"Заң және біз"

Шетелдік номер таққандар шалқасынан түсіп жүр

Written by Aray2005

немесе шектен шыққан «шабандоздарды» кім жөнге салады?

Бүгінде өңірімізде шетелдік номер таққан көліктердің қарасы көбейгені жасырын емес. Әсіресе Қырғызстан, Ресей, Армения, Грузия, Белоруссия және Өзбекстан мемлекеттерінен ағылған автокөліктердің саны азаймай тұр. Және бұл көліктер шет мемлекеттердің туы таңбаланған номерлерімен емін-еркін жүйткуде. Сонда оларға шектеу қоятын бізде заңның болмағаны ма? Егер шет мемлекеттің номерін иемденген көліктер жол ережесін бұзса немесе жол апатын жасаса кімнің алдында жауап береді? Міне, осы мәселеге майшаммен үңіліп, ақиқатына жетуге тырысып көрдік.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының емтихан алу-тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, дәл қазір оларға заңмен нақты қойылған шектеу жоқ екен. Және олардың өңірге кіріп-шығуын, сондай-ақ облыс аумағында қатынауын қадағалау бірде-бір мекеменің құзырына кірмейтін көрінеді.
– Біздің мекеменің негізгі жұмысы көліктерді тіркеуге алу. Былтыр біз шетелден аймаққа әкелінген 468 көлікті тіркедік. Бірақ бұл көліктер транзиттік номермен келгендер. Және дені мемлекеттік қызметке алынған автокөліктер. Ал шетелдік номер таққан темір тұлпарларға келетін болсақ, олардың облыс орталығында қаптап жүргенін күнделікті көзіміз көріп жүр. Бірақ біз оларды тексеріп, қандай да бір шара қолдана алмаймыз. Және оларға техникалық бақылаудан өткенін растайтын құжат та берілмейді. Ал ондай көлікті жүргізуге заңмен тыйым етілген. Алайда шетелдік номер таққан көліктер облыс орталығында қандай рұқсат құжатымен жүргені бізге түсініксіз. Рас, егер автокөлік Ресейден шығып, біздің өңір арқылы Қытай мемлекетіне кетіп бара жатқан болса, халықаралық деңгейде рұқсат алатын құжат беріледі. Оның өзінде көлікте отырған адам сол елдің азаматы болса. Басқа жағдайда олардың да көлік басқаруға құқығы жоқ. Бірақ мойындайтын бір нәрсе, шетелдік номерлермен ел тұрғындары да қала ішінде жүйткіп жүр, – дейді әкімшілік полиция басқармасының емтихан алу-тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Еркен Халматов.
Иә, көліктерді тіркеуге жауапты маманнан білгеніміз, шетелдік номер таққан автокөліктерге облыс көлемінде жүруге рұқсат жоқ екен. Ал Жамбыл жері арқылы басқа мемлекетке кетіп бара жатқан шетелдік көліктердің өзін сол елдің азаматы басқаруы тиіс. Оның өзі рұқсат қағазы болса. Алайда Еркен Халматов шетелдік номер таққан темір тұлпарларды облыс орталығында қандастарымыздың тізгіндеп жүргенін жасырмауда. Бірақ оларды ешкім тәртіпке шақыра алмайтын көрінеді.
Әрине, құзырлы маманның «сырын айтамын деп, шынын айтып» қойған жауабын дәйексіз дей алмаймыз. Себебі бір ғана «Ауыл береке» базарына жақын орналасқан көпқабатты үйлердің ауласына бас сұға қалсаңыз, қырғыздың номері тағылған көліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Ал аталмыш базарға барсаңыз өзге мемлекеттің туы таңбаланған темір тұлпарларды көріп, бейне бір Қазақстанда емес, Қырғызстанда жүргендей әсерде қаласыз. Осындай көріністі Тараз қаласының өзге аумақтары мен көлік тұрақтарынан да байқауға болады. Сонда аталмыш автокөліктердің