Шу жастары жұмыссыз жүрмейді

0 42

Барлық өркениетті мемлекет өзiнiң болашағын білімді де білікті өскелең ұрпағымен байланыстырады. Сол себепті де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған кезеңнен бастап мемлекетімізді баянды болашаққа, кемел келешекке бастайтын жастарымызға үнемі қамқорлық танытып келеді.

Мемлекет қолдауының арқасында Шу ауданында бүгінгі таңда жастарға қатысты түйіні тарқатылуға тиіс мәселелер оң шешімін тауып, ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар тәрбиелеу мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Аудандағы жастар үлесі 22 502 адамға жетіп, жалпы халық санының 22,1 пайызын құрап отыр.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға сәйкес Шу аудандық жастар ресурстық орталығы жастардың жан-жақты дамуына, жұмыссыз жүрмеуіне мейлінше күш салуда. Өздеріне берілген құзырет шегінде орталық жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, құқықтық, психологиялық кеңестер беріп, мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау жұмыстарына ден қойған. Нақтырақ айтқанда, аудан жастарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың бірінші кезекте жұмысқа орналасуына көңіл бөлінуде. Өткен жылы 291 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 3 593 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Кәсіпкерлік негіздеріне 200 жас оқыса, 15-і шағын несие алып, 213-і қайтарымсыз грант иеленді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 234 жас жұмысқа орналасты.
Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанына дейін 369 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 306-сы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Өткен жылдың соңында берілген өтініштер бойынша грант алғандардың саны 107-ге жетті. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Шу ауданы әкімдігі арасында бекітілген индикаторға сәйкес жыл соңына дейін 1 226 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар жұмыссыз, пробациялық есепте тұрған, NEET санатына жататын және өмірлік қиындықтарға тап болған жас азаматтарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарында жұмысқа тарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 4 миллион 174 мың теңге бөлініп, 80 жас жұмыспен қамтылды. 2021 жылы бағдарлама аясында 82 жасқа
4 миллион 229 мың теңге бөлінді.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа Шу ауданынан 22 жоба ұсынылып, екеуіне грант берілді. Бұдан да басқа мемлекеттік бағдарламаның игілігімен өз кәсібін ашып, еңбек етіп жүрген жастарымыз баршылық.
Алдағы уақытта да аудан жастарының тұрмысын көтеріп, түйткілді мәселелерін шешуді басты мақсатымыз етіп отырмыз.

Ғани ҚОЙБАҒАРОВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының директоры,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.