Қоғам

Шу өңірі шырайланып келеді

Written by Aray2005

Жарылқасын Айтақов,
Шу ауданының әкімі

Қазақ хандығының алғаш туы тігілген Шу өңірі – ата-бабамызға ежелден қоныс болған құтты мекен. Қазақ елінің мемлекеттік тұрғыдағы алғашқы алтын бесігі һәм ұлттық тұтастығымыздың ұйытқысы болған бұл аймақтың табиғаты шырайлы, жері шұрайлы. Ақ бас шыңды Алатаудан құлай ағып, Бетпақдаланың шөліне барып сіңетін Шу өзені ауданның басты тіршілігінің нышаны. Себебі өзек талдырмайтын өзен ауданда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының қатар дамуына әу бастан негіз болып отырғаны көпке аян. Көлік кешенінің жетекші саласы теміржол мен тоғыз жолдың торабы өңірде өнеркәсіптің де өріcтеуіне айтарлықтай ықпал етіп отыр.

Тегінде, қай өңірдің болмасын оның өркендеп қанат жаюы, өркениет шыңына бойұсынып, тұрғындарының тұрмыс сапасының түзеле түсуі сол аймақтағы экономика саласында жасалған серпінді қадамдар мен нәтижелі жұмыстың жетістіктері арқылы өлшенетіні белгілі. Осы бағытта сөз қозғасақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, шағын және орта бизнес, білім, спорт, денсаулық секілді негізгі салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстары көңіл қуантарлық. Мәселен, осы жылдың қаңтар-шілде айларында жалпы шығарылған өнім көлемі 41 миллиард 822 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 144,4 пайыз болған. Ауданның өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 6 466,9 миллион теңгені құрап, физикалық индекс көлемі 102,7 пайызға орындалып отыр. Өнім көлемі былтырғы жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 3 114,5 миллион теңгеге артық орындалды. Ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуда атқарылған шараларды мақтанышпен айтуға болады. Оған осы жылы аудан бойынша жұмыс істейтін 4 955 кәсіпкерлік нысанда 10 003 адамның жұмыспен қамтылғаны арқау болмақ. Барлық шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша өндірілген өнім көлемі – 8 487,0 мың теңге. Бұл жалпы шығарылған өнім көлемінің 20,3 пайызын құрайды.
Бүгінде мемлекет тарапынан аудан әкімдіктеріне қойылып отырған негізгі талаптың бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Себебі кәсіпкерлік кең өріс жайса, жұмыс орындары ашылып, сол арқылы жергілікті салық базасын ұлғайту мен қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтауға қол жеткізе аламыз. Сол себепті халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шаралары назардан тыс қалған емес. Осы орайда салада атқарылған тірлікті тарқата айтсақ, Шу ауданында 102 120 адам тұрып жа­тыр. Оның ішінде 50 323-і экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгейі – 2,6 пайыз.
2 226 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Соның ішінде тұрақты жұмыс орнына – 1 033 адам, жастар практикасына – 176, ақылы қоғамдық жұмыс орнына – 414, әлеуметтік жұмыс орнына 53 адам орналасты. 140 азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуға жіберілсе, қысқамерзімді оқыту курсынан өту үшін 341 тұрғынға жолдама берілді. 39 адам несие алып өз кәсібін бастаса, 30 адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алды. Ауданда жұмыссыз адам жоқ деуге әлі ерте. Әйтсе де осы мәселе біртіндеп өз шешімін табуда. Жұмысқа орналасқысы келіп, тиісті мекемеге жүгінген 2 056 адамның 1 676-сының мәселесі шешілді. Ал
«Е- Биржа» арқылы жұмысқа орналасқан адамдардың саны– 676.
Нысаналы топтағы мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында 62 адамға жұмыс тауып беру жоспарланғанымен, бүгінде әртүрлі жұмыспен қамтылғандардың саны– 67. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 29, ақылы қоғамдық жұмыс орнына– 22, жастар практикасына – 3, қысқамерзімді оқыту курсына – 4, «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқыту курсынан өтуге 9 адам жолданды. Ағымдағы жылы аудан бойынша 910 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның 630-ы жаңа жұмыс орны, 280-і маусымдық. Бүгінгі күнге 464 жаңа және 280 маусымдық жұмыс орны ашылып отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» бағдарламасының І бағыты– бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Ол бойынша облыстық бюджеттен 60953,0 мың теңге қаражат бөлініп, 320 адамды оқыту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге қысқамерзімді кәсіптік оқуға 341 адам жолданды.
Бағдарламаның ІІ бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 143 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, оған 601,6 миллион теңге бөлінді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шу аудандық филиалы арқылы 135 азаматты оқыту жоспар­ланып отыр. Бүгінде оның 140-ы оқуға жіберілді.