жүргізушілері қандай заңға сүйенуде? Және жоғарыда айтқанымыздай егер олар жол ережесін бұзса, кімнің алдында жауап береді? Өкінішке қарай, облыстық полиция департаментіне қарасты мекемелерден бұл мәселеге қатысты нақты жауап ала алмадық. Әйтеуір, барлығы бұны бақылау біздің құзыретімізге жатпайды деп ат тонын ала қашты. Сонда шын мәнінде өзге мемлекеттің номерін таққан автокөліктерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» болмағаны ма? Осы орайда шетелдік номермен қала ішінде қатынап қана қоймай, такси қызметін ұсынып жүрген бірқатар жүргізушілерге тұтынушы ретінде жүгініп, әңгімеге тартып көрдік. Өзінің есімін Жарас деп таныстырған «Toyota» маркалы автокөліктің иесі талай шындықтын бетін ашты.
– Осы көлікті алғаныма бір айға жуықтады. Қырғызстаннан 1 миллион 200 мың теңгеге сатып алдым. Одан кейін көліктің техникалық бақылауын Қырғызстан жерінде өткізіп, ал автокөліктің өзін сондағы бір туысымның атына тіркетіп қойдым. Сақтандыру құжатына өз атымды қоса жаздырып, Тараз қаласында емін-еркін айдап жүрмін. Негізі жол ережесін бұзып, бейнебақылау камерасына түсіп қалсаңыз, көлік иесіне айыппұл түбіртегі келмейді. Бұл такси жүргізушілері үшін өте тиімді нәрсе, – дейді ол.
Жарастан осындай сөз естігенде жаға ұстадық. Сонда шын мәнінде оларға ешқандай заңның болмағаны ма? Біз шаһарды шарлап шыққан бір-екі сағатымызда қырғыз номерін таққан қандай жүргізушіге жолықсақ та жоғарыдағыдай жауап естідік. Яғни, көлікті сол мемлекеттегі туыстарының атына тіркетіп, қолдарына сақтандыру құжаттарын алып алған. Жарайды, көрші елдің көліктеріне қатысты жағдайды түсіндік дейік, алайда өңірде Ресей, Армения, Грузия сынды мемлекеттердің де номерін тағып алған жүргізушілер аз емес секілді. Олар да сонда жылжымалы мүлікті сол елдегі ағайындарына тіркетіп, көлікті техникалық бақылаудан өткізу үшін Ресей, Армения, Грузияға жылда барып келіп жүр ме? Бұл қаржылық тұрғыдан келгенде тиімсіз емес пе?
Бұл сауалмен көлік құралдары мен жол ережелеріне жауапты деген мекемелерге қанша қайырылғанымызбен, мардымды жауап ала алмадық.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінен алған ресми мәліметке сүйенсек, былтыр шетелдік тіркеме номерлі көлік құралын басқарған жүргізушілермен 9 381 әкімшілік құқықбұзушылық орын алыпты. Сондай-ақ 21 тұлға жол-көлік оқиғаларын жасаған. Оның басым бөлігі Қырғызстан мемлекетінің номерін таққан көліктер болса, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия республикасының да тіркеме номерлерімен тіркеуге алынғандары бар. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айының өзінде Ресей, Белоруссия және Қырғызстан номерін таққан темір тұлпарлармен үш жол апаты орын алып отыр. Бұл дабыл қағып, алаңдайтын мәселе.

Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда аталмыш көліктердің өңірге кіріп-шығуы және қала ішінде қатынауы ешкімнің қарауында болмағаны еріксіз бас шайқатады. Бәлкім, мұндай құзыретті нақты бір мекеменің жауапкершілігіне жүктейтін заң жобасын жасау керек шығар. Әйтпесе күні ертең бұның арты жақсылыққа апармайтыны анық.
Ал сіз қалай ойлайсыз, көзіқарақты оқырман қауым?

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР