Шу ауданындағы құрылыс жұмыстарын ширату қажет

0 11

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда егіс алқаптарын аралап, шаруашылық басшыларымен тілдесті. Құрылысы жүріп жатқан білім нысандарына да ат басын бұрып, жол құрылыстарының барысымен танысты.
Аймақ басшысы ауданды аралау барысында алдымен Ақсу ауылында демеушілер есебінен салынған саябақпен танысты. Ұлы Отан соғысының ардагері, бүкіл саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз Әшімқұл Тілеужанов атындағы саябақты майдангердің ұрпақтары өз қаржысынан 47 миллион теңге жұмсап, мәдени тынығу орнына айналдырған. Аумағы 1 гектар жерді алып жатқан саябаққа шырша, арша секілді тауда өсетін ағаштардың қырық түрі отырғызылған. Саябақта атлған майдангерге арналып ескерткіш, одан бөлек сахна орнатылып, би алаңы да жасалған екен.
Аудан әкім Н.Календеров саябақ маусым айында пайдалануға берілгенін, осы маңдағы үш ауылдың жастары үшін саябақ кешкілік концерт тамашалап, би билейтін таптырмас орынға айналғанын сөз етті.
– Расында да бала-шағасының аузынан жырып, ел үшін қаржы жұмсау ерлігі кез келген адамның қолынан келе бермейді. Әкеңіз Әшімқұл Тілеужановтың есімін саябаққа берген екенсіз, мен мұны қолдаймын. Өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ ол кісінің қандай болғанын, халыққа қандай еңбегі сіңгенін білуі керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан кейін аймақ басшысы биыл 25 дана заманауи жаңбырлатып суару қондырғысын 1 122 гектарға орналастырып, аз шығынмен мол өнім алуды көздеп отырған «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша, жүгері, картоп алқаптарымен танысты.
– Серіктестік иелігінде жалпы, суармалы жер көлемі 3819 гектар болса, оның ішінде 1819 гектар жерді маңайдағы ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы ұқсатып отырмыз. Бұдан бөлек, қосымша 3048 гектар жер учаскесі жер комиссиясының оң шешімін тапты. Су үнемдеу технологиясын 1562 гектарға қолданып отырсақ, 1122 гектары жаңбырлатып, 440 гектары тамшылатып суару арқылы ылғалдандырылып отыр. Тарқата айтқанда, 765 гектар қызылша мен 305 гектар алқапқа дәндік жүгері егіп, оны жаңбырлатып суару үстіндеміз. Тамшылатып суару технологиясы қолданылып отырған алқаптың 113 гектарына 5 түрлі шетелдік картоп ектік. Оның ішінде кейбірі ерте пісетін түрі болса, кейбірі кеш пісетін сұрып. 4 гектарға картоп, браколи, 6 гектарға қант қызылшасын тәжірибе түрінде отырғыздық. 14 гектар ерте пісетін картопты қазу жұмысы бүгінде аяқталып қалды. Жалпы серіктестік 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, – деді аталған шаруашылықтың бас директоры Мұқаш Үсембаев.
Одан басқа серіктестік 600 гектарға мақсары, 1113 гектарға жаздық арпа отырғызыпты. Өз кезегінде аймақ басшысы серіктестіктің кезінде арпа-бидай ғана егілетін алқапты бүгінде картоп, қызылша, қырыққабат, тәтті бұрыш секілді көкөніс және басқа да дақылдар егетін алқапқа айналдырғанын басқаларға үлгі тұтты.
Өңір басшысы аталған шаруашылықтың жаңбырлатып суару технологиясын үйлестіруші «аванкамера» қондырғысы жұмысымен де танысты. Сыйымдылығы 7,5 мың текшеметрді құрайтын аталған «аванкамераға» су Тасөткел магистральды каналы арқылы жиналады. Бүгінде серіктестік жаңбырлатып суарылатын алқап көлемін 2 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр екен.
Жалпы, облыста 22 мың гектар пияз егілсе, соның 60 пайызы, яғни 13 мың 300 гектары Шу ауданына тиесілі.
