Шетелден инвестор тартпай, тері мен жүн кәдеге аспайды

0 171

Жигули Дайрабаев,
Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы

Жамбыл облыстық «ARAI» газетінің 14 мамыр­дағы жұма күнгі № 34 (825) санында журналист Нұрым Сырғабаевтың «Малдың жүнін бит, терісін ит жеп жатыр» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда газет тілшісі Әулиеата өңіріне ғана емес, елімізге ортақ мәселені көтергендіктен Қазақстан фермерлер қауымдастығы атынан аталған мәселеге орай пікір білдіргенді жөн санадым.

Негізінде қой өсіру саласы елімізде өзінің өнімімен тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етуге қабілеті мол және экспорттық әлеуеті зор ең перспективалы бағыттардың бірі. Десе де қой шаруашылығының даму қарқыны елімізде соңғы жылдары айтарлықтай көрсеткішке ие бола алмай отыр. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, былтыр шаруашылықтардың барлық санаттарында қой саны 17,7 миллион басты құраған. Кезінде уақ мал табыс көзі екенін зерттеген Кеңес үкіметі Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп жоспар қабылдағаны белгілі. Ал 1990 жылы елімізде қой саны 37 миллионға жеткен еді. Осыған қарап-ақ аталған түлік санының өсімі көңіл көншітпейтінін топшылауға болады. Сонымен қатар қойдан алынатын өнім де мақтанарлық жағдайда емес екенін мойындауымыз керек.

Бір кездері малдың өзі де, еті мен терісі, жүні, сүті де түгел кәдеге асырылатын еді. Қазір малдың жүні мен терісі керексіз болып қалды. Қойдың жүні қотанда шіріп, немесе өртеліп, далаға лақтырылып жатыр. Бұл өтірік емес. «Шындық бар жерде шырыл бар» демекші, шаруалардың мұң шағатынындай-ақ бар. Сонда қой жүні біз құрып отырған қоғамға шынымен де қажетсіз болғаны ма? Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жүннен иірілген жіпке деген сұраныс жыл сайын 200 тоннадан асады екен. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдері тарапынан халық сұранысының тоғыз пайызы ғана өтеліп отыр. Демек, біз импортқа басыбайлы тәуелдіміз.
Кеңес одағының 1990 жылдарында жылына 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Оның 60 пайыздан астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12 еліне экспортталып отырған. Ал қазір ше? Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, өткен жылдың қорытындысымен республикада жылына 39,4 мың тонна қой жүні өндіріліп, оның 1,8 мың тоннасы ғана өңделген. Жүннің жалпы көлемінен өңдеу үлесі бар болғаны 5-пайызды құрайды. Республикадағы жүн өңдейтін 10 зауыттың жүктемелігі де 5 пайыздан аспай отыр. Осылайша жүннің бар болғаны 5 пайызы ғана өңделуде. Бүгінде шаруалар үшін қойдың жүні өз маңыздылығын жоғалтқан. Жүннің бағасы елімізде тиын тұрады. Жүн-жұрқа өңдейтін кәсіпорындар өздерінің қажеттілігіне қарай шаруашылықтардан жүннің бір килограмын бар болғаны 30-40 теңгеден сатып алады.
Тіпті қойдың қырқыны шығын. Қойлардың жүні жылына екі реттен қырқылады және шаруалар қырқылған қойдың әр басына орта есеппен 180-200 теңгеден төлейді. Бұл дегеніміз, шаруалар әр қойдан жылына 360 теңге көлемінде таза шығынға батып отыр деген сөз.
Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіптің дамуы өте төмен деңгейде. Себебі үкімет тарапынан бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Соңғы жылдары осы саланы дамытуда басты проблема жергілікті шикізаттың, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігінен болып отыр. Сондықтан елімізде жүнге деген сұранысты арттыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шетелден инвестиция тартып, жүнді барынша терең қайта өңдеуді қолға алу қажет деп есептейміз. Сонда ғана жеңіл өнеркәсіптің дамуына қол жеткіземіз, халықты отандық өніммен қамтуға мүмкіншілік туындап, жүнге сұраныс артып, қой басы қарқынды дамиды. Мәселені шешудің бұдан басқа жолы жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.