Қоғам

Шудың «шөбіне» шалғы түсті

Written by Aray2005

Қарасораны түп-тамырымен жою бағытында ауқымды жұмыстар жүруде

Бүгінде облыстағы Шу ауданын шетел таниды. Қарасорасы қалың өсетін өңірді тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Колумбия мемлекетінің өзі білетін көрінеді. Даңқы мен дақпырты осылайша жаһанға жайылған Шу ауданының 24 400 гектар жеріне жылда қарасора шөбі өседі. Әсіресе қарасораның гүлдейтін шағында мұнда заңсыз есірткі тасымалдаушылардың қарасы артатыны анық. Әрине есірткі саудасымен тәртіп сақшылары жан салып күресіп жатқанымен, бұл бизнестің түп-тамырына балта шабу қиын болып тұр. Сол себепті биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есірткімен күрес бағытында жаңа өңірлік бағдарламаны іске қосқан болатын. Нәтижесінде, қазір Шудың шөбіне «шалғы» түсіп, қарасораны түп-тамырымен жою бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қарасора қалай жойылып жатыр?

Атап айтсақ, биыл Шудың «шөбі» үш бағыт бойынша жойылуда. Оның алғашқысы – шабу болса, екіншісі – жерді аудару, ал үшінші бағыт – арнайы дәрі арқылы жою. Облыстық полиция департаменті АЕҚҚІБ-нің бастығы, полиция майоры Дінмұхамбет Қойториевтің айтуынша, үш бағыт бойынша да жұмыс сынама түрінде жүргізіліп жатыр екен.
– Ең алдымен, біз қарасора шөбін шауып, 2 тоннаға жуық анашаны өртедік. Екінші әдіс ретінде анаша өсіп тұрған 40 гектар жерді аударып көрдік. Ал үшінші бағыт бойынша 5 гектар жерді «Ураган Форте 4» дәрісімен уладық. Қазір қайсысы тиімді екенін бақылап отырмыз.
Қарасораны улау әдісі – өңірде қолға алынып отырған жаңа жүйе. Бұл өте қымбат тұратын дәрі болғанымен, бір қорабының өзін бірнеше гектарға пайдалануға болады. Ал нәтижесі көзге бірден көрінуде. Ең алдымен, дәрі шашылған шөптің жапырағы сарғайып, одан кейін қарайып, сосын шіріп кетуде. Өңірлік жоба облыс әкімдігі, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жіті бақылауында тұрғандықтан, біз дәрілеу әдісін сынама түрінде қолданып, соңғы шешімді солардан күтіп отырмыз, – дейді Дінмұхамбет Лашынбайұлы.
Негізі, өңірлік жобаны жүзеге асырмай тұрып, 2020-2022 жылдарға арналған арнайы жоспар жасалған. Ал жобаны жүзеге асырушы ретінде облыс әкімдігі, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық полиция департаменті, орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті билік өкілдері енгізілген. Міне осы мамандардың күшімен қазір қарасора өсімдігі өсіп тұрған алқаптарда дәрілеу, өртеу және жер аудару жұмыстары жүріп жатыр. Улы қоспаны шашуға орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары жұмылдырылса, өзге құзырлы органдар көлік, жанар-жағармай сынды қажетті материалдармен қамтамасыз етуде.
Әрине жұдырықша жұмылған мұндай жұмысты жұрт құп көретіні анық. Десе де қарасорамен күрес бағытындағы жоғарыда аталған үш тәсілге қатысты туындайтын мәселелер де жоқ емес. Жарайды, есірткі шөбін шауып, оны өртеу байырдан бар нәрсе. Ал жерді аударудан келер пайда бар ма? Бұлай деуімізге өткен айда Меркі ауданында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте аудан басшысы Мейірхан Өмірбековтің айтқан сөзі себеп болуда. Мейірхан Азатұлы сол басқосуда жер жыртудың тиімсіздігін слайдтар арқылы көрсетіп, қопсытылған аумақта құрамында есірткісі бар шөптер тіпті қаулап өсе түсетінін алға тартқан болатын. Демек, қазір аударылып тастаған 40 гектар жерден қайта қарасора өспейді деп ешкім кепілдік бере алмайтын секілді.
Дәрілеу мәселесіне келсек, мұнда да көңілге күдік ұялататын дүние бар. Оның ең бастысы – аталған дәріден өзге өсімдіктер мен жан-жануар, түптеп келгенде жайылымда жүрген мал мен адамдар жапа шекпей ме?
– Бұл мәселені біз де ойладық. Сол себепті 5 гектар жерге сынама түрінде «Ураган Форте 4» дәрісін сеуіп отырмыз. Қазір облыс әкімі басшылық етіп отырған экологтар тобы препаратты жан-жақты зерттеуде. Солар бір байламын айтқаннан кейін барып жұмысты жалғастырамыз. Егер қоршаған ортаға зияны бары анықталса, онда басқа жолмен жүретін шығармыз. Алайда орман шаруашылығы мекемесі мамандарының сөзіне сүйенсек, «Ураган Форте 4» дәрісі дәл осы өсімдік түрін жоюға арналған көрінеді. Енді оның анық-қанығын экологтар айтады, – дейді полиция майоры Дінмұхамбет Қойториев.

