Шикізат тапшылығы өндірістің адымын аштырмай тұр

0 11

Әулиеата өңірінің экономикасы тұрақты дамуы үшін облыстағы өндіріс ошақтарының тұрақты әрі толық күшінде жұмыс істеуі аса маңызды. Өкінішке қарай, әлемдегі пандемияға байланысты бірқатар кәсіпорындардағы тіршілік тұралап қалғаны белгілі. Біріне адами фактор әсер етсе, енді біріне шекараның жабылуы салдарынан шетелмен орнатылған байланыстың үзілуі себеп болды. Нақтысын айтқанда, зауыт-фабрикаларды алыс-берістің азаюы мен өзге мемлекеттерден шикізат экспортының тоқтауы тығырыққа тіреді.
Мұндай жағдайды басынан өткізіп отырған өнеркәсіп орындарының бірі – «Амангелді газ өңдеу зауыты». Шикізат тапшылығынан толық қуатында жұмыс істей алмай отырған зауыт басшылығын кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдады. Жиында өндіріс орнында туындап отырған мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.
– Зауыттың жұмысымен Жамбыл ауданына барғанымда танысқанмын. Аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі болып саналатын өндіріс ошағының қалыпты жағдайда жұмыс істеуіне біз де мүдделіміз. Сол себепті қазіргі уақыттағы қиын жағдайдан шығуына барынша қолдау көрсетуіміз қажет, – деген аймақ басшысы «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нариман Ипмагамбетовтен зауыттың бүгінгі күндегі ахуалын, болашаққа жоспарларын және билік тарапынан қандай қолдау қажет екенін сұрады.
Өз кезегінде серіктестік басшысы кәсіпорынның былтырдан бері шикізат тапшылығын сезініп отырғанын, нәтижесінде жұмыс қарқыны да едәуір бәсеңдеп қалғанын жеткізді.
– Қазіргі уақытта өндіріс орнында 359 қызметкер жұмыс істейді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 100 шақты адамға кем. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқан себептерге байланысты жұмысшылар санын қысқартуға тура келді.
Қазіргі уақытта бізде зауытты жаңғыртудан өткізудің нақты жоспары дайын тұр. Кәсіпорынды модернизацияласақ, экологияға зияны аз жанармай шығаруды қолға алмақпыз. Дегенмен бұл ойымызды жүзеге асыру үшін әуелі қаражат қажет. Ал қаржы түсуі үшін өндіріс көлемін ұлғайту керек. Дәл осы тұста шикізат жетіспеушілігі мәселесіне қайта тіреліп отырмыз. Ең негізгі қиындық осы болып тұр.
Жалпы зауыттың қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін мұнай өңдеуге жетеді. Ал айына орта есеппен 20-25 мың тонна өнім өндіре алады. Орын алған жағдайға байланысты бүгінде бұл көрсеткіш 3-4 мың тоннаға дейін түсіп кетті. Бұған себеп – өзіміз байланыс орнатқан мұнай өндірушілердің өнім көлемінің аз болуы. Шетелдік компаниялармен де біржақты шешімге келу қиынға соғып отыр.

Егер шикізат жеткізушілермен тым болмағанда 1 жылға келісім жасасақ, жұмыс қарқынының артуына байланысты аймаққа да пайдамыз мол болар еді. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік тумақ. Бердібек Машбекұлы, осыған орай аталмыш мәселенің шешімін табуына септігіңізді тигізсеңіз деген тілегімізді айта келдік, – деген Нариман Сержанұлы зауытқа шикі мұнай жеткізушілер табылса, олардың өнімін ішкі нарықтық, тіпті қажет болған жағдайда экспорттық бағамен де сатып алуға даяр екендерін айтты.
Келесі кезекте аймақ басшысы Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтан аудан басшылығы мен «Амангелді ГӨЗ» компаниясының арасындағы әріптестік байланыстың қалай өрбіп жатқанын сұрады. Бұл сауалға Сәкен Қаланұлы кәсіпорынның аудан өміріне белсенді араласатынын айтып, аудан тұрғындарына барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Соның бірі ретінде карантин кезінде ауруханаларға қажетті құрылғылар алуға көмектескенін мысал етті. Сондай-ақ, экологияға зиян келтіру тұрғысында туындаған азын-аулақ мәселелердің шешімін тапқанын тілге тиек етіп, зауыттың толық қуатына көшуі екі тарапқа да пайдалы болатынын атап өтті.
Басқосу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев серіктестік басшылығының өндіріс орнын жаңғырту жобасы жайлы да сауал тастады. Нариман Ипмаганбетовтің айтуынша, серіктестік акционерлері бұл мақсатқа қомақты қаражат салуға ниетті екен. Қосымша құрылыс үшін 25 гектар жер дайындалып, инфрақұрылымы да тартылған. Бұл өз кезегінде жылдық өнім көлемін 500 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Алайда олар да зауыт кемінде 50 пайыздық қуатында жұмыс істеуге көшпейінше, шикізат жеткізушілермен келісім жасалмайынша мұндай тәуекелге бара алмайтын көрінеді.
Жиын соңында аймақ басшысы қазақстандық жер пайдаланушылар мен өзге де шетелдік шикізат өндірушілермен байланысып, зауыттың адымын аштырмай отырған мәселенің шешілуіне атсалысатынын айтты. Сонымен қатар серіктестік басшылығына жұмысшылар жалақысының кешігуі мен жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеуді тапсырды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.