"Шабыт"

Шын таланттарға шабыт сыйлаған Jambyl Taraz

Өткен аптада Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Jambyl – Тaraz» газеті мен «Золотой Караван» туристік орталығы бірлесе ұйымдастырған байқаудың жеңімпаздары анықталды. Қарт қаламыз Тараздың тағылым шерткен тарихы мен ажарын айшықтап, суреттеу әрі жұртқа кеңінен насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған байқау ережесі екі ай бұрын жарияланған болатын.

Нәтижесінде жарысқа қатысып жеңімпаз атанған жастарды қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов арнайы құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыс етті. Ғалымжан Райылұлы өз сөзінде шаһардың тарихына тоқталып, өткені мен бүгінінен сыр шертті. Өлкеміздің шығармашылық жастарына шабыт сыйлап, ертеңіне жол ашып жатқан «Jambyl– Тaraz» газетіне алғысын білдірді.
Байқау ереже бойынша үш кезеңнен тұрған болатын. «Менің киелі Таразым» атты сурет салу кезеңіне 146 жас суретші қатысып, көркем қаланың көрігін қылқаламмен бейнелесе, екінші кезең «Тараздың құпия сырлары» атты эссе байқауында 18-25 жастағы жастар қатысып, тарихы көне, тағылымы мол Тараздың танылмаған тұстары мен тың деректері, рухани қазынасы мен құндылығы жайлы қалам тербеді. Ал, «Таразым – тұмарым» фото байқауында қатысушылар «Jambyl–Taraz» газетінің бір данасымен қаланың тарих тұнған көрікті жеріне суретке түсіп, фотосуретті «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желісіне #tarazymtumarym хэштегі бойынша жүктеген болатын.
Сонымен аталмыш шара нәтижесінде «Таразым – тұмарым» фото байқауында бірінші орынды –Айдана Рахманбердиева иеленсе, екінші орынды Мұрат Тұрысбек еншіледі. Ал, үшінші орынды Ардақ Сапибулла қанжығалады. «Тараздың құпия сырлары» атты эссе байқауы бойынша Назерке Исырайлова үздік деп танылса, екінші, үшінші орындар Шұғыла Ақылбек пен Шаттық Әбдуәліге бұйырды. Және «Менің киелі Таразым» жас суретшілер байқауында бірінші орынға Қалбүбі Жетібаева қол жеткізді. Екінші орын Батырхан Амангелді мен Алина Малаеваға бұйырса, үшінші орынды Тамирлан Сулейманов, Екатерина Шмик пен Еңлік Болатжан олжалады. Сондай-ақ, байқау барысында «Дарынды бала», «Үкілі үміт», «Жұлдыз», «Шебер», «Алтын қалам», «Өнерлі бала», «Жас суретші» сынды номинациялар бойынша 33 бала марапатталды. Жеңімпаздарға планшет, смартфон, телефон сынды бағалы сыйлықтар табысталса, жоғарыдағы аталым бойынша жүлдегер болғандарға «Золотой Караван» туристік орталығы ерекше естелік сыйлықтар ұсынды.
Шара соңында «Jambyl–Taraz» газетінің директор-Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали мен демеушілік танытқан «Золотой Караван» туристік орталығың директоры Альбина Веймер сөз алып, қатысушыларға ізгі лебіздерін білдірді. Ұйымдастырушылар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған шараның жастарға берері мол екендігін айтып, алдағы уақытта мұндай байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.

Е.ХАНЖАНҰЛЫ,
Тараз қаласы

ПІКІР