Қоғам

Шомылу маусымы шырқымызды бұзбасын

Written by Aray2005

Жайдары жаз келісімен облыста шомылу кезеңі басталды. Биыл ауа райы құбылмалы болғанымен, қазір өзендер мен көлдерге ағылған жұртшылықтың қарасы қалың. Осы орайда, шомылу кезеңінде сақтық шараларын ұмытпаған жөн.

Қазіргі таңда облыс аумағында 200-ге жуық су айдыны болса, оның ішіндегі ең ірілері Талас, Шу, Аса, Ақкөл, Билікөл, Балқаш, Теріс-Ащыбұлақ және Тасөткел өзен, көлдері мен су қоймалары болып табылады. Міне, осы су айдындарына шомылу маусымында сақтық шаралары күшейтілгенімен, былтыр 33 адам суға кетіп, балалар өлімі 19-дан 21-ге артқан. Қаза тапқан балалардың 8-і 1-5 жас аралығындағы балғындар болса, 13-і мектеп жасындағы оқушылар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін биыл «Жедел-құтқару жасағы» 3 су айдынына арнайы кезекшілік қойыпты. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Зербұлақ», Қаратау қаласындағы «Жартас» көлі мен Жаңатас қаласындағы «Қалалық жағажай» шомылу орнында аталмыш жасақтың мамандары қызмет етуде. Одан бөлек, департамент қызметкерлері қала сыртындағы 10 сауықтыру лагерін де жіті бақылауларына алып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, биыл жедел-құтқару жасағына еріктілер де көмекке келеді.
– Шомылу маусымы кезінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, еріктілерді арнайы курстан өткізудеміз. Бұл бағдарламаға денсаулығы жақсы, физикалық тұрғыдан шыныққан және суда еркін малти алатын адамдарды таңдап алып жатырмыз. Оларға мамандарымыз суда құтқару қондырғыларының тілін үйретіп қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын да тәптіштеп түсіндіруде. Оқу курсын аяқтаған азаматтарды теориядан бөлек, практикада да сынап көреміз. Содан кейін барып қана су айдындарына кезекшілікке қоямыз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Жедел-құтқару жасағының» бас құтқарушысы Камила Биназарова.
Бұдан бөлек, мамандар үстіміздегі жылы Тараз қаласындағы мектептерде «Жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында дәрістер оқып, «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе бейнеролик, буклет және жадынамалар таратқан. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының ата-аналарымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нұсқаулықтар берілген.
Иә, бұл сөз жоқ, құп көретін бастамалар. Оған қоса, биыл Тараз қаласындағы мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстары жіті жүргізіліп, шомылу орындарына құтқарушылардың көптеп жұмылдырылуы жөн іс. Себебі, өзен, көлдерден бөлек, Тараз қаласы аумағында бүгінде 50-ден астам мерзімдік бассейндер жұмыс жасауда. Ал, олардың көбінде құтқарушылар атымен жоқ. Естеріңізде болса, алдыңғы жылы №2 ықшамауданында орналасқан «Аква Лайф» бассейнінде мектеп оқушысы сынып жетекшісінің көз алдында суға батып кеткен болатын. Кейін белгілі болғандай, жасанды су айдынында тұншыққан балаға алғашқы медициналық көмек көрсететін бірде-бір маман табылмаған. Осы оқиға тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызған-ды. Сондықтан биыл арнайы курстан өткен құтқарушыларды өзен-көлдерге ғана емес, жекеменшік бассейндерге де келіссөздер арқылы жұмылдырса артықтық етпес еді. Одан бөлек, қазір Жамбыл ауданында 1, Байзақта 4, Қордайда 3, Т.Рысқұловта 3, Меркіде 5, Мойынқұмда 1 және Шу ауданында 2 бассейн тіркеліп тұр. Міне, осы демалыс орындарына да қадаға қажет-ақ.
Ал, өткен аптада облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Жедел-құтқару жасағы», жергілікті билік өкілдері мен жергілікті полиция қызметі мамандарының қатысуымен «Зербұлақ» көліне рейд ұйымдастырып, шомылуға келгендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, сала мамандары көлге келушілерге суға түсу ережелері жазылған парақшалар таратып, тұншыққан адамға алғашқы көмек көрсету жолдарын айтты.
Шомылу маусымы басталған алғашқы күндердің өзінде «Зербұлақ» бекетінің құтқарушылары 1999 және 2000 жылы туылған екі жасөспірімді судан құтқарған. Осылайша ажал аузынан аман қалған балалардың ата-аналарына да түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бұл күні сондай-ақ, түсіндіру тобы «Аква Лайф» және «Меруерт» бассейндерінде де болып, шомылу маусымына дайындықтарын зерделеді.

«Ажал айтып келмейді». Сондықтан шомылу маусымына немқұрайды қараудың соңы бармақ тістетуі мүмкін. Мәселен, суға түсу маусымы басталған алғашқы күндері Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы жасанды су айдынында 37 жасар азамат суға батып кетсе, өткен аптада екі жасөспірім Шу ауданында суға тұншығып, қаза болды. Бұл, әрине, алаңдайтын көрсеткіш. Сол себепті, сақтық шараларын әлі де болса күшейтіп, тұрғындарға суға түсерде абай болыңыздар демекпіз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР