Шомылудың соңы «шытырман» оқиғамен аяқталмасын десек…

0 4

Жаз мезгілінің бір қызығы – шомылу. Әрі қазіргідей апшыны қуырған аптап ыстықта бала түгіл, үлкен кісілердің өзі салқын суға бір сүңгіп алуды аңсап тұрады. Ал шомылу маусымы қазіргідей қызған шақта қала ішіндегі, елді мекендердегі бассейн қожайындарының да асығы алшысынан түсіп тұр. Келуші көп, соған сай табыс толайым.

Алайда байқамасаңыз, бассейннен де қауіп көп. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан жыл сайын түрлі оқыс оқиғалар орын алып жататыны осы сөзіміздің айғағы. Бір ғана өзіміз куә болған жағдайды айта кетейік. Демалыс күні Тараздағы мақтаулы бассейндердің біріне бардық. Біз кіргенде адам қарасы қалың емес еді. Біршама уақыттан соң келушілердің қатары көбейе бастады. Тіпті әр демалушыға ережені ескертіп, өзімен бірге тамақ, сусындар алып келмегенін жеке тексеріп кіргізіп тұрған қызметкерлердің өзі үлгере алмай қалды. Тек ақшасын алуға әзер үлгеріп тұр. Тіпті ертерек келіп, ащы суға масайып та қалған кейбір демалушылар әркімге бір соқтығып, би алаңына бір жүгіріп, басқаларды суға итеріп, әбден есінен адасты. Бассейн қызметкерлері ескертуден түк шықпаған соң шығарып жібергенімен, оңайлықпен кете қоймай, сол маңайды төңіректеп жүріп алды. Сондағы қызметкерлердің бірін сөзге тартып едік:
– Әрбір демалушыға есіктен кіргеннен-ақ барлық ережелерді ескертіп, түсіндіреміз. Ішімдік тұрмақ, сырттан тамақ пен сусын да кіргізбейміз. Тек туған күн иелеріне ғана торт пен жеміс-жидек алып келуге рұқсат етіледі. Мұнда алкогольді ішімдік те сатылмайды. Әйткенмен әлгі азамат айласын тауып ішкен болып тұр ғой. Басқа келушілерді мазаламау үшін және қауіпсіздікті сақтау мақсатында масайған кісіні шығарып жібердік. Біз де өз жауапкершілігімізді жақсы білеміз, – дейді өзін Ернар деп таныстырған жігіт.
Өзге де бассейн қызметкерлерін сөзге тартып көргенімізде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатынын әрі шомылу маусымы басталғалы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы келіп, сақтық шараларын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұратынын жеткізді. Ал аталған департамент мамандарының айтуынша, жыл басынан бері облысымызда 3 адам суға кетіп қаза болса, оның біреуі бала екен. Бұдан басқа 3 адам құтқарушылардың көмегінің арқасында аман қалған.
– Ағымдағы жылдың 25 мамырында Талас ауданының Қаратау қаласында орналасқан Жартас көлінің шомылуға рұқсат етілмеген жерінде суға түскен 6-сынып оқушысы қаза болды.
Статистикаға оралсақ, былтыр су айдындарында 16 оқиға тіркеліп, 18 адам (9-ы кәмелет жасына толмаған) қайтыс болды. Суға кету фактілері, негізінен ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, тыйым салынған орындарда шомылуы, балық аулау кезінде және мас күйде суға түсуі салдарынан болады.
Облыста жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау және бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия жұмыс істеуде.
Жазғы шомылу маусымында облыстың су айдындарында тілсіз жаудан келетін қайғылы оқиғаларға қатысты, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шаралар жоспары әзірленіп, өкілетті мекеме басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, оқу жылының соңына дейін барлық білім беру орталықтарында облыс аумағында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ өткізілді.
Сонымен қатар «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында білім беретін мектептерде қашықтан ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар өтті. Жиналыс барысында ата-аналарға балалардың суға кету себептері мен балалардың өмірі үшін жауапкершілік тәртібі түсіндірілді. Облысымыздағы 435 оқу орнында аталған тақырыпта ақпараттық стенд (флаер) орнатылды. Бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша ағымдағы жылдың 24 сәуірінен 24 мамырына дейін барлық білім мекемелерінде онлайн режимде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында облыстық акция өткізілді. Акция аясында білім беру мекемелері онлайн форматта «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті. Тәрбие сағаттарында слайдтар, бейнероликтер, сонымен қатар «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы білім басқармасы тарапынан дайындалған
4 бейнеролик таратылуда.
Облыс аумағы бойынша су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және басқа да тақырыпта 200-ден астам ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стендтер орнатылды.
Облыс аумағындағы су қоймасы мен өзен бойында соңғы 5 жыл аралығында суға бату қайғылы оқиғалары туралы қосымша ақпараттар ілінуде.
Өңірдің барлық су айдындарында түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде меншік иелеріне және әкімдіктерге су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша ұсынымдар берілді.
Шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе, еріктілердің қатысуымен көпшілік жаппай демалатын және шомылуға рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 1 293 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік шараларын сақтау тақырыбына 5 мыңнан астам жадынама, жалпы 20 623 үгіт-насихат материалдары таратылды. Жазғы шомылу кезеңінде облыстың су қоймаларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары жалғастырылуда, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Руслан Шариев.
Руслан Исмагилұлының айтуынша, рейдтер барысында Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша 163 (2020 ж. – 77), 364-бабы бойынша 46 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіштер өткен жылға қарағанда 2 есе көп.

Құзырлы органдардың мұндай іс-шараларды жүргізіп, қауіпсіздік ережелерін ескертіп, рұқсат етілмеген орындарда шомылып жүргендерді үйіне қайтарғандағы мақсаты – адам өмірін қауіптен арашалау екенін ескерсек екен. Шомылуға рұқсат етілмеген орын – яғни ол адам өміріне аса қауіпті жер болғаны. Біз осы төтенше жағдайлар департаментінің бір рейдіне қатысқанымызда рұқсат етілмеген орында отбасымен шомылып жүргендерді көптеп кездестірдік. Оларға сол жердің неліктен қауіпті екені түсіндірілсе де ешбірі қайтуға асықпады. Ақыры полиция қызметкерлерін шақырып, демалушыларды қауіпті аймақтан алыстатты. Осындайда әркім өз өміріне алдымен өзі жауапты екенін ескермейтініне қынжыласың. «Сақтансаң – сақтармын» деген.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.