Облыстық әкімдікте

«Шыныққан шымыр болады»

Written by Aray2005

Биыл аймақта спорттық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 120 жоба жүзеге асады

Ағымдағы жылы облыста спорттық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 13 жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) және 92 спорт алаңы салынады. Екі стадион күрделі жөндеуден өтеді деп көзделсе, үлкен теннис орталығы қайта жаңартылмақ. Сонымен қатар, 12 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұл орайда Тараз қаласында 41 жоба жүзеге асырылып жатқандығын айта кету керек. Олардың қатарында үш денешынықтыру-сауықтыру кешені, 35 алаң, мектеп стадионын ағымдағы жөндеу, «Ұлан» стадионын күрделі жөндеу және теннис орталығын қайта жаңарту жұмыстары бар.
Аймақ басшысы алдымен теннисті дамыту орталығына ат басын бұрып, ондағы жоспарлы жұмыстармен танысты. Мұнда алты корт бар десек, олардың екеуі жабық корт. Орталықты қайта құру жұмыстарын «Қордай Жолғай» ЖШС жүзеге асыруда, жоба құны 200 миллион теңгені құрайды.
Бердібек Сапарбаев шығындарды оңтайландыруды, жобаның құнын төмендетуді, ал мердігерден бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жақын маңдағы әлеуметтік мекемелерге көмек көрсетуді талап етті. Мұндай талап туралы «Шалғай Қарасу» иінінде ДСК салып жатқан «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС өкілдеріне де айтылды.
Осыған ұқсас дене шынықтыру-сауықтыру кешендері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Талас» және «Қант зауыты» шағын аудандарында да салынатын болады. Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі жасыл желектерді сақтау, балаларды көптеп тарту үшін секциялар санын арттыру, автотұрақ пен жазғы спорт алаңын қарастыруға айрықша көңіл бөлді. Қажет болған жағдайда жобаға өзгерістер енгізу керек.
Осы орайда «Ұлан» стадионын күрделі жөндеу жобасына да өзгерістер енгізу қажеттігі ескерілді. Футбол алаңының деңгейін көтерудің ерекше қажеттілігі болмағанымен, кешен қазіргі №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының қасбетімен өзара үйлесім таба түспек.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Рысқұлов көшесіндегі жол құрылысының барысымен танысты. Бердібек Сапарбаев мердігерге жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты ескерту жасап, оларды тез арада түзетуді тапсырды.
«Қаратау» шағынауданындағы № 1-5-үйлер арасындағы аулада «Самұрық-Қазына Траст» қорының қаржысына заманауи көпфункционалды спорт алаңы салынуда. Онда шағын футбол алаңы, көше тренажерлары мен балалар аймағы қамтылып, нұсқаушы және үш күзетші жұмыс істейтін болады.
Облыс әкімі жауаптыларға жарықтандыру, ескі құрылымдарды әрлеуді, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауды тапсырды.
– Алаңдар халықтың барлық санаттары үшін қолжетімді және жергілікті жастардың жиі келетін орталығына айналуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Осындай жобаларды «Самұрық-Қазына Траст» Байзақ және Қордай аудандарында да жүзеге асырмақ. Тиісті жұмысардың барлығы 1 маусымға дейін аяқталуы тиіс.
– Бізге жамбылдықтарды жаппай спортқа тарту керек. Спорт алаңдары мен басқа да нысандар бос тұрмауы тиіс. Бұл ретте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және жасөспірімдер қылмысының деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Ешкім бюджет қаржысын есептемейді. Кейбір жобалардың құны өте жоғары. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобаны әзірлеу барысында бақылауды, шығын мөлшерін барынша оңтайландыру және құрылыс сапасына мониторинг жүргізуі қажет, – деп қорытындылады облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР