"Шабыт"

Шераға тағылымы

Written by Aray2005

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(2-кітап)

Тағы да Има Сумак туралы

«Бір кем дүниенің» бірінші бөлімінде әлемге әйгілі атақты әнші Има Сумак туралы жазылған.
«Бір кем дүниені» оқыған министр Мұхтар Құл-Мұхаммед телефонға шақырды.
– Мен Има Сумак туралы деректі интернет арқылы таптырдым, – деді министр. – Өткен 2008 жылы Лос-Анджелес қаласында қарттар үйінде қайтыс болыпты. 86 жасында.
Ал 1961 жылы мен оны Алматыда көргенімде әп-әдемі, жап-жас кезі еді.
Кім біледі, тағдыры шығар, жетімдер үйінде қайтыс болған.
Бәрібір ол ешкім қайталай алмас талант еді.
Мүмкін, тірілер оның қадіріне жетпеген шығар, мүмкін, «асау» мінезінен тапқан болар.
Әйтеуір, менде бірақ Құл-Мұхаммед беріп жіберген «алтын дискіге» жазылған таңғажайып әндері қалды.
Тірісінде зор болды, өлерінде қор болды.
Бір кем дүние.

Құныс шал мен сұлу цыган қызы

Француздарда нелер дүлдүл классик жазушылар әсіресе ХІХ ғасырда көп болған.
Бәрінен шоқтығы биік маған Гюго сияқты болып көрінеді. «Собор Парижской богоматери» – шыңы. Сол собордың ең биігінде ерен сұлу цыган қызы мен қоңыраушы құныс шалдың қаңқалары қатар жатыр.
Неткен қасіретті тағдыр.
Әдемілік пен құбыжықтың құшақтасуы.
Тірі кезінде құбыжық шал асқан сұлу Эсмеральданы құшақтамақ тұрмақ, жанына жолай алмас еді. Өліп еді, құбыжық шалмен құшақтасып жатыр.
Арманына, мақсатына жеткені ме?
Біреу өзінің әбден қартайған өгізін сойғалы жатыр. Кенет өгізге тіл бітіп, қожайынға:
– Саған өмір бойы жұмыс істедім ғой, соңғы тілегім: мені сойғаннан кейін, терімді бүлдірмей, анау жайылып жүрген құнажынның үстіне жып-жылы күйінде апарып жаба қойшы,– депті.
Соңғы тілек. Орындалса – қожайын дәулетті болар.
Бұл да бір кем дүние.

Қожанасырдың есегі

Жарықтық Қожекең әулие ғой. Бір күні жолаушылап, көк есегіне мініп алып, жорғалатып келе жатса, есегі түскір кенет қырсығып жүрмей қойыпты. Ары айландырады, бері айландырады – көнбейді. Мелшиіпті де қалыпты.
Сонда Қожекең дорбаға арпа салып, оны бір ұзын таяққа байлап, есектің дәл тұмсығының алдына жетер-жетпес жерге тақап қояды.
Есек дорбаға жетпекші болып, мойнын созып, алдыға қарай ұмтыла береді. Әне жетем, міне жетем деп жүрісін жылдамдатып, мойнын соза түседі. Дәл тұмсығының алдындағы арпаның исі мұрнын қытықтап, енді жетемін-ау деп қос аяқтап жорта жөнеледі – жете алмайды.
Қарап тұрсаң, жан иелерінің бәрі сондай. Рас, адамды есекке теңеу дұрыс емес. Обал, әрине. Алайда өмір бойы алдынан әлденені дәметіп, желбуаз дүние елесіне жетпек болып, мойнын соза-соза баянсыз дүниеден өтіп бара жатқанын білмей қалады. Адамды арам есекке теңеді деп ренжімеңдер.
Бірақ бір кем дүние.

Қатал, бірақ шындық

Уақыты келгенде бастан жақ та айырылады.
Мұны айтқан ер мінезді, ерен қазақ Райымбек Сейтмет.
Өте қатал сөз. Бірақ шындық.
Тіршілікте Райымбек асыл тастай жарқылдады. Мықты артист, талантты режиссер болды.
«Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Домалақ ана» пьесаларымды сахналады. Нәтиже жаман болған жоқ.
Ойда жоқта, асығыс кетіп қалды.
Алла алдынан жарылқасын. Жаны жаннатта болғай.
Өмірі қысқалау болды.
Бір кем дүние.

Кимешек хикаясы

Көрші ауылда той болады екен. Біздің ауылдың бір топ қыз-келіншектері сол тойға бармақшы ғой.
Той болған соң әркім тәуір киімдерін кимей ме екен.
Жалғыз Жармақтың келіншегі жаутаңдап қалып барады. Жөнді киімі жоқ. Кимешегі де жоқ. Сонда жамағайын Салмақбайдың тоқалы Жармақтың үйіндегі абысынына:
– Байғұс-ау, ауылда жалғыз қаласың ба, менің үйдегі ескілеу кимешегімді ала ғой. Қатардан қалма, деп тәңір жарылқағыр жанашырлық танытты.
Сонымен, тойдың қызған кезі. Ойын-күлкі, шат-шадыман, Алланың нұры жауған шақ. Мұндайды сирек көретін Жармақтың келіншегі әсіресе қуанышты. Бақытқа кенелгендей күлкісі тым қатты. Сонда Салмақбайдың тоқалы шыдай алмай:
– Әй, тым қатты күлме. Кимешектің жиегін жыртасың!– деген ғой.
Жармақтың келіншегінің аспандаған қайран көңілі су сепкендей сап басылғаны-ай…
Бір кем дүние.

Ақиқатын айт

Ақиқат – қасиетті сөз.
Бірақ айтылуы қиын. Ақиқатын айтсаң жоғарыға, тіпті жақыныңа да жақпайсың. Жеккөрінішті боласың. Оны бұл тіршілікте басымыздан талай өткердік.
Енді өзгеретін не бар? Жетпістен асып, сексенге жақындағанда ақиқаттан айнитын не жорық?
Әр заманда Ақиқатын айт!
Адамға жақпағанмен, Аллаға жағасың!
Айта алмасаң сол – сорың.
Бір кем дүние.

ПІКІР