Облыс әкімі Белбасар ауылындағы шаруа қожалықтарының пияз алқабын аралады. Тамшылатып суару арқылы мол өнім алуды көздеген шаруаның бірі – Л.Сандуров. Ол мұнда Қордай ауданынан келіп диханшылықпен айналысып жүр екен.
– 600 гектар алқаптың 400 гектары ерте, қалғаны кеш пісетін сұрып. Барлығы да тамшылатып суару технологиясы арқылы ылғалдандырылып отыр. Пияздың ерте пісетін сұрпы қазір бас байлап үлгерді. Өнім гектарына 60-70 тоннадан айналады деп күтілуде. Өнімді алқап басынан 90-95 теңгеден өткеруді көздеп отырмыз, – деді шаруа Л.Сандуров.
Келесі кезекте Б.Сапарбаев Тасөткел су қоймасының жай-күйін көрді. «КазСуШар» республикалық мемлекеттік мекемесінің Тасөткел су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Н.Кирбаев қазына қаржысынан бөлінген тиісті қаражатқа жүргізілген жаңғырту жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі баяндап, аталған су қойманы нығайту бағытында әлі де атқарылар шаруалардың бар екенін жеткізді. Су айдынына жүргізілген жаңғырту жұмыстарына мұқият қаныққан аймақ басшысы атқарылған шаруаға көңілі толмайтынын ашып айтты.
– Сіздер былтыр 630 миллион теңге бюджет қаржысына жаңғырту жұмысын жүргіздік дейсіздер. Құр топырақпен бөгетті нығайтқанша, Қойманың ернеулерін биіктетіп, жан-жағын нығырлап, немесе төменгі етектегі алаптан да бөгет салып, судың сыйымдылығын арттыру керек еді. Оның бірі де жоқ. Су қоймасының су жинау әлеуеті бұрынғы қалпында қалып отыр, – деді облыс әкімі.
Жалпы Тасөткел су қоймасының сыйымдылығы 620 миллион текше метрді құрайды.
Облыс әкімі жаңғыру ісінің басы-қасында жүрген жауаптыларға Тасөткелдің барлық су жинау мүмкіндігін 800 миллион текше метрге дейін жеткізбегенін сынға алды.
Аймақ басшысы бұдан кейін Төлеби ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп жанынан салынып жатқан жапсарлас нысанның және әл-Фараби атындағы орта мектептің құрылыс жұмысын барып көрді. Білім нысанының алғашқысы 1986 жылы салынған екен. Онда жұмысы сәуір айында басталған жапсарлас нысанның әу баста жобасынан кінәрат табылған соң, ол қайтадан сызба жасауға жіберілген. Соның салдарынан құрылыс жұмысы біршама кешіккен. Мұндағы жұмыстың уақытша тоқтап тұрғанын білген өңір басшысы жауаптыларға істі ширатуды, құрылысшыларды іске жұмылдыруды тапсырды.
Ескі мектептің орнына жаңасы салынып жатқан аталған екінші білім нысанының құрылысын жүргізіп жатқан «Сұңқар – 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де кестеден кешігіп келеді. Пайдалануға беру мезгілі келер жылдың ақпан айына белгіленгенімен, облыс әкімі құрылысқа жауапты мердігер басшысы және облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевқа нысанды жаңа жылға дейін тапсыруды міндеттеді.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы «Шу-Бурылбайтал» автожолының Мойынқұм бағыты аумағының құрылыс және Шу өзенінен өтетін көпірдің, «Меркі-Шу» автожолының темір жолдан өтетін көпір құрылысымен танысты. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова аталған автожол құрылысының жұмысының жай-жапсарын баяндады. Өңір басшысы «Меркі-Шу» автожолының темір жолдан өтетін көпірінің құрылысы бар-жоғы 8 шақырымды құрайтынын, осы жұмысты аяқтаудың кешеуілдеу себебіне, неліктен қыркүйек айына дейін созылатынына назар аударды. Аталған құрылыс нысандарына жауапты «Синьсин құрылыс және дамыту қытай компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерімен тілдесіп, «Меркі-Шу» автожолының құрылысын ертерек аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Одан бөлек салалық минстрлікке «Синьсин құрылыс және дамыту қытай компаниясы» ЖШС-ның үстінен істі тым баяу жүргізіп отырған үшін шағым түсіру қажет деп шешті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.