Шөптің бағасы күйіп тұр

0 3
Биылғы қуаңшылық пен аптап ыстықтың салдары салымызды суға кетіретін сияқты. Батыс пен оңтүстік облыстарды былай қойғанда Ақмола облысында да ауыл шаруашылығын кәсіп еткендер күрделі жағдайға тап болған. Қу тақырға айналған шабындық жерлерден шөп таппай қиналған жұрт малына азық таппай сенделгенін айтады. Бағып-қағу қиынға соққан соң жемшөп сатып алу үшін қазірдің өзінде қорасындағы қой-ешкісі мен ірі қара малын арзанға сатпасқа амалы қалмаған.  Ал тиын-тебенге сатып алған делдалдар оны қаладағы базарларға қымбатқа өткізуді әдетке айналдырыпты.

Ала жаздай жаңбыр тамбаған соң егінмен қоса қыр басына шөп те аз шыққан. Кейбір жерлер мүлде қу тақыр болып, малдың тұяғымен тапталып кеткен. Бұл өз кезегінде шөптің құнын он­даған есе өсіріп, қорасындағы ма­лына сенген ауылдағы ағайын­ның жайын тіпті қиындата түсіп­ті. Өйт­кені осыған дейін шөптің бір ора­мы 3 мың, яғни 3,5 мың тең­геге бағаланса, енді кемінде 15-20 мың теңгеге дейін бір-ақ кө­терілген. Ал бұл қарапайым ауыл тұрғын­дарына ауыр тиген түрі бар.

«Туғаннан көзі­міз­ді мал бағу­мен ашқан соң тек осы қорадағы он саулыққа қарап отырмыз. Бірақ қазіргі жағдайға қарап, мұны да қою қажет пе де­ген ойға қалып отырмыз. Басқа амал да қалмай тұр. Жыл сайын жем­шөп қымбаттап барады. Мә­селен, биыл әрбір орам шөпті 15 мыңнан сатып алып жатырмыз. Маңай­дағы шабындық жерлердің бәрі қу тақыр. Сынған Т-40 трак­торым­ды утилизация арқылы ар­­­занға сатып, ақшасына малға 50 орам ғана шөп алуға мәжбүр бо­лып отырмын. Ал егін аз шық­қан соң жемнің бағасы қазірдің өзінде аспандап тұр. Оны қалай аламыз деп тағы уайымдаймыз. Азын-ау­лақ алған күннің өзінде жемге 1 мил­лионға жуық кететіні анық бо­лып тұр. Ал сатып алуға кел­­ген­дер малды арзанға баға­лай­ды. Сиыр етін 1 500-1 800-ден асыр­­май­ды. Ал қала базарларына ке­мін­де 2 500-2 800-ге дейін са­­­тады», – дейді Нұрлыкөш ауы­­лы­ның тұрғыны Төлеужан  Сайлау.

Қорасындағы азын-аулақ ма­лына азық таппағандармен қоса ірі шаруашылық серіктестіктері де мал басын қыстан қалай алып шығатындарына алаңдайды. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер оған бірнеше себептің бар­лығын атады. Негізінен жа­нар­майдың қымбаттығы, оған қо­са қуаңшылықтан жемшөптің шық­пауы себеп болған. Сондай-ақ техникаларға қосалқы бөл­шектер кемінде 10 пайызға қым­бат­тап кеткен.

«Мал басын көбейтуді қалағаны­мыз­бен, биылғы жаз барлық ойлаған жоспа­рымызды күл-талқан етті. Егіннің түсімі қазірдің өзінде аса мәз болмайтыны көзге көрініп тұр. Былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға төмен екені анық. Жемшөпті шамамен 4 мың тоннадай жинауымыз керек. Әзірге жартысын ғана жинап үлгердік. Шөпті қазір 100 шақырымнан барып шауып тасып жүрміз. Сондықтан биылғы қыс бәрімізге де оңайға соқпайтын сияқты», – дейді Атбасар ауданындағы шаруашылық серіктестіктің басшысы Алтынбек Құрманқұлов.

Шөптің құны 4-5 есе өскен…

Өңірде шөп қорының аздығын Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов те мойындады. Оның айтуынша, облыста шөпке қажеттілік 1 миллион 260 мың тон­наны құрайды. Алайда уақыт тамыздың ор­тасы болса да орылған шөп 820 мың тоннаға, яғни 72 пайызға зорға жеткен. Мұ­ның ішінде былтырғыдан қалған 85 мың тонна шөп бар екен. Ал ауыл шаруа­шы­лы­ғы тауар өндірушілерінің қорында 110 мың тонна жемшөп сақталыпты. Қа­жетті пішен 245 мың тонна болса, соның небәрі 51 мың тоннасы жиналған. Ведом­ство басшы­сы­ның орынбасары мәселені шешу үшін жүргізіліп жатқан шараларды жіпке тізді.

