Шын бақыт бала тәрбиесінен басталады

0 33

Мемлкеттің нығаюы, елдің өркендеуі ондағы отбасылардың бақытымен берік болса керек-ті. Сондықтан да көреген бабаларымыз «Отан отбасынан басталады» деп өсиеттепті. Ал отбасының беріктігі мен ондағы береке – татулықта. Сол жарасымдылықты ұстанып, өнегелі өмір өрнегін көрсетіп жүрген отбасылардың бірі – Оңласын атай мен Әлимаш апайдың шаңырағы. Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылында тұратын Күнбасовтар әулеті көпшілікке мұғалімдер отбасы ретінде таныс.

Расында, бұл әулетті педагогтер династиясы ма дерсің. Шаңырақтың иесі Оңласын атай да, жұбайы Әлимаш апай да, қыздары мен келіндері де бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген ұстаздар. Бұл үйдің барлық мүшелерінің ой-пайымдары «барлық бақыт бала тәрбиесінен басталады» дегенге тіреледі.
– Өмірдің қызығы да, мәні де балада. Алайда аталарымыздың «Бала берсең, сана бер» дейтіні адам салиқалы ұрпақпен ғана шын бақытқа бөленетінін меңзейді. Оның түбі тәрбиеде жатыр. Кез келген бала дүниеге ештеңеден хабарсыз, ақ-қараны ажырата алмайтын, кәдімгі ақ парақ секілді келеді. Оның бойына адами қасиеттер анасының ақ сүтімен, әлди үнімен, өскен үйіндегі жандардың іс-әрекетімен сіңеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөздің мәні осында. Шүкір, дүниеге
7 бала әкелдім. Үйде өз балаларымды, мектепте өзгенің балаларын тәрбиеледім. Баса айтқым келеді, жас ұрпақты тәрбиелеу – ең маңызды іс. Ол арқылы бүтін бір еліңнің болашағына бағдар түзесің. Сонысымен де еңбекте мұғалім болу – мәртебелі, өмірде әке-ана болу – ардақты есім. Сол есімге ие болдың ба, атыңа дақ түсірмеуге мүдделісің. Міне, менің мұғалім болудағы, аналық жауапкершілігімді сезінудегі ойым осы, – деп Әлимаш апай өскелең ұрпақтың алдындағы үлкендердің міндетін сөз етті.
Алтын алқалы ананың жолын тұңғыш келіні де жалғапты.
– Біздің халықта «Келін ененің топырағынан» деген жақсы сөз бар ғой. Әлде қыз бала бойжетіп, өз жұртын тауып, ақ босаға аттағаннан соңғы өмірінде ең жанашыры анасының орнын қайын енесі басатындықтан ба екен, сол кісінің барлық ұстанымына мойынсынасың. Қыз бала анасының, содан соң енесінің қасында көп жүретіндіктен де болар, мен де енем айтқандай, дүниенің бар қуанышы балада деп білемін. Жаратқанның бергеніне шүкір, балаларым – байлығым. Мен де осы шаңыраққа келін болып түскенімде екі енем болып еді. Қазір менің де келініме жөн-жосықты көрсетер қос ене бір шаңырақта отырмыз. Әуелгіде оқыған мамандығым басқа еді, осы отбасына келін болып түскеннен соң енемнің ақылымен мұғалімдікті оқып, ұстаздық жолда қызмет етіп жүрмін, – деп енесінің сөзін жалғады 7 баланың анасы Назира.
Бір үйде ата-әже, әке-ана, ұл-келін, немере-шөбере болып тату-тәтті күн кешіп жүрген шаңырақтан ұрпақтар сабақтастығының әдемі үрдісін көріп, сүйсіндік.
– Біз арғы атамыздың үлкен үйіміз. Атамыз Нұралының алты баласының тұңғышы Күнбас 18 жыл би болған. Оның баласы Толымбек – менің әкем. Әкемнің бір ұлы едім, шүкір, қазір 7 үй болдық. Қос ұлым әулетіміздің тамырын жайса, 5 қызым өрісімді кеңейтті. Үлкен ұлым әскери қызметті таңдады, кішісі тәртіп сақшысы болып, қазір құрметті демалыста. Қыздарымның бәрі де анасы екеуміздің ізімізді жалғап, ұстаз болды, – деп Оңласын атай әулеттерінің түп-тамырынан сыр тарқатты.
Бір қызығы, Оңласын атай мен Әлимаш апай бір сыныпта оқып, тіпті бір партада отырыпты. Отан алдындағы парызын өтеп келгеннен соң отау құрыпты. Алғашқыда теміржолшы мамандығын меңгерген Оңласын атай кейін педагогикаға бет бұрады. Сөйтіп, бір сыныпта оқыған жан жарымен бір мектепте еңбек етеді.
– Қай жерде де берекенің тұтқасы бірлікте. Сол секілді шаңырақтың шаттығы да татулықпен толығады. Жасы кішілер үлкендерге құрмет көрсетіп, жөнін айтқан ақылға тоқтаса, жастарға да сенім нығайып, ізет болады. Ата-ананы, ұстазды сыйлаған баланың болашағы жарқын. Балаға бақыт әкенің ақ батасымен, ананың алғысымен келетінін ұмытпасақ деймін.
Әлі есімде, кішкене күнімізде Монтақа деген татар ұлтының қызы бізге сабақ берді. Апайдың әр қимылы, киім киісі, сөйлеу мәнері еліктірмей қоймайтын. Және Әшімбай ағайдың нық сөйлеп, қажет кезінде қаталдығын да көрсететін қасиетіне еліктеп, «Солардай мұғалім болсам» дейтінмін. Ондай ұстаз бола алдым ба білмеймін, әйтеуір, оқушыларымның әрбірінің сабақ үлгерімімен қоса, бойын таза ұстауына дейін мән беретінмін. Бала болған соң кейде үйіндегі үлкендердің киімін киіп келетіндер де кездесті. Ондайда оқушының киімін реттеп болған соң ғана сабақты бастайтынмын. Кейбір балалар тұрмыстық жетіспеушіліктен керегін таппай отырса, өз балаларымыздыкін беріп толықтыратынбыз. Өз балаларымызды қалай көрсек, оқушыларымызды да дәл солай қабылдадық. Кейбір ер балалардың салақтықпен алдырмаған шашын тезірек қысқартсын деп бір шетін қайшымен қиып жіберетінмін. Тырнағы өсіп кеткендерге де сондай қатаң ескерту беретінбіз. Қазіргі оқушыларға мұғалім солай жасап көрсінші, ата-анасы бірден мектепке барып шу көтереді. Айналайын-ау, ол баланың жақсы болуы үшін ескертеді ғой. Ата-ана баласын жаман болмасын деп ұрысып, қателескенде жаза қолданса, мұғалім де сол жасөспірімнің болашағының бақыты үшін шара қолданады ғой. Қазір келін, қыздарыма «Біреудің баласын оқытқанда абайлаңдаршы», деп отырамын. Бүгінгі жаңа заманда ілім іздеуге мүмкіндік мол, үйренудің де ұтымды әдістері қолданылып жатыр. Бірақ тәрбиені тыс қалдырмау керек, – дейді ардагер мұғалім Әлимаш апай.
Ұстаз ананың бұл сөзі ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегенін еске салды. Расында да баланы бақытқа балап, оның игілігінен ештеңені аямағанымызбен, тәрбие үшін тыйым да керек. Тыйымның бәрі еркіндікті шектеу емес, келешектің кемелденуін қолдау, баланы қауіптен қорғау.

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.