"Шабыт"

Шераға тағылымы

Written by Aray2005

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(2-кітап)

Тұмар мен Кир

Қырғыздар ана бір жылы Манас батырдың 1000 жылдығын тойлады. Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелди Манас тойына 170 киіз үй әкеліп тіктірді. Мен Өмекеңнен сұраймын ғой:
– Өмеке, қырғыздар Манастың 1000 жылдығын тойлады. Осы бізде Тұмар ана, европа Томирис деп атап кеткен батыр анамыз бар емес пе? Ол Манастан да үлкен емес пе? Ендеше, сол ұлы әруаққа неге бір той арналмайды? – деймін ғой.
Өмекем малдәрігерлік институт бітірген білімі бола тұра, академик тарихшылардан көп біле ме деп қаламын. Өйткені былай деді:
– Әуелі Томирис емес, Тұмар-иіс. Бүлдіріп жүрген европалықтар. Екіншіден, Тұмар-иіс бұдан екі жарым жыл бұрын өмір сүрген. Персілер патшасы Кир біздің елді жаулап алмақшы болғанда, Тұмар-иіс оны жеңіп, басын кесіп, қан толы торсыққа сол басты салып тұрып:
– Тілегенің қан еді, тойғаныңша іш! – деген ғой. Соғысқұмар патшаның ақыры солай болған.
Бір кем дүние.
Ал енді сондай аса ұлы анамызға арнап дұға оқытып, ас бермегеніміз – үкіметімізге, зиялы деп жүрген ғалымдарымызға үлкен сын.
Бір кем дүние.

Шындық шірімейді

Айдың, Күннің аманында, Құдайдың бейбітшілік, берекелі заманында Алтынбекке қастандық жасалды.
Анау да емес, мынау да емес, Алаштың арыстандай азаматы. Бұл заманның қай сықпыты? Қандай қиын, азапты сұрақ болса да, қан төкпей-ақ шешуге болмас па еді?
Әрине, Алтекемнің досы бар ғой, Құдайға шүкір, сірә, жауы да аз болмаса керек. Тіпті Парламенттің өзінде бір заржақ депутат оны сыртынан ылғи да:
«Лаврентий Павлович, Лаврентий Павлович» деп кекете сөйлеп отырушы еді.
Мүмкін, онікі қу ауыз шығар, зілі жоқ шығар. Мүмкін, оның айтқаны Хрущев аттырып тастаған Берия да емес шығар. Шын күнәһар, шын залым шындық шымылдығының тасасында шығар.
Қылмысты қанша жасырғанмен, шындық шірімейді. Әйтеуір бір ашылады…
Бірақ одан Алтынбек тіріліп келмейді ғой.
Әттең, бір кем дүние.

Жетпіс

Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі әдебиетші, сыншы, үлкен ғалым Шернияздан Елеукенов 70 жасқа толып, Алматыда, ғалымдар үйінде мерейтойы өткенде өзі айтып еді:
– Жетпіс деген екі сөзден тұрады.
«Жет», «піс» – деген, – деп еді.
Ал мен болсам, жетпіс бесті тойлап тастадым. Енді сол Елеукенов айтқан сөз есіме түсе береді.
«Жет» дегені дұрыс-ақ.
«піс» дегені… қатерлі.
Пісіп тұрған жемісті әркім-ақ жеп қойғысы келеді. Әсіресе жауыз торғай шоқып-шоқып жерге түсіреді. Жақсы емес, уылжып піскен шақта өзі-ақ үзіліп түседі. Нені меңзейді.
Жеткенің жақсы,
Піскені қиын.
Бір кем дүние.

Ас берілсе…

Мыңбұлақтың Талаптысының Маутан, Шектібай, Күшпан аталарының ұрпақтары, алапат соғыстың құрбандарына мешітте дұға оқылса:
Сұлтан Орха Қайып
Кәмет Ноха Поштақұл
Сияқұл Найынбек Сайлаубек
Нұралы Өскен Оразгелді
Нәметқұл Жиренбай Болысбек
Сейсенбай Рәсілхан Өскенбай
Төреқұл Махан Кәрібай
Тәшкен Кенже
1941-1945 – «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын топалаң соғыста оққа ұшқандар, елге сау қайтқандар, жараланып қайтқандар – бәрі кәзір бұл жалған дүниеде жоқ.
Осылардың әруағына арнап, ауылдағы мешітатынан ас берілсе – әруақтар риза болар, Алладан рахмет жауар. Осыны тірі жүргендер ойласа…
Бәрі бірігіп, мақұл десе…
Осы ниет орындалса…
Орындалмаса – бір кем дүние…

(Жалғасы бар)

ПІКІР