Ақмола батысқа шөп жібере алмайды

«Биылғы қуаңшылықтың салдары, әрине көпшілікті тығырыққа тірегені анық. Дегенмен облыс деңгейінде әкім орынбасары Әбдіхалықовтың басқа­руы­мен әрбір ауданда жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыстық жауапты бас­қармалардың басшылары, аудан әкімдері мен әрбір ауылдық округ әкімдері кірген. Қазір шөптің тоннасы 20-25 мың теңгеден болып тұр. Біз қазір бағаны ұстап тұру үшін шаруашылық серіктестіктерден шөп­тің орамын 7-8 мың теңгеден ғана са­туды сұ­рап отырмыз. Ал өздері шауып алып сата­тын адамдарға біз қалай арзанға сат дей ала­мыз? Сондай-ақ барлық ірі се­ріктес­тіктер мен ауылдық округ әкімдеріне әрбір үй шөпсіз қалмауын қадағалауды қатаң тапсырдық. Орман шаруашылы­ғынан шөп шабуға жарамды 43 мың гектар жерді шабындыққа алдық. Халықтың шөп­пен қамтамасыз ету үшін қолданыл­майтын бос жерлерден шөп шабу үшін 377 меморандум жасалды. Қазір жер-жерде ба­тыстағы облыстарға шөп жіберіп жат­қаны рас. Бірақ бізде малдың басы көп бол­ғандықтан, өзіміздің облысты қамту­дың өзі күш болып жатыр. Біз ба­тысқа шөп жібере алмайтын болып отыр­мыз», – дейді басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

Өңірде ет бағасы да қымбаттап кеткен. Орташа есеппен былтырғы желтоқсанда 1 766 теңге болған ет шілде айында 1 998 теңгеге бір-ақ шырқаған. Бірақ бұл базар­дағы сауда орындарынан әлдеқайда тө­мен. Базарда сиыр етінің құны – 3 200-3 500 теңге. Саудагерлер алып келетін дел­далдардың қымбат бағада сататынын айтады. Ал делдалдарға тұсау салу әзірге мүм­кін болмай тұр. Бұл қарапайым халық­тың қалтасының қағылуына әкеліп соққан.

«Етті ауыл-ауылдан ет тиеп әкелетін алыпсатарлардан аламыз. Бағасын 2 800-3 000-ға дейін қояды. Оның үстіне базарда тұратын жерлерімізге жалдау ақысы да қымбаттаған. Құнын ақтау үшін етті қымбатырақ сатуға тура келіп тұр. Ал енді жемшөптің қымбаттауынан еттің одан сайын бізге де қымбат келетінін аңғарып отырмыз», – дейді Гүлмира есімді ет сау­дагері. Аталған мәселені тиісті органдар бірлесіп комиссия құрып, тексеріс жүр­гізуге ниеттенген. Бірақ заңсыздық анық­тал­ғанымен, тиісті ықпал ету тетігі болма­ғандықтан, оларға ешқандай амал жасай алмайтынын айтады.

«Ертеңнен бастап Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік және Өнеркәсіп басқармасы, басқа да тиісті органдар бірлесіп базарға барып ауыл шаруашылығы тауарларының құнын салыстырып көруді жоспарладық. Таңғы 5-6 кезінде барып ет әкелетін алып­сатарлардың бағасын біліп, одан базар­дағы саудагерлердің қосатын бағаларын көрмекпіз. Базар саудагерлері алған баға­дан заңға сәйкес 15 пайыздан асырмауы тиіс. Бірақ олардың 50, тіпті 100 пайызға дейін өсіріп жатқаны байқалады. Алайда біздің қолымызда ықпал ету тетігі бол­мағандықтан, оларға қарсы ештеңе істей алмаймыз. Бар болғаны Монополиялық комитетке байқалған заңбұзушылықтарды бере аламыз», – дейді Еркеш Әленов.

P.S. Жалпы, еліміздің Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің ресми дерегі бойынша, еттің барлық түрлерінің құны орта есеппен 13 пайызға дейін қымбаттаған. Ал биылғы қуаңшылықтың салдарынан әлі қанша қымбаттайтыны белгісіз болып отыр…

 

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.