"Шабыт"

Шераға тағылымы

Written by Aray2005

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(2-кітап)

32 санының құпиясы

«Ана тілі» газеті. 13 қараша 2008 ж.
«32 санының құпиясы».
Авторы: Амантай Шәріп.
Біздің қазіргі аспан түстес көкшіл туымызда 32 кірпікті күн суреті бар.
Күннен тараған 32 кірпікте неше алуан кереметтер бар екен. Мағжан ақын күннен туғанмын десе, сол кірпіктердің бірі ме екен? Кім біледі? 32 құпиясы сан түрлі.
Ал ХХ ғасырдың 32 жылының сыры мен жыры басқаша. Қазақтардың жартысынан көбі қырылған жыл. Зобалаң зорлық жылы. Азынаған ашаршылық.
Мен туған жыл. Сол жылы менің мыңдаған құрдастарым аштан, қара шешектен өлді.
Біздің елде сондай зұлматтың құрбандарына ескерткіш те жоқ.
Бір кем дүние.

Аққудың көз жасы

Ақындар тамсана жырлаған Бурабай. Алыстан мұнарланып көрінгенде-ақ жан дүниеңді арбап, жүрегіңді елжіретіп, еріксіз ән айтқысы келетін қайран қасиетті Бурабай.
Бірақ қасиетсіз, қатыгез екі аяқты сұмдар сенің де төріңе шығып алып, асыр салып, ойына келгенін істеп, аққуларыңды атады екен-ау! Бұлғын, бұғыларыңды да оп-оңай аулай береді.
Бұл не деген тасыраңдаған бейбастық?!
Төрт аққуды атып алған айуандар небәрі 1,5 миллион теңге төлеп, құтылып кеткен.
Ондай оңбағандарды айыппұл төлетіп, құтқара салған қорықшылар да оңып тұрмаса керек.
Аққудың киесі атып кетеді. Ақыры азап пен тозақ болады. Бірақ одан аққулар қайта тірілмейді ғой.
Бір кем дүние.

Сүлік сорғыш

«Ақ қайың» атты шипажайда Меліс есімді емші тіземе дөңгелете жеті сүлік салды. Жай жүргенде ештеңе емес, бірақ баспалдақпен көтерілгенде немесе намазға жығылғанда оң аяғымның жаны шығып кете жаздайды.
Содан сол Меліс тіземді жағалата ілмиген, боп-боз жеті сүлікті тізіп қойды. Аш немелер солқылдатып сора бастады. Сәл-пәл ашығаны болмаса, сүйкімді болып, сүйсіндіріп барады.
Енді бір кезде әлгі ілмиген ап-арық сүліктер барбиып, қарақошқылданып, ісіп-кеуіп бара жатты. Енді бір кезде өздерінен өздері домалап-домалап, жерге түсе бастады.
Әбден тойған екен.
«Тойсаң – тоба қыл» деген.
Ал адам-сүліктер ше? Олар түйені түгімен, кемені жүгімен жұтса да тоймайды-ау, тоймайды.
Бір кем дүние.

Қандай патша данышпан?

Шындықты біржақты ғана тыңдаған патша – патша емес. Ақиқаттың дариясынан маржан терген патша данышпан.
Кедейді – бай, азды – көп қылған патша данышпан.
Осы тұрғыдан алғанда бізде қалай?
Таудай сұрақ.
Жауабы қиын.
Бір кем дүние.

Тоқболат пен Зибагүл

Екеуі бір ауылдан еді. Ауыл заңғар таулардың қойнауында болатын.
Тоқболат суретші. Ұдайы таулардың суретін салатын. Ұдайы Зибагүлдің суретін салатын. Сөйтіп жүріп екеуі бір бүтін болғанын байқамай да қалған. Адам ата мен Хауа ана сияқты ғой.
Құдай қосқанды адамдар ажыратты.
Қазақтар арада жеті ата өтпей қыз алыспайды. Тұқым тазалығы үшін өте әділ амал.
Тоқболат пен Зибагүл қыз алыспайтын аталардан екен. Періштедей буыршын мен бүлдіршін ата салтын бұзып қойған.
Сол үшін адамдар оларды тірідей ажыратты. Әйел заты емес пе, Зибагүл бұл күйікті көтере алмай, ерте дүние салды.
Араға жылдар салып Тоқболат суретші де дүниеден өтті.
Тірілер оны Зибагүлдің жанына апарып жерледі.
Тіршілікте екеуін бірге сиғыза алмаған жер өлгенде екеуіне де жетті.
Бір кем дүние.

Борсықша сору

«Дағдарыс» деген кесел шықты. Десе де бағаны көтермейміз, бірқалыпты ұстаймыз деп сендіргісі келеді көсемдер, олигархтар.
Бірақ «дағдарыс» деген кесел оған көне ме? Оның дәрісі бар ма? Дәрі-дәрмек, азық-түлік бағасы күрт көтерілмей, бірте-бірте қымбаттайтын көрінеді.
Бұл кәдімгі борсықтың тәсілі ғой. Түнде жусап жатқан қорадағы қойға борсық үй сияқты көрініп, білдірмей келіп, бір семіз қойдың жанына жата қалып, құйрығын әуелі жалап, үйретіп алып, жайлап сора бастайды екен. Сонда қой жарықтық сүйсініп жататын көрінеді. Сөйте-сөйте шарадай құйрықтан шөмшіктей ғана қалатын көрінеді.
Қазіргі «дағдарыс» деген аурудың емі борсықтың соруындай емес пе?
Жаратқан Құдірет жар болсын.
Бір кем дүние.

Бәйтерек пен балта

Алты қанат үйдің орнындай жерді алып жатқан, айналасына күн түсірмей, көлеңкелеп тұратын Бәйтерекке қыран Бүркіт көп жыл ұя салып, балапан өсіріп, құтты қоныс етіп, бір жолы басқа жаққа кететін болып, Бәйтерекпен қоштасыпты.
Бәйтерек:
– Жолың болсын. Маған айтарың бар ма? – депті дейді.
Бүркіт:
– Айтарым, сені Құдай қарақшымен орманшының балтасы­нан сақтасын! – деген ғой.
Өте иманды тілек.
Сонау бір жылы Ертістің бергі бетіндегі Бесқарағай ауданына бардық. Орманның әулиесі сонда екен. Балқарағайдың отаны.
Әттең, сол қарағайды әдейі қолдан өртеп жіберіп, сау қалған діңдерін кесіп алып, жан-жаққа сатады екен. Ішінде қарақшылары да бар, орман қарауылының өздері де бар – кілең ұрылар.
Ал сол қарағайды көшетінен (тұқымынан) өсіру үшін жүз жыл керек.
Бір кем дүние.

(Жалғасы бар)

ПІКІР