"Заң және біз"

Шетелден жұмыс күшін тартудың да өз тәртібі бар

Written by Aray2005

Еліміздің кез келген өңірінде шетелден жұмыс күшін тарту Үкімет белгілеген квотаға сәйкес жүргізіледі. Өйткені сол квотада ел аумағында еңбек ету үшін жұмыс берушіге рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны көрсетілген. Себебі республика аумағында шетелден өз бетінше келіп, маусымдық жұмыстар бойынша еңбек ететін келімсектер мен корпоратившілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін Қазақстан Респубпликасының азаматтығы жоқ адамдар бар. Квотаға шектеу қоюдың мәні сол.

Негізінен, шетелдіктерге ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат беру және жұмыс істеу мерзімін ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің 4 түрлі санаты белгіленген. Атап айтсақ, біріншісі – басшылар және олардың орынбасарлары. Келесісіне құрылымдық бөлімшелердің басшылары, одан кейінгі санатқа мамандар жатқызылса, соңғысы – білікті жұмысшылар.
Рұқсат алу үшін жұмыс берушi немесе уәкiлеттiк берген адам «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы және қағаз түрінде шетелдiк жұмыс күшiнiң еңбек қызметiн жүзеге асыру орны бойынша жергілікті атқарушы органға өтiнiш беруі тиіс. Ол үшін білімі туралы құжаттардың нотариус арқылы куәландырған көшірмелері немесе аудармалары (егер құжат қазақ немесе орыс тілінде толтырылмаған болса), еңбек қызметі мен кадрлардағы жергілікті қамту туралы ақпарат және шетелдік жұмыскердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі керек болады.
Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан шетел азаматтарын жұмысқа тарту бойынша жамбылдық жұмыс берушілерге 774 квота бөлінді. 1 мамырдан бастап жүргізілген есепке сәйкес біздің өңірде 30 жұмыс берушіге берілген рұқсат бойынша 264 шетелдік жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 1-санат бойынша – 8 адам, 2-санатқа сай – 49, 3-санат –
203, 4-санат бойынша – 2 адам, маусымдық жұмысқа
2 адам жалданып жұмыс істеуде. Шетел жұмысшыларының қатарында Қытай, Өзбекстан, Грекия, Франция, Украина, Иран, Үндістан, Италия, Македония, Мысыр, Мальта, Израиль және Түркия азаматтары бар. Ал шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер арқылы нәпақа тауып жүрген қазақстандықтардың саны –
4 520 адамды құрайды. Жыл басынан бері шетелден жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерде 22 жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына сеп болды.
Облыс аумағына шетелдіктер ішкі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тартылды. Олар – сапа жөніндегі инженер, инженер-энергетик, инженер-электроник, жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер, жөндеу және сынақтан өткізу жөніндегі инженер, инженер-жобалаушы, метрология инженері, электржабдықтарын жөндеу және бақылау жөніндегі электромонтер және тағы басқа мамандықтар. Шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін жұмыс берушілер жұмыс күші санатына қарай бюджетке салықтық алымдар төлеп тұрады (экономикалық қызмет түрі мен санатына байланысты 137 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 250 АЕК-ке дейін, яғни 346 000 – 631 000 аралығындағы мөлшерде салық төленеді). Жыл басынан бері жұмыс берушілер арқылы Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін бюджетке алым мөлшерлемелеріне сәйкес барлығы 57,1 миллион теңге салық төленді.

Тимуржан Нұрымбетов,
облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы

ПІКІР