Шудағы ерекше картоп

0 8

Шу ауданындағы «Qyzylsha» ЖШС 55 күнде өнім беретін голландиялық картоп өсіріп жатыр. Сынақтан өтіп жатқан картоптың бұл сорты жоғары өнімділігімен және төзімділігімен танымал.

– Аталған ерекше сұрып ауданымызда үлкен көлемде алғаш рет егіліп отыр. Ерекшелігі – жер талғамайды. Алқапты жиі ауыстырған сайын түсім артады. Биыл күзде мол өнім жинаймыз. Картоп көп күтімді қажет етпейді. Уақтылы суарып, тыңайтқыштарын қолданып жатырмыз, – дейді диқандар.
116 гектар жерге егілген тұқым түгелімен өніп шыққан. Енді бір ай көлемінде гүлдей бастайды. Агроном мамандардың айтуынша, сапалы өнімнің ерекшелігі зиянды вирустық ауруларға төзімділігінде. Серіктестік иелері бұл өнімге қазірдің өзінде сұраныс жоғары екенін айтуда.
Аталған серіктестік бұдан басқа, егіншілікпен де айналысады. Масақты дәнді-дақылдардан басқа 687 гектар жерге жүгері, 765 гектар жерге қант қызылшасын еккен.
Сондай-ақ, «Qyzylsha» серіктестігі ирригация жобасын жүзеге асыру аясында 1562 гектар аумақты қамтитын 25 америкалық «Валлей» жаңбырлатып суару құрылғыларын пайдалануда.
Жалпы биыл ауданда егістік көлемі жылдағыдан ұлғайған.

Арайлым ЕРШЕЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.