Шуда спорт алаңшаларына айрықша көңіл бөлінуде

0 15

Балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын сақтап, ой-өрісін біліммен байытуына жасалған әрбір әрекет ел ертеңінің өркениетіне қаланған кірпіш іспетті. Бүгінде еліміздің билігі осы ұстаныммен өспірім тұлғалардың денсаулығын сақтап, өнер-білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Тіпті қазір тек қалаларда емес, ауылдық аумақтарда да спортпен шұғылдануға ыңғайлы жабдықталған алаңшалар ашылуда. Осы бағыттағы жұмыстың қарқынды жүзеге асуын Шу ауданынан көрдік.

 

Былтыр 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен аудандағы ауылдық мекендерге барлығы 9 алаңша салыныпты. Әрқайсысының сметалық құны 12 миллион 700 мың теңге көлемінде жобаланған. Бірақ 8-9 миллионмен ұтып алған мердігерлер сол сомаға спорттық және балалардың ойын алаңшаларын салыпты. Сондай-ақ, Шу қаласынан тағы 4 спорттық алаңша жаңадан салынып, пайдалануға берілген.

Жуырда спорттық және балалардың ойын алаңшасын қатар салып, тұрғындарға пайдалануға берілген Төле би ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде 100-ден аса үй бар екен.

– Шынын айтқанда, Аша ауылындағы каналдың бойынан салынған спорттық және балалардың ойын алаңшасы кішкентайлардың қауіпсіздігі үшін де өте құптарлық іс болды. Себебі ауылдың мектебі осы каналдың арғы бетінде орналасқан, ал бергі жағында біраз отбасы тұрады. Кішкене балалар мектеп ауласындағы ойнауға қолайлы жерге кетіп қала беретін. Яғни каналды кесіп өтетін. Енді осы алаңшаны салғалы жақсы болды. Ата-аналарының көз алдында, каналға жақындамай-ақ, арғы бетке өтіп, үйінен алыстамай-ақ осында ойнайтын болды. Және бір тиімді тұсы – бұл алаңшада тек кішкентайлар емес, үлкендердің дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуына қолайлы «Street Workaut» салынып, мұнда жастар да көптеп келетін болды. Тіпті бұл жерге жақын маңдағы Абай, Мойынқұм, Алға ауылдарының жастары да келіп жаттығады. Жастар мен балалар үшін осындай жақсы дүние жасап берген билікке рақмет айтамыз, – дейді Төле би ауылының тұрғыны Әбдібек Орманов.

Қазір қажетінше жабдықтап, спорттық алаңшаларды салып, футбол, волейбол ойнауға құмар әуесқой ойыншыларға ақылы түрде жалға беретіндер де көп. Ал, мемлекет тарапынан елді мекендерде салынған алаңшалар тұрғындардың қалаған уақытында спортпен шұғылдануына тегін қызмет көрсетеді. Осындай игі іске қарап, болашақта өңірімізден шебер спортшылардың шығатынына сенеміз.

 

Шу ауданы

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.