Қоғам

Шетелдік инвесторлар Шуға көптеп келе бастады

Written by Aray2005

Шырайлы Шу өңірі өндірістік әлеуетімен көпке белгілі. Сондықтан да аталмыш елді мекенге бүгінде ағылған инвесторлардың қарасы қалың. Бір ғана «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының мұнда құрылуының өзі өңірдің ертеңінен мол үміт күттіруде. Биыл да Шуда жанданып жатқан инвестициялық жобалар аз емес. Олардың бірқатары аяқталуға жақын болса, екіншілерінің құрылысы енді қарқын алуда.

Шу ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, дәл қазір аталмыш аймақта
12 инвестициялық жоба қолға алынуда екен. Оның алғашқысы – «Windhan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясының жобасы. Сметалық құны 550 миллион АҚШ долларын құрайтын станцияның құрылысы екі кезең бойынша 2018-2019 жылдарға жоспарланып отыр. Бірінші кезеңнің қуаттылығы 109-250 МВт электр өндіруге қауқарлы жобаға қазір Шоқпар ауылдық округінен 167 гектар жер бөлініп, құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылыс қарқын алған кезде мұнда 90 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Екінші жоба – «М-КАТ GREEN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фото-электр станциясының құрылысы. Күн сәулелі станцияның жобалық құны 62 миллион АҚШ долларын құрайды. Бүгінгі күнге жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен техникалық жағдайы дайындалуда. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың шілде-тамыз айларында басталады деп күтіліп отыр. Келер жылы ел игілігіне берілетін нысан Алға ауылдық округі тұрғындарын күн сәулелі электр желісімен қамтитын болады.
Баламалы электр энергиясын өндіретін тағы бір жобаны «SunColutions-Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жандандыруда. Алға ауылдық округіндегі 150 гектар жерден бой көтеретін нысан күн сәулесінен өндірілген жарықты таратпақ. Жалпы, құны 100 миллион АҚШ долларына бағаланып отырған жобаның қазір қуаттылығын өлшеу және қоршаған ортаға әсерін зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Станция толықтай келер жылы ел игілігіне қызмет етеді.
Аудандағы алып жоба­лар­дың бірі – «SBS Group-S» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің цемент өндіретін кәсіпорны. Шоқпар ауылдық округінен құрылысы жос­пар­ланып отырған өндіріс орнына 71 миллиард 200 миллион теңге инвестиция салынып отыр. Қазір құрылысқа қажетті 50 гектар жер телімінің құжаттарын заңдастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық дайындық жұмыстары пысықталғаннан кейін құрылысқа 400-ге жуық азамат тартылып, жобаның бойына жан бітетін болады. Ал, кәсіпорынның өзі жылына 1 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы болмақ.
Бұдан бөлек, құрылысы биыл қолға алынып, келер жылы ауданның әлеуетін арттыратын тағы екі жоба бар. Оның бірі – «Компания
A & T – Энерго» ЖШС-нің күн электр станциясы болса, екіншісі осы серіктестіктің гидро электр станциясы. Қос жобаның да қазір жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құрылысқа қажетті жер телімі Ескі-Шу ауылдық округінен қаралуда. Екі нысанға 230 миллион теңге инвестиция салынатын болады.
Иә, бұл жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құрылысы жоспарланып жатқан нысандар. Бұдан бөлек, құрылысы қарқын алып, аяқталуға жақын кәсіпорындар да жоқ емес. Мәселен, «Standardconstruction» ЖШС-нің айына 15 000 текше метр жабысқақ және сұйық битум өндіретін өндіріс орны ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өнім шығаруды бастайды. 2 миллиард теңгеге Шу қаласынан бой көтеріп жатқан зауыт қазірдің өзінде 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, ирандық инвестор «Комбайн Сази Иран» компаниясымен де келіссөздер жүргізілуде. Жыл басында компания басшысы Али-Асгар Хамид-Фардпен бекітілген екі жақты меморандум негізінде енді Бірлік ауылдық округінен 510 миллион теңгеге комбайн шығаратын зауыт іске қосылатын болады. Жылына 20 комбайн шығаруға қауқарлы кәсіпорынның лентасы үстіміздегі жылдың тамыз айында қиылады.
Ал, «ХОЗУ Агро Систем» ЖШС-мен 3,5 миллиард теңгеге қант және лимон қышқылын өндіретін өндіріс орнын ашу және «Асылжер» ЖШС-мен 80 миллиард теңгеге қант өндірісін қолға алу жұмыстары пысықталуда. Осы орайда, тағы бір айта кетерлігі, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан шина және резина өнімдерін өндіретін зауыт ашу үшін «Qazaq Invest Group» АҚ «Record Сompany» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілу үстінде.
Негізі, шулықтар бұл жобалармен де тоқмейілсіп отырған жоқ. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, олар жуырда қытайлық инвесторлармен де байланыс орнатқан екен.
– Барлығы халықтың қамы, елдің ертеңі үшін жасалып жатқандықтан инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз. Бұған дейін, «Агрогелиоэнергетика» Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС-мен 272 миллиард теңгеге көкөніс тауарларын сақтау қоймасын салу жобасын қолға алсақ, жуырда ауданымызға қытайлық кәсіпкерлермен тәтті шырындар өндіретін өндіріс орнын ашуға келіссөздер жүргіздік. Қазір осы жобаның тиімділігін жан-жақты зерделеудеміз. Егер облыс экономикасына оң өзгеріс әкелетін болса, қытайлықтармен мәмілеге келеміз. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, ауданның өндірістік әлеуеті артса дейміз, – дейді аудан әкімі.
Иә, инвестиция – игергенге игілік. Осы орайда, Шу өңіріне ағылған инвесторлардың қатары жыл санап артып жатқаны қуантады. Бұл аталмыш аймақтың дамудың даңғыл жолына түскенін аңғартса керек.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Шу ауданы

ПІКІР