Жалын Жастар.kz

Шераға есімі тек биікте болғай!

Written by Aray2005

Әне-міне дегенше Елбасының өзі еншілеп берген Жастар жылының бел ортасына келіп қалдық. Бұл бағытта өңір жастары түрлі шараларды іске асыруда. Мәселен, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері аймақтағы биік шыңдарға шығып, еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестеріне эстафета ретінде жолдауда. Олар кезекті рет Меркі ауданындағы 4 200 метрлік биіктікке көтерілді.

Жастар жылы аясында шыңға шыққан жамбылдық жастардың тағы бір мақсаты – атауы жоқ шыңға Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның есімін беру болатын. Олардың бұл жолғы бастамасына Шымкент қаласының альпинизм федерациясының басшысы Ербол Оразалин, облыстық ұлттық спорт федерациясы «Әулие Ата» көкпар командасының аударыспақтан жаттықтырушысы Азат Жұмәділов, облыстық альпинизм және спорттық туризм федерациясының басшысы Нимат Мурсайтов, облыстық скалолаз федерациясының жетекшісі Асланби Сыздықов, сондай-ақ өңірдің альпинистері қолдау білдірді. Олар қар басқан, адам аяғы тимеген шыңға шығу үшін
4 тәуліктерін жұмсаған.
– Жастар жылының аясында биік шыңға шығуымыз бекер емес. Осы арқылы өңір жастарының назарын өзімізге аударып, өз өмірлерінің биігіне ұмтылса екен дейміз. Ал 4 200 метрдегі шыңға Шерхан Мұртазаның атын беруіміздің себебі, ол кісі қазақ руханиятынан бөлек, қоғамның дамуына да елеулі еңбек сіңірген бірегей дара тұлға. Оның есімі қазақ тарихы мен әдебиетіне алтын әріптермен жазылғаны белгілі. Соған қарамастан Жастар жылында оның атының құзар шыңға берілуін заңды деп есептейміз, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрбек Сәкенов.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР