Шерағадан қалған қазына мемлекеттік қорғауға алынса…

0 0

Осыдан бірер жыл бұрын Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығына жол түсіп, шыңырауға шындықтың шырағын жағып кеткен заңғар жазушының ақ қағазға өмір сыйлаған қолжазбаларын, жарыққа шықпаған дүниелерін көзбен көріп, қолмен ұстау бақыты бұйырған еді. Сарғайған қойын дәптерлері, қаламы, естеліктері мен пікірлері, публицистикалық ойлары бәрі-бәрі аталған орталықтың қазынасын қалыңдатып тұр. Әдебиеттің мұрасын еселей түскен әйгілі шығармаларының қалай жазылғанына куә болғандай әсерге бөлейді. Олардың ішінде әлі де жарыққа шықпаған дүниелер бар.

Расында Шераға Жуалы мен Әулиеатаның ғана емес, бүкіл қазақ даласының мақтанышы. Алаш баласының болашағы үшін аттан түспеді. Қазақы қоғамның әділдігі жолында қаламын тастамады. Журналистиканы шындықтың шырағына айналдырды. Маңдайдағы пешенеге ардақты ардың ісі – әдебиет тәж болып жарқырап жазылды. Қайраткерлігі асқақ, қаламгерлігі заңғар тұлғаның артында мол мұра қалды. Ендігі міндет сол мұраны мұқият зерделеп, болашаққа байыпты, келешекке лайықты түрде жеткізу, аманаттау. Қуанарлығы осы мақсатта қазір әңгімеміздің басында айтып өткен ТИГУ «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы тікелей айналысып келеді. Оған қоса облыста әдеби және тарихи мұралардың басын біріктіріп отырған «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмысын бастап, оған Шерхан Мұртазаның есімі берілуі де әдебиетсүйер қауымды марқайтып-ақ тастады. Бұл орталықта да қазір қаламгердің шығармашылығы жан-жақты зерттелуде.
– Университет қабырғасында Шерағаның шығармашылығын зерттеу, өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында атқарылған жұмыс та, алдағы мақсат та аз емес. Бұрындары қолымызда жазушының «Сояу» атты еш жерде жарық көрмеген повесі бар болатын. Қазір сол повесті университет баспасынан жарық көрген Шерағаның көптомдығының оныншы кітабына енгіздік. Әзірге публицистикалық дүниелерін, мақалаларын кейінгі томдарға реттестіріп, жанр-жанрға бөлуді қолға алып отырмыз. Бұрындары қалалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген Шерхан оқулары байқауын бірінші рет онлайн форматта республикалық деңгейде ұйымдастырдық. Республиканың әр өңірінен сұраныс өте жоғары болды. Алдағы уақытта карантин аяқталса, Шераға оқуларын дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізуді қолға алсақ деген ниет бар. Сонымен қатар университет базасында «Шерхантану» курсы оқытылуда. Соның арнайы пән оқулығын университет ректоры Ерболат Саурықовпен бірге жазып шықтық. Одан кейін облыс әкімдігіне өңірдегі барлық мектептерде, оқу орындарында осы оқулықты оқу жоспарына енгізу туралы ұсыныс жолдадық. Ұсынысымыз қабылданды. Қала және аудан мектептерінің ұстаздары бізге «Шерхантанудан» сабақ беру мақсатында келіп, 72 сағат арнайы курстан өтті, сертификатын алды. Қазір бірқатар мектептерде курс жүріп жатыр. Енді алдағы уақытта оқулықтың хрестоматиясы әзірленеді. Шерағаның қойын дәптерлерінің басым көпшілігі бізде сақталған. Ондағы қолжазбалар орталықтың басты қазынасы. Алдағы күзде жазушының туған күніне орай республикалық деңгейде ғылыми конференция, Шерхан оқулары сынды шаралар ұйымдастырсақ деп жоспарлағанбыз. Алайда қазір карантин жағдайына орай жоспарды іске асыру қиындау болып тұр. Дегенмен қолжазбаларды жинақтап, жарыққа шығару жұмыстары жалғаса бермек, – дейді ТИГУ «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева.

Шынымен-ақ әлі де Шерағаның жарыққа шықпаған жазбалары өскелең ұрпақ үшін өшпес мұра, сарқылмас қазына, таптырмас тағылым. Оны зерделеумен нақты уақытта тағы Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығында арнайы бөлім айналысуда.
– Бүгінгі таңда Шераға мұраларының ішінде әлі жинаққа енбеген біршама драмалық шығармалары бар екенін анықтадық. Мәселен «Әзиза» атты пьесасы сахналанғанымен, оның мәтіні Шерағаның бір де бір жинағына енбеген. Ал аталмыш шығармасы үшін жазушы-драматург 2002 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Шығармаға Тұрар Рысқұловтың әйелі, яғни саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың жары, оның тағдыры арқау болған. Ағамыздың драмалық шығармаларын жинақтау, оны басып шығару бүгінгі таңда орталықтың басты міндеттерінің бірі болып отыр. Мекеме жаңадан құрылғандықтан, мұнда Шерағаның аз ғана мұрасы жинақталған. Осы құжаттарды жинақтау, жүйелеп, мүмкіндігінше мемлекеттік архивке тапсыру жұмыстарын да жүзеге асыру орталықтың жоспарында бар.Сонымен қатар Шерағаның туған күні қарсаңында әдеби байқау ұйымдастыру да жоспарлануда.Негізінен Шерағаның барлық жазба мұралары жинақталып, мемлекеттік архив қойнауына тапсырылуы керек. Себебі Шераға мұрасы – ұлттық мұра. Ол мемлекеттік деңгейде сақталып, қорғалуы тиіс. Ал біз сияқты орталықтарға электронды көшірмелерімен жұмыс жасау да жеткілікті. Себебі орталықтар ғылыми-зерттеу, жариялау бағыттарындағы жұмыстарды атқарады. Ал мемлекеттік архивтер құнды құжаттарды талапқа сай сақтаушы, қорғаушы мекеме. Осы заңдылық ұмытылмаса деген тілегіміз бар, – дейді аталмыш орталықтың бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова.
Осылайша қазіргі таңда қаранар қаламгердің рухани байлығы жан-жақты зерделену үстінде. Десек те ұлттың маңдайына біткен марғасқа жазушының құнды қолжазбалары мемлекеттік архивтің қорында сақталғаны жөн-ақ. Әйтпегенде ерте ме, кеш пе түпнұсқадан тамыр үзіп қалу қаупі бар екені айтпасақ та түсінікті. Себебі адамның ғұмыры іспетті қағаздың да, жазудың да өз ғұмыры бар.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.