"Шабыт"

Шераға тағылымы

Written by Aray2005

(жалғасы)

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(2-кітап)

Таңғы түс

Сірескен темірлер. Солардың арасымен бір жоғарылап, бір төмен түсіп жүріп, бір бөлмеге тап болу. Дастарқан. Сірә, Күнікей-ана, әлде Домалақ ана басында аппақ күндік дастарқанға дәм қойып жатыр. Екі-үш ер кісі, ересектер, піскен ет. Біреуі ұзын қабырғаны алдыма қойып жатыр.
Ояндым. Ойландым.
Бұл қай дүние? Ұлы әруақтар қаумалағаны қалай?
Не болғанда да жақсылыққа жорыған жақсы. Әсіресе Ұлы ананың мейірімді дидары, жылы қабақ, жұмсақ мінезі…
Не Күнікей-ана, не Домалақ (Нұрила) ана екен деп жорыдым.
Анық танымасам, Алла Тағала кешіргей…
Бір кем дүние.

Жақсылыққа жабылу

Жақсылық – Мәді Омардың шөбересі, Сұрапалдының немересі.
Сірә, бірінші, не екінші класта. Ол жалғыз. Ал көршінің бес қасқасы бар.
Бесеуі жабылып, Жақсылықты ұрып тастайды. Аяғы жаңа шыққан кішісіне дейін тас лақтырады. Жақсылық – жалғыз.
Маған келіп әңгімесін айтады. Бабасы Мәді Омардан талай қорлық көргенмін. Жақсылық екеуміз доспыз. Мен оны бес қасқадан қорғап жүремін.
Бабасының қылығы үшін шөбере жауап бермесе керек. Ал Жақсылықтың бабасы мені «халық жауының баласы» деп қорлап, абақтыға қамады ғой.
Замандар мен адамдар.
Әр нәрсе келбетіне қарай.
Бір кем дүние.

Кәусар бұлақ

Кеудеме қайғы толған соң,
Кәусар жырмен жуынам…
(Дулат)

– Инна ағытайынакал, Кәусар,
Фассали лиробика уанхар
Инна шанияка хуали акбар
(Құран)

Кәусар – Мекке түбіндегі аса қасиетті бұлақ.
Дулат ақын Абай заманындағы заңғар дарындылардың бірі. Қайғы-қасіреттің өзін кәусар жырмен жуып кетіру – текті ақындардың ғана қолынан келеді.
Бірақ «мен ақынмын» деп кеуде қағып жүргендердің көбі – жүн-жұрқа. Кәусар өлең­дер жазатындар – туған жердің құрсағынан ғана шығатын інжу-маржан, бірләндар – миллионнан біреу.
Жазмыш солай.
Бір кем дүние.

Құлақ неге екеу?

Адамда бір ауыз, екі құлақ бар. Демек аз сөйлеп, көп тыңда деген ишарасы ғой Алланың.
Сөйлеген адам – асыл тұқым сепкен адам. Тыңдаған адам – жемісті жинаған адам.
Өкініштісі сол, бұл заманда мылжыңдар көп, сөздерінің нәрі жоқ. Жиналысқорлар асыл уақытты жалмағыштар.
Нәрлі сөйлеудің үлгісін баяғыда Ыбырай Жақаев есімді күрішші ақсақал көрсетіп еді. Жазушылар жиналысында:
– Диқан кетпеніне,
Шопан таяғына,
Жазушы қаламына ықтият болсын! – деп үш-ақ сөз айтып еді. Әне, сол данышпан.
Өкінішті. Ыбырай Жақаевтар мыңнан біреу-ақ қой.
Бір кем дүние.

Көшедегі қателер

Көшеде небір ақыл сөздер, нақыл сөздер жазулы тұрады. Дұрыс-ақ. Кейде бірақ ақыл сөз дегендері – ақымақ сөз тәрізді болып кетеді. Мысалы:
«Ақыл азбайды,
Білім тозбайды!» – бүкіл көше бойына ұзыннан-ұзақ жазулы тұр.
Шын ақыл болса игі.
Ал мас адамның ақылы ше?
Алжыған адамның ақылы ше?
Білімнің де озығы бар, тозығы бар.
Мысалы: Дарвиннің адам маймылдан жаралған дегені, Құдаймен ісі жоқ.
Бір кем дүние.

Арзы мен бозторғай

Арзы апам екеуміз Көксайдағы қырғыз ата Нұралының үйінен келе жатырмыз. Қырғыздардан алған дәсері қап жүгеріміз есектердің үстінде.
Тамылжыған көктем. Көк өзек. Арзы апам жас жусанның үстінде құбылаға қарап намаз оқып отыр.
Төбесінде бір бозторғай үзбей шырылдайды. Апамның арызын Аллаға жеткізгісі келгендей үзіліп-үзіліп шырылдайды. Бозторғай деп жүргеніміз періште шығар. Адамдардың арызын Аллаға жеткізу үшін шырылдайтын болар.
Табиғатта біз білмейтін құпия көп.
Бір кем дүние.

Ағаның алақаны

Мұстай Кәрім – ұлты башқұрт. Ал башқұрт дегеніміз «Бас қасқыр» деген ұғымды білдіреді. Көне түріктер қасқырды «құрт» деп атаған. Қасқырдың ұрғашысын «құртқа» деген. Мысалы: Қобыландының Құртқасы.
Сол Бас қасқырдан шыққан ақын, Социалистік еңбек ері, ерен жазушы, сақа солдат – Мұстай Кәрім еді. Баяғы студент күнімде мен оның «Радость нашего дома» деген кітабын орысшасын башқұртшасымен салыстырып отырып, қазақшаға аударып едім. Содан Мұстай аға:
– Мен қазақтың болашақ бір жазушысын аштықтан аман алып қалып едім, – деп мақтанатын.
Құдай иманыңды берсін!
Ашқұрсақ студентке азық болғаны рас.
Бір кем дүние.

ПІКІР