Шуда жалға берілетін пәтер бағасы «жалынан сипатпай» тұр

0 17

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласында жалға берілетін пәтерлердің құны айрықша қымбат. Редакциямызға хабарласқан тұрғындардың сөзіне сүйенсек, шағын шаһарда пәтер бағасы жыл санап шарықтап барады. Құлақпен естігенді көзбен көру үшін ауданға арнайы барып, мәселенің мәнісіне үңіліп көрген едік.

Шу қаласының топырағына табанымыз тигеннен алдымыздан қарсы кездескен тұрғындардан баспана жайын сұрадық. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы пәтерақы облыс орталығы Тараз қаласымен бірдей, тіпті қымбаттары да табылады екен. Пәтер жалдап тұрып жатқандар: «15 000-
25 000 теңгеге суы, газы ішке кіргізілмеген жер үй таба аласыз. Ал барлық қажеттілікпен қамтылған, жағдайы жақсы үйлердің бағасы 40 000-100 000 теңге аралығында», дейді. Ал көпқабатты үйде пәтер жалдап тұратындар 25 000-40 000 аралығында пәтерақы төлейді екен.
Екі жылдан бері пәтер жалдап күн кешіп жүрген жас жанұяның отағасы Ақарыс Оралов пәтерақы айтарлықтай салмақ салатынын жеткізді.
– Ай сайын коммуналдық шығындарын қосқанда 50 мың теңге пәтерақы төлейміз. Балаларымыздың үлкені оқушы, кішісі балабақшаға барады. Келіншегім екеуміз де жұмыс істегеннің өзінде табысымыздың 40 пайызы тек қана жалдамалы пәтердің құнын төлеуге кетіп жатыр.
Біз қайта бұрынырақ келіскен бағамен тұрып жатырмыз. Үй иесі екі жыл бұрын өзара келісілген бағаны көтерген жоқ. Ал қазір Шу қаласында жалдамалы пәтердің төлемақысы кемі 45 мың теңгеге дейін барады.
Әрине, жеке өз баспанамызды алып, балаларымызбен қысылып-қымтырылмай өмір сүргіміз-ақ келеді. «Өз үйім – өлең төсегім» деген ғой. Дегенмен жеке баспана алуға қазіргі қымбатшылық мұрша бермей жүр. «Ары тарсаң – арба сынады, бері тартсаң – өгіз өледінің» кейпін киіп жүрген жас отбасылар жалғыз біз емес, өте көп, – дейді ырыққа көнбей аспандаған бағаның жайын қозғаған А.Оралов.
Жалпы Шу ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 1 534 азамат тұр екен. Олардың 161-і жетім бала, 382-сі көпбалалы отбасы, 849-ы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азамат, 141-і бюджеттік мекеме қызметкері. Ал 1 азамат тұрғын үйінің жағдайы авариялық деп танылған жалғызбасты кісі.
Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевтың айтуынша, 74 көпбалалы анаға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға пәтер беріліпті. Олар тек өздері қолданатын коммуналдық қызметтің ақысын ғана төлеп тұрып жатыр.
– Баспана мәселесін шешу мақсатын­да биыл Шу қаласындағы Жетісу ықшамауданынан 80 пәтерлік
3 үйдің құрылысына қаржы бөлінді. Сол арқылы алдағы уақытта кезекте тұрған 240 азамат баспанамен қамтылатын болады.
Сондай-ақ тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 5 906 азамат тұр. Оның ішінде 4 082-сі Шу қаласынан, 1 534-і аудан орталығы Төле би және 290-ы Алға ауылынан. Байқағандарыңыздай, ауданымызда баспана кезегінде тұрғандардың көбі осы үш аймақтан.
Баспана салуға жер телімін беру үшін алдымен инфрақұрылым тартылуы керек. Қазіргі уақытта Алға ауылында 25 гектар тұрғын алқапты электр желісімен және ауызсумен қамту жұмыстары аяқталды. Жер учаскелерін үлестіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Төле би ауылындағы 147,73 гектар тұрғын алқапқа электр желісі жүргізіл­ген. Ауызсумен қамтамасыз етуге 688 миллион теңге қаржы бөлініп, мерді­гер­мен келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыс­тары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ал жалға берілетін баспана ақысы қымбат болып отырған Шу қаласында 258,7 гектар тұрғын алқапқа электр желісі жүргізілген. Қазір көше жолдары төселіп жатыр. Ауызсу құбырын жүргізуге бюджеттік өтінім берілді. Жобалық-сметалық құны 981,6 миллион теңге болатыны анықталды. Алайда 2021 жылға қаржы қарастырылмады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін кезектегі Төле би, Алға ауылдарынан жалпы саны 1074 тұрғынға жер телімін беру жоспарланып отыр, – дейді Нұрлан Сегізбайұлы.
Айта кетейік, өткен жылы да, биыл да ешбір кезекте тұрған тұрғындарға пәтер берілмепті. 2019 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Шу қаласынан 6, Төле би ауылынан 3 пәтер сатып алынған. Оның 8-і көпбалалы отбасыға беріліпті. Шу қаласындағы №24 орта кәсіптік-техникалық училище ғимараты 249,7 миллион теңгеге жөнделіп, қалпына келтірілген. Ол қазір жоғарыда аталған 74 көпбалалы ана мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға баспана болуда.
Сондай-ақ 2018 жылы Шу қаласының Жетісу ықшамауданындағы 75 пәтерлік тұрғын үй баспана кезегін күткендерге үлестірілген.
Аудан тұрғындарын қолжетімді бас­па­на­мен, жер телімімен қамту мақ­са­тын­да жұмыстар жүргізіліп жатса да үй-күйсіз, тапқан-таянғанын пәтерақыға төлеп жүрген отбасылар жетерлік. Бір қиыны облыс орталығы мен оңтүстік астана­ның ортасынан орын тепкен шағын қалада тек пәтерақы ғана шарық­тап тұрған жоқ. Азық-түлік бағасы да қос қаланың нарқынан әжептәуір жоғары.

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.