«Ураган Форте 4» зиян емес

Әрине мұндай жағдайда «жеті өлшеп барып, бір кесу» қажеттігі түсінікті. Сондықтан эколог мамандар жіті зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны қос қолдап қолдауға тұрарлық. Десе де біз де аталған дәріге зерттеу жүргізіп көрген едік. Интернет бетіндегі ақпаратқа сүйенсек, «Ураган Форте 4» ауыл шаруашылығы саласындағы зиянкес арамшөптермен күресте байырдан қолданылып келе жатқан дәрі екен. Жабайы өсімдік жапырағын жайып, гүлдей бастаған тұста осы улы дәрі себілетін көрінеді. Нәтижесінде жапырақтары сарғайып, өсімдік қурап өледі. Ресей мамандарының сөзіне сенсек, бұл улы қоспаның топырақтың құнарлығына келтірер еш кері әсері жоқ. Бір сепкен жерді қайта дәрілеудің қажеттілігі шамалы. Себебі химиялық қоспа арамшөпті түп-тамырымен жойып жібереді. Тағы бір дерек, «Ураган Форте 4» қоршаған ортаға, жан-жануарларға қоспа түрінде зиянсыз екен. Суға қосылған қоспа тиген жерді ғана улап, одан кейін ауамен араласып жойылып кетеді. Бірақ егер оны суға араластырмай қолданса, адамға да, басқаға да келер зияны бар. Сондықтан ресейлік мамандар «Ураган Форте 4» гербицидін балалардың қолы жетпейтін, үй жануарларынан аулақ жерде сақтауға кеңес береді.

Өсімдікті өз пайдамызға жарататын кез жетті

Әрине мұның бәрі ең бірінші ел келешегі мен заңсыз есірткі тасымалының жолын кесу үшін жасалып жатқаны белгілі. Алайда бұған шулықтар не дейді?
– Қарасора – Шу ауданы үшін үлкен қасірет болып тұр. Тарих беттеріне көз салсақ, бұл шөпті ең әуелі соғыс жылдары тұсында Кеңес үкіметі кендір қурай ретінде өсірген екен. Одан совхоздар арқан жіп жасаған. Кейін 1958-1959 жылдары Қытайдан Шу ауданына ұйғырлар жер аударылып келіп жатқанда олар осы шөптің есірткілік қасиетін тапқан. Оған дейін бірде-бір қазақ оны білмеген.
Негізі бұл – жойылмайтын шөп. Қарасораны құрту үшін бұған дейін қанша әрекет жасалды. Өртеді де, аударды да. Алайда келер жылы одан да көп болып, қаулап шықты. Дәрілеп жатқан әдіске қатысты ештеңе айта алмаймын. Оны уақыт көрсете жатар. Бірақ біздің шулықтар бұл шөпті шеккеннен гөрі, сатамын деп көп бармақ тістеп жатыр. Жылына бірнеше адам абақтыға қамалуда. Егер осы жағынан тоқтам болса, биліктің қандай әрекетін болмаса да қолдауға болады, – дейді Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы.
Ардагер-ұстаз Несіпхан Қоңырбаев болса, қарасораның тек қылмыстық жағын ғана емес, пайдалы тұсын да ойлау қажетін айтады.
– Қарасора да Табиғат-Ананың жаратқан бір дүниесі. Сондықтан оған біржақты қарауға болмайды. Керісінше бар нәрсені пайдаға жарату керек. Бір жылдары осы қарасораны өңдейтін өндіріс орнын Шу ауданынан ашу туралы бастама көтеріліп, бәріміз қуанып қалғанбыз. Сол кезде өлкеге келген ғалымдар шөптен 32 түрлі өнім жасауға болатынын анықтаған. Және қарасора медицинада таптырмас өсімдік ретінде бағаланған. Ал егер зауыт салынса, Шудағы қарасора 25 жылға шикізат ретінде жететіні айтылған еді. Алайда уақыт өте жоба сол күйінде қалды. Егер осы еш күтімсіз өздігінен өсетін шөпті кәдеге жарататын жол табылса, бұл аудан үшін қосымша жұмыс орны болатыны анық. Тіпті аймақ тұрғындары өздері қарасораны шауып, зауытқа өткізер еді. Алайда біз осы күнге дейін қарасораға тек қылмыстық жауапкершілік арқалайтын есірткі шөбі ретінде қарап келеміз. Бәлкім, қарасораны басқа мақсатқа пайдаланатын кез жеткен шығар, – дейді ардагер-ұстаз.

Қазір қарасораны жоюмен айналысып жатқан құзырлы мекемелер бұл мақсатқа нақты қанша қаржы бөлінетінін айта алмай отыр. Себебі олар әзірге улауды да, өртеуді де, жер аударуды да белгілі бір аумақтарға ғана сынама түрінде жүргізуде. Ал егер жоғарыда аталған үш тәсілдің бірі ғылыми әрі экологиялық тұрғыда тиімділігін дәлелдесе, онда тек Шу ауданында ғана емес, Мойынқұм, Қордай, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында да ауқымды жұмыстар басталмақ.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР