Мәдениет

Шын талантқа тұсау жоқ

«Men Qazaqpyn» мега жобасы биыл да жалғасын табуда

«Ел іші – өнер кеніші» дейді халық даналығы. Кешегі жауһар жырдың жампозы Жамбылдың ізі қалған, дүлдүл Кенен бабамыз Көкшолақпен кезген киелі Әулиеата жерінде төл өнердің туын тіктеп, тұғырын биіктетіп жүрген жастар бүгін де аз емес. «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының ұйытқы болуымен былтыр ел ішіндегі өнерпаздардың қанатын қомдап, талантын таныту мақсатында жоғары деңгейде ұйымдастырылған «Men Qazaqpyn» мега жобасы көпшіліктің көңілінен шыққан еді.

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап өткен рухани қазынаның қайнар бұлағы халқымыздың төл өнерінде жатқаны ақиқат. Атадан балаға мұра болып келе жатқан ән, терме мен күй өнерін дамытып, дәріптеу бағытында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, облыстық, аудандық әкімдіктердің қолдауымен былтыр ұйымдастырылған «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының «Men Qazaqpyn» халықаралық мега-жобасына 3 мыңнан астам адам қатысуға өтініш білдіріп, 57 өнерпаз телевизиялық байқауға жолдама алған болатын. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген «күміс көмей, жез таңдай» дарындардан бөлек, Ресей, Моңғолия және Қытай Халық республикасынан қатысқан таланттар да бар. Халықтың көңілінен шығып, жоғары бағасы мен сұранысына орай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын мәртебелі мега-жоба биыл да жалғасын тапты. Биылғы байқаудың өзіндік өзгешеліктері де бар. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен басқосуда «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Жасұлан Әбдіманап, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина айтып өтті.

– Былтырғы жоба өте жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі өнер мектептері қалыптасқан өңірлердің өнерпаздарымен иық тіресе сайысқа түскен жерлесіміз Сұлужан Әбенованың дарыны дараланып, еңбегі бағаланып, көрермен көзайымы атануы да абыройлы іс болды. Халықтың жүрегіне жол тапқан жобаны биыл да бастағалы отырмыз. Оған қолдау көрсетіп отырған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына алғыс айтамыз. Басқармамен екіжақты меморандумға қол қойылған. Биыл да өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңға жетелеп, талантын жан-жақты көрсетеміз деп ойлаймыз, – деген Жасұлан Лесбекұлы жобаның Байзақ ауданынан басталатынын да тілге тиек етті.

Ал, Зүбайра Жарқынқызының айтуынша, байқауға қатысушы үміткерлердің арнайы музыкалық білімінің болуы міндетті емес. Яғни, өнерпаздың табиғи талантына ғана басымдық беріліп отыр. Бұған қоса биыл қатысуға ниет білдірушілердің сапалық құрамы да жақсарған. Өз сөзінде басқарма басшысының орынбасары Батыс Қазақстан өңірі мен Жетісудағыдай күйші, термешілердің мектебін Әулиеатада да жетілдіру мәселесі және өңірде кәсіби деңгейде музыкалық маман даярлайтын оқу орнының қажеттілігі жөнінде де айтып өтті. «Кеңестік кезеңде аймақта мәдени ағарту училищесі болғаны белгілі. Сұраныстың азаюынан оның жұмысы тоқтады. Былтыр музыкалық білім беретін, кәсіби маман даярлайтын оқу ордасын ашу мәселесі бойынша облыс басшылығына ұсыныс бергенбіз. Алдағы уақытта білім басқармасымен бірлесе отырып, мәселенің шешімін табамыз деген ойдамыз» деді ол. Ал, атадан қалған ардақты асыл мұрамызды бүгінгі заман талабына сай жаңғыртып, өскелең өрімтал ұрпаққа жеткізу негізіндегі биылғы байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы кез келген үміткер қатыса алады.

– Былтырғы байқауға әр ауданнан санаулы ғана өнерпаздарды облыс орталығына шақыртсақ, биыл өзіміз аудандарды аралап, үздіктерді анықтаймыз. Аудандарда Аяз Бетбаевтың шәкірті Ертай Тазабеков, дәстүрлі ән бойынша Айгүл Мақашова, ал күйшілерді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов іріктейтін болады, – деді аталмыш басқармаға қарасты халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дутбаева.

Бүгінде төл өнерімізді төрге шығарған телевизиялық доданың іріктеу кезеңдері басталып кетті. Мұндай шаралар 14 мамырда Байзақ ауданы мен Тараз қаласында, 15 мамырда Т.Рысқұлов пен Меркі, 16 мамырда Қордай мен Шу аудандарында өтіп үлгерді. Ал, бүгін Мойынқұмда, 18 мамырда Сарысу мен Талас, 19 мамырда Жамбыл мен Жуалы аудандарында іріктеу шаралары ұйымдастырылады. Алдағы 14 маусымда Тараз қалалық мәдениет үйінде облыстық іріктеу кезеңі өтеді. Қатысушылар бір-бірінің шығармасын қайталамай, сирек туындыларды орындауы қажет. Байқаудың басты талабы – осы. Ал, облыстық іріктеуде жеңімпаз атанған 1 әнші, 1 күйші мен 1 термеші республикалық сайысқа жолдама алып, өңір намысын қорғайтын болады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР