрілдеген дауысынан бала тұрмақ, өзіміз де мезі болдық. Бұл мәселе көршілерімізді де мезі етті. Тұрғын үйде қаншама зейнет жасындағы үлкен кісілер, мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Дауысы бірінен бірі басым түскен даңғаза әуендерді жай тыңдаса болмайды ма? Неге оны ел боп, жұрт боп бірге тыңдауымыз қажет? Әркімнің жеке басына деген сыйластық, түсіністік деген болу керек қой. Көшені басына көтерген әуендерімен қоймай өздері де айғай-шуға басады. Ішімдік ішіп, төбелесіп, көліктерін шыр айналдырып айдап, осы жерден шықпайды. Кешкісін ол маңға балалармен серуендеп шығуға да қорқасың. Қайбір күні күндіз тұсынан өтіп бара жатып қарасам, үлкен экранның қасындағы сәулетті қоршау сынып жатыр. Жап-жақсы дүниенің жайрап жатқаны жанға батты. Осы мәселе назарға алынса екен. Әйтпесе оларды тәртіпке салып жүрген полиция қызметкерлерін де көрмейміз. Күндіз үш-төртеу болып топтасып жүретін сақшылар кешкісін қайтып кетеді. Ал олар таңға дейін елдің тынышын бұзады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мақпал Қайратқызы.
Аталған мәселеге орай біз қаладағы қоғамдық тәртіпке жауаптылармен де тілдестік. Тұрғындардың шағымы бойынша мотоцикл тізгіндегендер үшін полиция басқармасы тарапынан арнайы рейд қолға алыныпты. Рейд жұмыстары барысында көлік басқаруға рұқсаты жоқ азаматтар да анықталған.
– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры М.Қожаевтың нұсқауы бойынша облыс орталығы аумағында «Мотоцикл» жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Рейд жұмыстарына радиостансаларды және бейнетіркегіштерді пайдалана отырып, Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жеке құрамы жұмылдырылды. Жеке құрам тәулік бойы ауысыммен жұмыс жасады. Нәтижесінде небәрі үш күнде мотоцикл жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 12 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың ішінде мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамайтындар да анықталды. Басым көпшілігі маневр жасау дерегі бойынша жол ережесін бұзғандар. Төртеуінің көлік құралын басқару құқығы жоқ болып шықты. Екеуі бағдаршамның тыйым салатын белгісінен өтіп кеткен. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда және Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының басшылығының тұрақты бақылауында. Бұған қоса кешкі және түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілерін болдырмау және жолын кесу мақсатында, соның ішінде шудың рұқсат етілген нормаларынан асатын немесе пайдаланылған газ шығару жүйесіне енгізілген өзгерістермен автомашина, мотоциклдерді пайдалану үшін аталмыш жеке құрам тұрақты жұмыс жасауда. Нәтижесінде әр түрлі маркалы 6 автокөліктің жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда және бақылауда болады, –дейді Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Асқар Батыров.
Ал «Автогид» сауда орнында көлікке музыкалық құрылғыларды орнататын Ұлан Оразбек оларға қызығушылардың күннен-күнге артып келе жатқанын айтуда.
– Бізде сафбуферлер, арнайы колонкалар 60-70 мың теңгеден басталады. Оны өзіміз орнатып береміз. Көбіне оған әрине өзіміз секілді жастар қызығады. Бұрын өзімнің көлігімде де болатын. Қазір жоқ. Бұл меніңше өтпелі қызығушылық. Соңғы кездері көлік тізгіндеген қыз балалардың тарапынан сұраныс артуда. Бұл құрылғылар көліктің сыртына қатты естілгенімен, салонға жай шығады. Сондықтан көлік ішіндегілерге аса қатты сезіле бермейді. Алайда біздің тараптан сатып алушыларға әуенді ұзақ уақыт жоғарғы дауыста тыңдамауға кеңес айтылады, – дейді ол.
Ал ол кеңеске, қолданылған шараға да құлақ асып, көзге іліп жатқандар бар ма? Мәселенің өзегі сонда болып тұр.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.