Диагноз

Шетелдіктер трансплантация жасату үшін Таразға келеді

Written by Aray2005

Бүгінде Жамбыл медицинасы қарқынды дамуда. Оған дәлел, өңірде түрлі қиын оталармен қатар, жүрек, бүйрек трансплантациясына дейін жасалуда. Соның нәтижесінде, соңғы кездері аймаққа ем іздеп келетіндердің қатары артқан.

Мәселен, облыстан кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталық ашылғалы бері, ем іздеген талай жанның дертіне шипа беріп келеді. 2013 жылдан бері аймақ тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсететін орталық өзге өңірлерден келген науқастарға да тегін емді госпиталдау бюросының порталы арқылы жасауда. Бүгінде консультативтік-емдік көмек алу үшін азаматтар еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да ағылып, осы орталықтың қызметіне жүгінуде. Сондай-ақ, аталған орталықта мамыр айында алғаш рет бүйрекке трансплантация жасалған болатын. Донор ағзаға зәру жамбылдық азаматқа ағасы бір бүйрегін беріп, алғашқы отаны Қазақстан Республикасының ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев жасаған еді. Содан бері жақын шет мемлекеттердің азаматтары трансплантация жасату үшін профессор Сейтхан Жошыбаевтың клиникасына көптеп келе бастады. Мәселен, Қырғызстан және Грузия мемлекеттерінің азаматтары ота жасату үшін Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығын таңдаған. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені, медицина ғылымдарының докторы, академик Сейтхан Жошыбаев басқаратын клиника еліміздің оңтүстік аймағындағы жетекші орталық саналады. Әрі мұнда докторантураны шетелде оқыған білікті мамандар жұмыс істеуде. Жоғары медициналық көмек көрсететін емдеу мекемесі тәжірибелі трансплантолог-дәрігердің өзін Астанадан шақыртқан.
– Тараздағы Жақсылық Досқалиев жасаған алғашқы ағза алмастыру отасына қатыстым. Өзім осының алдында ғана Астанадағы ұлттық ғылыми онкология-трансплантологиялық орталығынан ауысып келгенмін. Трансплантациялық оталарды жасай бастағаныма 7 жылдан асты. Негізі, профессор Жошыбаев басқаратын орталықта ағза алмастыру оталары бойынша шетелде біліктілігін жетілдірген мамандар бар. Бірақ, олар әлі де тәжірибе жинауы керек. Мамыр айында жасалынған алғашқы операциядан кейін біз айына 3-4 бүйрек алмастыру оталарын өзіміз жасадық. Оның біреуі ғана ел азаматы, қалғаны жақын шетелдерден келген. Міне, күні кеше тоғызыншы отаны жасадық. Қырғыз елінің 62 жастағы азаматына 35 жастағы немере інісі бүйрегін беруде, – дейді трансплантолог-дәрігер, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы директорының орынбасары Ғани Мұратұлы.
Қырғыз азаматының гемодиализде жатқанына айдан асыпты. Ақыры ота жасату үшін Таразға келген. Оған алыс туысы бір бүйрегін беруге келісіпті. Грузиядан келген науқастың да жағдайы осыған ұқсас. Туыстары оның өмірін сақтап қалу үшін трансплантация жасауға келісім беріп отырған көрінеді.
Трансплантолог елімізде донор бүйрекке мұқтаж жандардың көптігін айтады. Ал, ағзалар қазір тірі донордан ғана алынуда. Бір ғана Жамбыл өңірінің өзінде трансплантация жасату үшін айлап аурухана төсегіне таңылып, донор күтіп жатқан адамдардың саны 250-ге жуық екен. Жалпы, елімізде мұндай науқастардың саны 3,5 мыңнан асатын көрінеді. Оның ішінде жасанды бүйректің қызметіне сүйеніп, күн кешіп жүргендері де аз емес.
Міне, осылайша Жамбыл медицинасы жаңа дәуірге қарышты қадам жасап, Тараз топырағынан шетелдік азаматтар дертіне дауа табуда.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР