Шыңыңа көз жетпес, көркіңе сөз жетпес – Сұлутөр!

0 31

Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, қойнауы қазынаға толы кең-байтақ дала халқымызға Құдайдың берген ең асыл сыйы, бабалардың ең киелі аманаты. Өр тұлғасы айбатты таулары, Табиғат-ананың көз жанарындай мөп-мөлдір көлдері, тіпті құм астына құндылықтарды жасырған шөлдері де ғажайыпқа толы. Байтақ даланың қай тұсын айтсақ та сөз жетпес сырға толы. Солардың бірегейі – өңір табиғатының айнасына айналған қасиетті Сұлутөр. Тау алды кең жазық жазда елдің жайлауы болған суы мол, шөбі шүйгін, жері отты, ауасы саф, жанға да, малға да, аңға да жайлы мекенді бабаларымыз сұлулықтың төрі деп бекер айтпаса керек. Тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің бойтұмары – көк туымыздағы қыран да Сұлутөрдің көркіне, киесіне тұғырдан тағзым етіп, қанатын құлаштап құшағына сыйдыра алмай жүргендей. Табиғаты тылсымға тұнған Сұлутөрдің тарихы да тағылым тұңғиығына жетелейді. Мұнда дана бабаларымыздың ізі сайрап жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы жауһар шаһарлардың бірі болған Өрнек қалашығы бар. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Әулиеатада 5 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасына енсе, соның бірі де бірегейі осы қалашық. Сонымен қатар Өрнек өңірдің қасиетті жерлерінің географиялық картасына да енген. Қоңыр салқын қолайлы ауа райы, жұмбақ жауһарлары Сұлутөрдің қасиетін күллі адамзат баласына әспеттеп тұр десек, асып айтқандық болмас.
«Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиевтің бастамасымен балбал тастардағы Ұлы дала тарихын зерделеу жұмыстары қолға алынған болатын. Газетіміздің фототілшісі, белгілі фотограф Алтынбек Қартабайдың «Табиғат – тал бесігім» атты фотоэкспедициясы да туған жер сұлулығының ғажайыптарын түгендеп, өскелең ұрпақ назарына ұсыну бағытында бастау алған. Экспедиция бұл жолы қасиетті Сұлутөрге арнайы ат басын бұрып, қайталанбас сұлулықтың фотомұрасын жинақтап қайтты. Осы ретте назарларыңызға көркіне көз тоймас Сұлутөр сапарында әріптесіміз Алтынбек Қартабай түсірген фотопейзаж көріністерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.