Сараптама

Шөп жоқ емес, бар

Алайда бағасы байлауға көнбей тұр

«Қыстың қамын жаз ойла» дейді халық даналығы. Әсіресе, жаздың бір күнін жылға азық санайтын ауыл тұрғындары үшін олардың әр күні күйбең тіршілікке толы. Соның ішінде шөп шабу аса жауапты науқан. Бүгінде төменгі Таластағы қырдың етегінде мал бағып отырған шаруалар биыл шөптің шығымы аз болғанын айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Талас аудандағы Қызыләуіт ауылдық округінің тұрғындары жылда осы уақытта өзге ауылдардан тапсырыспен шөп алдырып қоятынын, биыл жан-жаққа сұрау салғанда, ол жақтағы шаруалардың өздері шөптен таршылық көріп отырғанын айтады . Оның үстіне нарықтағы баға да тым қымбат көрінеді.

– Бала күніміздегідей арықтардың жағалауы мен егіс алқаптарының, саздың шөбін немесе даланың жантағын қол шалғымен орып, мал азығын дайындайтын үрдіс қазір қалған. Ауылдың жер жағдайы тастақ болғандықтан, техниканың күшімен кез келген жерден шөп орып алу мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындарға дайын шөп сатып алған қолайлы. Мен де жылда қорамдағы азын-аулақ малым үшін Жамбыл ауданы, Аса ауылынан 300 түк жоңышқа, 400 түк пішен сатып алатынмын. Бірақ, биыл жоспар біз ойлағандай болмай отыр. Өйткені, асалықтар жоңышқаның бірінші орымын сатып үлгерген. Сұрау салғанымызда, жоңышқаның екінші орымы тым қымбатқа түсейін деп отырғанын, яғни, орылмаған егістіктегі бір түк жоңышқа 600 теңгеге бағаланып отырғанын білдік. Былтыр жәй шөптің бір түгін 200-220 теңгеден алсақ, биыл баға 350 теңгеге көтеріліпті, оның өзі таптырмай жатыр. Ондағы жергілікті тұрғындар әлі орылмаған егістік алқабындағы сабанның өзін 150 теңгеден сатпақ ниетте көрінеді. Қазір сол ауылдағы ағайындар арқылы жоңышқаның екінші орымына келіссөз жүргізіп жатырмыз. Себебі, Түркістан облысын биыл қуаңшылық жайлап, шөпті солар тасып әкетуде екен. Бағаның көтерілуіне осы жайт себеп болып тұрған сыңайлы, – дейді ауыл тұрғыны Темірбек Баяқов.

Бұл ауылда мал өсірумен айналысатын іргелі шаруашылықтың бірі – «Еламан» шаруа қожалығы. Шаруашылық төрағасы Ербол Әділов иелігінде 2 мың уақ мал, 100-ге жуық сиыр, 150-дей жылқы бар екенін, қысқы мал азығын қазірден дайындап жатқанын айтты.

– Жалпы, мал азығы үшін биыл тек шөптің өзінен 13 мың түк жинамақшымын. Соның ішінде 5-6 мың түгі жоңышқа. Әзірге Жамбыл ауданынан 5 мың түк жоңышқа сатып алдым. Қалғаны кейінгі күннің еншісінде. Пішен шөпті жылдағыдай ауыл маңындағы шаруалардан алмақшымын. Негізінен, шөп сапасына және құнарына қарай бағаланады. Менің алғаным, құрамына өзге шөп қосылмаған таза жоңышқа. Жеткізіп беру бағасымен 500 теңгеден айналды. Былтыр осындай сападағы жоңышқа 400-ден, жәй шөп 200-250-ден саудаланған. Жалпы, қолында малы бар кез келген адам мұндай науқанға ерте қамдануы керек, – дейді Ербол Әпсәтұлы.

Біз ауылдық округ әкімі Бажан Бекетаевпен тілдескенімізде, ол жалпы ауылда жоңышқаның бірінші орымы аяқталғанын, шөптің шығымы жаман емес екенін айтып, түсімнің жылдағыдай орындалатынына сендірді.