Бағдарламаның ІІІ бағыты бойынша 587 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, оған 255 080,0 мың теңге бөлінді. Осы атқарылған шаруаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен орта және шағын бизнесті дамыту үшін іске қосылған түрлі мемлекеттік бағдарламалар сеп болып отырғанын айта кетуіміз керек.
Аграрлық секторды аудан экономикасының дамуының драйверіне айналдыру мақсатында ауыл шаруашылығында да қолға алынған қомақты істер жетерлік. Мақсат – салада өнімнің сапасына кепілдік беретін жаңа технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті жоғары сапалы тауарлар өңдіру. Осындай талап үдесі негізінде биыл жалпы құны
11 549,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Соның ішінде егін шаруашылығы– 2 188,0, мал шаруашылығы өнімі 9 331,4 миллион теңгеге жетті. Өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 794,7 миллион теңгеге жоғары. Осы жылғы өнім үшін егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 111 946,3 гектарды құрады. Мәселен, 23 710 гектарға жаздық арпа, 15 268 гектар жерге күздік бидай, 1 470 гектарға дәндік жүгері, 9 941 гектарға майлы дақылдар, 1 244 гектарға картоп, 725,1 гектарға қант қызылшасы, 10 180 гектарға көкөніс, 8 580,2 гектарға бау-бақша, 17 333 гектар жерге біржылдық шөп егіліп, өнім ойдағыдай алынуда. Келер көктемдегі егіс дала жұмыстарына 613 трактор сақадай сай тұр. Оның ішінде
573-і доңғалақты трактор. Трактор соқалары, дән сепкіштер және басқа да көктемгі дала жұмыстарына пайдаланатын ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайызға дайындалды.
Ауданның агроқұрылымдары 362 миллион 591 мың теңгеге – 51 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Оның ішінде лизинг тәсілімен 109 миллион 619 мың теңгеге – 17, өздерінің қаражаттарына – 34 дана техника 252 миллион 972 мың теңгеге алынды.
Ауданда мал басының саны артып келеді. Бүгінде мүйізді ірі қара – 42 718, қой-ешкі – 391 371, жылқы – 14 944, түйе – 68, ал үй құстары 111 735-ке жетіп отыр. Өңірдегі ірі агроөнеркәсіп кешендері мен шаруа қожалықтары ет және сүт өнімдерін өндіру ісіне өз үлестерін қосуда. Соның арқасында
25 751,1 тонна сүт сауылып, өндірілген ет салмағы 3 924,7 тоннаға жетті.
5 258,5 мың дана жұмыртқа жиналды. Аудан бойынша 7 мал бордақылау алаңы және қой шаруашылығы бағытында– 7, жылқы шаруашылығы бағытында – 1 асыл тұқымды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жұмыс жүргізуде. Бүгінде шулықтардың су үнемдеу технологияларын қолдану көрсеткіші де көңіл көншітеді. Егіс алқаптарының ішінде 3365,5 гектар тамшылатып, 40 гектар жаңбырлатып суару жүйесіне көшкен. Аудан бойынша Шу қаласы және 18 ауылдық округте қарапайым 21 мал өлекселерін тастайтын қорымдар мен екі дана жаңа типтегі «Беккари» шұңқырдың 1-еуі іске қосылған.
Қазіргі таңда баспаналы болу барлық жердегі тұрғындар арасында ең өзекті мәселеге айналып отыр. Десе де биыл жалпы алаңы 12 661 шаршы метрді құрайтын 97 жекеменшік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылға қарағанда 92,6 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі есепті мерзімде 8799,3 миллион теңгеге жетті. Аудандық бюджет кірістерінің жылдық жоспары 20 миллиард 373 миллион 763,0 мың теңге болса,
1 тамызға жоспары – 11 миллиард 141 миллион 692,0 мың теңге. 1 тамызға түскені 11 миллиард 577 миллион 409,2 мың теңге. Жоспар 103,9 пайызға орындалып, 435 миллион 717,2 мың теңге артық түсті.
Көлiк инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға берiлетiн ағымдағы нысаналы трансферттерден Оразалы Батыр, Ақсу ауылдарының кіреберіс жолдарын орташа жөндеу жұмыстарынан 12 миллион 471,9 мың теңге үнемделді.
Білім саласы бойынша жалпы мекеме саны – 91. Бұл салаға бөлінген қаржы
9 285 481 мың теңге болса, оның
1 438 641 мың теңгесі игерілді. 47 мектептің 38-і орта, 2-еуі негізгі, 7-еуі бастауыш мектептер.
Денсаулық сақтау мекемелерінде орын алған өлімдер саны бойынша 313 факті тіркелгенімен, есепті кезеңде ана өлімі тіркелген жоқ. 1 жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіш коэффициенті – 8,3. Есепті кезеңде
1 205 нәресте дүниеге келді.
Ауданның құқық қорғау, мәдениет, спорт секілді өзге салаларында да атқарылған ауқымды істер мен қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Біз өңірдің тыныс-тіршілігінен бірсыпырасын ғана хабардар еттік. Әлі де аудан экономикасын ілгерілету үшін аянбай тер төге береміз. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындардың да алар орны айрықша. Экономика, бизнес, индустрия, инновация және саяси іс-шаралармен қатар, алда әлі мәдениет, руханият саласында атқаратын маңызды істер көп.

ПІКІР