Шығынға батқан өңірге жемшөп жөнелтілді

0 0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы тапсырмасының аясында өткен жылы ауданымызда ауқымды жұмыстардың атқарылғаны белгілі. Бір ғана Қордайда жүзден астам көшелер жөнделіп, ондаған шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мемлекет басшысының игі бастамасының шапағатын аудан орталығы ғана емес шалғайдағы Соғанды елді мекенінің тұрғындары да сезініп, көгілдір отынға қолы жеткен ауыл халқының арманы орындалды.

Арада аз уақыт өткенде ауылдағы көгілдір отын мәселесі жүз пайыз шешімін тауып, алпысқа жуық аулаға газ кіргізілді. Бұл жұмысты «Бектөбе газ» ЖШС өз мойнына алып, тұрғындармен толықтай келісімшарт жасалды. Осының арқасында бүгін ауылдағы 66 нысан, оның ішіне 59 үйге орталық магистралдан газ құбыры тартылып, есептеуіш құрылғылар орнатылды. Демек, аз күндері Соғандының төрт жүзге тарта тұрғыны көгілдір отынның қызығын көрмек.
– Жасым сексен бесте. Соғандыға келін болып түскелі 70 жыл болыпты. Күні кеше үйімізге газ кіріп, есептеуіш орнатылды. Бұл біз сияқты шалғай ауыл тұрғындарына бұрын-соңды жасалмаған жағдай. Бір кездері отын жинап, тезек теріп жүрсек, енді бір шырпымен бүкіл үйімізді жылытып, асымызды әзірлейтін болдық. Осындай көрсетілген қамқорлығы үшін Президентке, облыс пен аудан басшылығына ауылдастарымның атынан, балаларымның атынан аналық алғысымды айтамын, – дейді ауыл тұрғыны Орынкүл Итжанова.
Рас, ауылда бұрындары күрмеуі қиын мәселелер қатары көп болған. Алайда бүгін бұлар түбегейлі шешімін тауып, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарған. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы ауыл әкімінің есепті кездесулерінде көтерілетін ескі мектеп, медпункт, жол, электр жарығы, телефон байланысы мен көгілдір отын сынды өзекті әрі проблемалық мәселелердің бүгінде бірі де жоқ. Мемлекет басшысының ауыл халқының әл-ауқатын арттыру мақсатындағы тың бастамаларының арқасында жергілікті тұрғындардың көтеретін көкейкесті мәселелерінің қатары сейіліп, ауылда он бес келушіге арналған заманауи медпункт салынып, 50 орындық білім ордасы бой көтерді. Мұнымен қатар әкімдіктің ұйытқы болуымен ауылға келетін ескі бағаналар мен сапасы сын көтермейтін электр сымдары ауыстырылып, соғандылықтарды толғандырған тағы бір мәселенің түйіні тарқатылды. Сондай-ақ округ орталығы Бетқайнар мен Соғандыны жалғайтын 28 шақырымдық тасжолдың төсемі жаңартылып, ауылішілік жолдар жүз пайыз жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Бұл аз десеңіз, өткен жылы таулы ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған байланыс мәселесі шешіліп, соғандылықтар алыстағы ағайын-туыс, қаладағы бала-шағамен байланысы жеңілдеп, ауыл балақайлары ғаламторға еркін кіретін болған.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекет тарапынан қолға алынып отырған барлық игі бастамалардың шапағаты біздің ауылдан табылады. Жол дедік, жарық дедік, мектеп дедік, медпункт дедік, интернет дедік… бүгін ауылда бәрі де бар. Енді міне, былтыр газдың негізгі магистралі салынса, бүгін құбырлар үйді-үйге түсіп, бір марқайып қалдық. Естуімше, ауылдың барлық тұрғындары газ мекемесімен келісімшартқа тұрып, қажетті қаражатын төлеп қойған. Мамандар аз күндері толықтай қосатынын айтып отыр. Бұл үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін дүние еді. Ауылымыздағы осындай өзгерістер үшін облыс, аудан басшылығына шынайы разылығымды білдіремін, – дейді ауыл тұрғыны, №33 орта мектеп директоры Тегіс Дәнеғұлов.
Айта кетсек, бұл жолы Соғанды ауылымен қатар ауданымыздың «Отар» аймағына жататын тағы оншақты елді мекенге газ жүргізіліп отыр. Мұнда бас-аяғы 175 шақырымды құрайтын магистралды газ құбыры тартылып, бүгінде жұмыс соңына таяды. Естеріңізге сала кетсек, тоғыз жолдың торабынан орын тепкен Қордай ауылы еліміздің аумағында алдыңғылар қатарында газдандырылған елді мекен. Алайда құрамына 19 округ, 41 ауыл кіретін ауданда кішігірім ауылдарды газдандыру мәселесі күні кешеге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол себепті өткен жылы Мемлекет басшысы бұл мәселеге жіті назар аударды. Нәтижесінде ауданымыздың «колхоз», «совхоз» және «Отар» аймақтарындағы ауылдарға газ құбырлары тартылып, көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін елді мекендер саны отыздан асты. Яғни алдағы күндері Қордай ауданының 94,8 пайыз тұрғыны (146 мыңнан астам адам) көгілдір отынға қол жеткізбек.

Әлібек ОСПАНОВ,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.