– Мұнда бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 62 шаруа қожалық бар. Олардың кейбірі өзінің суармалы немесе шабындық жеріндегі шөбін мал азығы ретінде орып алса, қалғаны шөпті сырттан тасиды. Ауыл тұрғындары да солай. Бұл жылдағы көрініс. «Шөп тапшы» деген негізсіз. Бірақ, шөптің бағасы қымбаттағаны рас, – дейді ол.
Талас ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайға да қоңырау шалып, елді мекенде орын алған жағдайды білдік.

– Бүгінде таудың жотасы түгел орылып бітті. Еңістегі шабындықтарға орақ енді түсуде. Жоспар бойынша осы жылы 123 мың 600 тонна шөп жинауымыз керек. Жоспардың орындалатынына сенімдімін. Өйткені, былтыр Талас өзенінің бойында орналасқан ауылдардың шабындығын ала жаздай су басып жатқанда да жоспарды орындағанбыз. Шөп биыл бітік шықты. Оңтүстікті қуаңшылық жайлады екен деп шөп жоқ деп даурығуға еш негіз жоқ, – дейді Ауданбек Тәжібекұлы.

Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Еркебай Рысалиевке де хабарластық. Ол берген мәліметке сүйенсек, биыл ауданда 134300 тонна шөп дайындау жоспарланыпты. Бүгінде 21174 гектар көпжылдық шөптің 19 мың гектарға жуығы орылған. Әр гектарға шаққанда орташа түсім 44,2 центнерден айналып, 93 мың 622 тонна шөп дайындалған.

– Бүгінде екінші орым басталды. Жалпы, жоспар 69,7 пайызға орындалып отыр. Әлі алда екінші, үшінші орым бойынша шөп шабу науқанымыз бар. Жекеменшіктің иелігіндегі шөпке алымсақтың дені Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы мен өзіміздің Талас, Сарысу аудандарынан көптеп келуде. Осыған байланысты біз барлық ауылдық округ әкімшілігіне малдың қысқы жем-шөбін дер кезінде жинап алуы қажет екенін осыдан бір ай бұрын ескертіп, хат жолдағанбыз. Жалпы, шаруашылықтар шөбін қайда, қаншаға сататынын өзі біледі. Қысқа сақтап қойып, бір түк жоңышқаны 1 500 теңгеден өткерсе де қой дей алмаймыз. Өйткені, бұл нарық заңы. Жалпы, Аса ауылындағы нарықтық баға бойынша, пішен 350, жоңышқа 400 теңгеден саудалануда. Екінші, үшінші орымда баға тағы да қымбаттауы мүмкін, – дейді Е.Рысалиев.
Ал, Талас ауданындағы К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Берік Қасымов болса, биыл шөптің жеткілікті екенін алға тартады. Тіпті, оның иелігіндегі серіктестікте былтырғы орымнан қалған шөп мая-мая болып жиналып тұрған көрінеді.

– Егер шөп сатып аламын деушілер болса, шаруашылықтағы өткен жылдан артылған немесе биылғы орымнан жиналған шөп жеткілікті. Жылдағы үрдіс бойынша жоңышқаның бір түгі 400 теңгеден сатылады. Рулондалған жоңышқаның бір данасы 3 500, осындай жолмен тайланған пішен 2 500 теңгеге бағаланып отыр. Өзіміз жеткізіп береміз. Бұл екі-үш жылдан бері қойылған баға. Шаруашылықта еңбек ететін адамдарға айлық есебінен де таратылуда. Бірақ, қазір жергілікті тұрғындар шөптің бағасын қымбатсынып алмай жатыр. Біз өз шығындарымызды өтеу үшін бағаны бұдан төмен етіп белгілей алмаймыз, – дейді ол.

Қалай дегенде де, шөптің бағасы шаруаның қалтасына оңай тимей тұрғаны анық. Егер баға жүйелі болса, шаруалар да шырыл қақпайтын еді. Демек, мәселе шөптің тапшылығында емес, нарықтағы бағаның былтырғыға қарағанда біршама қымбаттағанында болып тұр. Ал, бұл баға байлауға көне ме, жоқ па, ол жағын тап басып айту қиын. Десе де, мая-мая шөпті қожалықтарына жинап алып отырған серіктестіктер қара халықтың қамын ойлап, бір бітімге келеді деп сенеміз. Мүмкін, мұндай шаруашылықтармен аудан әкімдері жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек шығар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР