Шуда шешімін күткен мәселе көп

0 1

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданында жұмыс сапарымен болды. Өңір басшысы бұл сапарында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырған ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй мен инфрақұрылым желілерін дамыту салаларының тыныс-тіршілігімен танысты.

Биыл Шуда да егін бітік шықты

Жыл басынан бері жалпы сомасы 6 миллиард 22 миллион теңге болатын ауыл шаруашылығының өнімін өндірген аймақтың агросектордағы табысы толайым. Әсіресе қара жердің қарыз арқаламайтынын білетін шулық диқандар биыл егістің бітік шыққанын айтады. Шу ауданына жасаған сапарын «Өтеулі» шаруа қожалығының егіс алқабынан бастаған облыс әкімі дәл осыған көз жеткізді. Шаруа қожалық жетекшісі Шәміл Сәрсенбаевтың айтуынша, биыл агроқұрылым 700 гектардан астам алқапқа жаздық арпа мен күздік бидай сепкен екен. Қазір егіс алқаптарына орақ түскен. Жиын-терім науқанына шаруа қожалықтың өз техникалары тартылыпты.
– Биыл ауа райы шаруаға қарасып тұр. Сондықтан бидайдың əр гектарынан 23-25 центнерден, ал арпадан 18-20 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде күніне 25-30 гектар егіс орылып жатыр. Сəтін салса, алдағы 20 күнде жиын-терім жұмыстарын толық аяқтап қаламыз. Жиын-терімді өз иелігіміздегі 6 трактор, 2 комбайн, бірнеше тұқым тазалағыш агрегатпен атқарып жатырмыз, – дейді шаруа.
Өз кезегінде облыс әкімі суармалы алқапқа жатпайтын егістіктің әр гектарынан 23-25 центнер өнім алу жоғары көрсеткіш екенін тілге тиек етіп, шаруашылықтың ісіне сәттілік тіледі. Мұнан соң облыс əкімі «ҚазМия» зауытына бас сұқты. Бір кездері дәтке қуат, дертке шипа болатын мия тамырынан алынған өнімді Жапонияға жөнелтуді мақсат еткен өндіріс ошағы өз жұмысын тоқтатқан. Оған шикізаттың тапшылығы себеп болып отыр. Мамандар жергілікті жердегі мия тамырының сапасы тым төмендеп кеткенін айтады. Қазіргі таңда зауыт иелігіндегі 250 гектар жерге егілген мия тамырының сапасын анықтау үшін Жапонияға жіберіліпті. Жапондық сарапшылардың Шуда өсірілген мия тамырының сапасын жоғары бағаласа, зауыт басшылығы мия өсіретін алқап көлемін арттыруға ниетті.
Келесі сәтте өңір басшысы Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылында болып, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

467 дүнген отбасы диқаншылықты кәсіп етуде

Мұнан соң Ескі Шу ауылдық округіне ат басын бұрған облыс әкімі елді мекен маңындағы магистральды каналдың оң жағалауында орналасқан егіс алқабының тамшылатып суару жүйесімен танысты. Жергілікті тұрғындар үшін таңсық бұл жүйені тиімді кәдеге жаратқан шаруа Лукмар Сандуров осындағы 150 гектар алқапқа пияз екен. Бұл алқап биыл Қордайдан осында қоныс аударған 3 дүнген отбасына тиесілі. Жыл басындағы Қордай оқиғасынан кейін аталған ауданнан 467 дүнген отбасы Шу ауданына қоныс аударды. Олардың барлығы да ежелден егін шаруашылығының қадірін түсінген шаруалар. Қордайдан келген дүнген отбасылар Шу ауданының аумағында 8700 гектар алқапқа пияз еккен.
Қордайдан келіп Шу ауданында шаруасын шалқытып жатқан диқандарға ризашылығын білдірген өңір басшысы оларға пиязды күтіп-баптау, жиын-терім сынды маусымдық жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тарту және өнімді сақтау мәселесін ұмыт қалдырмауды тапсырды.
Өңір басшысының Ескі Шу ауылдық округіндегі жұмыс сапары елді мекендегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп құрылысының барысымен жəне өткен жылы ғана пайдалануға берілген «Белбасар» спорт кешенінің жұмысымен танысумен жалғасты.

«Ауылына қарап азаматын таны»

Былтыр ғана пайдалануға берілген «Белбасар» спорт кешені барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Мұнда дуы басым спорттық додаларды да еш қымсынбастан өткізуге болады. Белбасарлықтармен бірге тұтас Шу өңірінің мақтанышына айналған кешенді жергілікті меценат, танымал кәсіпкер Болат Сауранбаев өз қаражатына салған. Атымтай жомарттың ауылдастарына тарту еткен кешен құрылысының жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды.
Екі қабаттан тұратын ғимараттың əмбебап спорт залында кіші футбол, волейбол жəне баскетбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалған. Ал екінші қабат бокс пен күрес залдары ретінде жабдықталған.
Осынау бірегей нысанды аралап көрген өңір басшысы туған жерге тағзым жасаудың озық үлгісін паш етіп жүрген Болат Сауранбаев сынды азаматтарды көпке үлгі ету қажеттігін айтты.
Шу ауданына сапарының алғашқы бөлігін жырақтағы елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысуға арнаған Б.Сапарбаев түс ауа Шу қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жобаларымен танысты. Қазіргі таңда Шу қаласында 119 көпқабатты тұрғын үй болса ағымдағы жылы оның үшеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұған дейін қаладағы 27 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.

Тұрғын алқаптары сұранысқа сай жабдықталуы керек

Қолданыстағы тұрғын үйлерді жөндеумен бірге жаңа тұрғын алқаптарына инженерлік-коммуникациялық желілер тарту да Шу ауданы үшін негізгі қажеттілікке айналған. Ауданда бүгінде 5500 адам жер кезегінде тұр. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 3 тұрғын алқабына инфрақұрылым желілері тартыла бастады. Соның есебінен 2500-ден астам жер телімі кезекте тұрғандарға берілмек.
Облыс әкімі Алға ауылдық округіндегі «Оңтүстік» тұрғын алқабын инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының барысын да көзбен көрді. 25 гектар аумақты алып жатқан алқапта 215 жер телімі бар. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров мұнда электр желілерінің толық орнатылғанын айтады. Жыл соңына дейін ауызсу тарту жұмыстары аяқталады. Ал алқапты табиғи газбен қамту келесі жылдың еншісінде.
Өңір басшысы тұрғын алқаптарын инфрақұрылыммен қамтуда ең әуелі аумаққа тұрғындардың көптеп орналасуына баса мән берілуі қажеттігін ескертті.
– Қазір мұнда барлық жағдайды жасағанымызбен тұрғындар ертең бұл жерге келмей қоюы да мүмкін. Сондықтан ең əуелі жарық пен ауызсу мəселесін шешіп, артынша барлық жерді кезекте тұрған тұрғындарға үлестіріп беру керек. Кейіннен жергілікті əкімдік тұрғын үй алқаптарын өз бақылауында ұстасын. Егер берілген жер телімдеріне тұрғындардың 80 пайызы қоныстанса көгілдір отын мен жол салу жұмыстарын бастау керек, – деді Б.Машбекұлы.
Жаңа тұрғын алқабымен бірге Алға ауылында жаңа мектептің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында алғалық оқушылар алғашқы қоңырау сыңғырымен су жаңа мектеп ғимаратының табалдырығын аттайды. Құрылысы қарқын алған нысанда облыс әкімі бір топ ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Ауыл ақсақалдары өңір басшысының бастамаларына қолдау білдіретінін айтып, мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын ауыл тұрғындары бір кісідей сезініп жатқанын жеткізді. Шу ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Шу қаласының батыс бөлігіндегі тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған «Жайсан» тұрғын үй алқабының 35/10 қосалқы стансасында болды. Алғашында Шу қаласы тұрғындарының электр энергиясына деген сұранысын өтеу мақсатында қолға алынған жоба өз мәресіне жетпей тұралап тұр. Қалаға қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ететін қосалқы станса соғуды мақсат еткен «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын толық орындамаған. Мұндай кемшілік Шу қаласындағы шайынды су қондырғылары мен кəріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарында байқалады. Нәтижесінде осыдан 10 жыл бұрын басталған құрылыстың аяқталар сиқы көрінбейді. Бүгінде Шу қаласының тұрғындарына аса қажетті жобаларды жүзеге асыруда жайбасарлық танытқандардың үстінен іс қозғалған. Өңір басшысы аудан әкіміне бұл мәселені жеке бақылауына алуды тапсырды.
Басқа-басқа облыс әкімінің Шу ауданына осы жолғы сапары Шу қалалық емханасының басшылығы мен қызметкерлерінің есінде ұзақ сақталатын сияқты. Ешқандай дайындықсыз, іссапар жоспарында жоқ қалалық емхананың табалдырығын өңір басшысы аттағанда мұндағы мамандар шынында абдырап қалды. Дәрігерлердің түскі үзілістен келуін ұзақ күтуге мәжбүр болған тұрғындар да бұл жағдайдың көптен қайталанатынын ашық айтты. Ал ақылы рентгенге түсу үшін Шу қаласынан аудан орталығы саналатын Төле биге сабылатын кейуананың уәжі негізсіз деуге келмейді. Елдегі тұтас денсаулық сақтау саласы сыналар шақта ең қажетті құрылғыларының істен шығуын емхана басшылығы электр қуатының әлсіздігімен түсіндіруге тырысты. Шу қалалық емханасындағы осы бір жағдайларды көзбен көрген өңір басшысы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына мәселесіні уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылысы мен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында қорытындылады.

Шынболат Күзекбаев

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.