Қоғам

«Сиқырлы сандық», сырлы әлем, сыралғы көрермен

Телеарна жаһанда болып жатқан жаңалықтан халықты құлағдар етуші, тіпті оқиға орнынан тікелей түсірілім жасап, жедел хабар тарату әлеуетіне ие ақпарат көзі ғана емес, эфирден берілетін сан түрлі бағдарламалар мен фильмдер, өзекті тақырыптар арқылы жұртшылық арасында қоғамдық пікір қалыптастырушы, ұрпаққа тағылымды тәрбие бере алатын қуатты құрал. Сондықтан да телеарнаның қоғамда алар орны айрықша.
Бүгінде қазақ даласында қазақша хабар таратып, алғаш ашылғаннан бері ел тұрғындарын құнды дүниелермен қауыштыра білген төл арнамыз – «Қазақ телевизиясының» өмірге келгеніне 60 жыл толып отыр. Құтты қадамын Алматы қаласында бастаған, Қазақ руханиятының қайнар көзіне айналған «Қазақстан» ұлттық телеарнасының елге бергені де берері де көп. Заманмен жарасып, уақытпен бірге жаңарған ұлттық арнаның қашанда шоқтығы биік, беделі басым. Өйткені, ол әр өңірде ашылған облыстық филиалдар ғана емес, республика көлеміндегі барлық телеарналар үшін «қара шаңырақ» болып есеп­теледі.

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде ең ірісі саналатын «Қазақстан» ұлттық арнасының құрамында 3 телеарна, 14 аймақтық филиал мен 30-дан астам интернет сайттары және 4 радиожелісі бар екен. Бір айта кетерлік жайт, біз жаңа әліпбиге көшу мәселесін көп болып талқылап жатқан тұста «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерлан Қарин барынша батылдық танытып, әр облыстағы телеарналардың логотиптеріне өзгеріс енгізгені, әр өңірдің өзіне ғана тән тарихи-географиялық атауларын латын әліпбиінде қайтарып бергені есте. Мәселен, бұрын «Қазақстан-Тараз» «Қазақстан-Павлодар», «Қазақстан-Қарағанды», «Қазақстан-Қызылорда» және тағы басқа болып аталса, енді «АQJАIYQ», «АLТАI», «ЕRТІS», «JAMBYL», «КÓКSHЕ», «QYZYLJАR», «ОŃТÚSТІК», «SАRYАRQА», «SЕМЕI» болып өзгерді.

Осы арқылы әр өңірдің өзіндік төл атауы елдің санасына біртіндеп сіңе беретіні айдан анық. Ұлттық арна басшысының тағы бір бағалы бастамасы – Астанада немесе өзге қалаларда еңбек етіп жүрген телеарна саласының білгір мамандарын Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында туған жерлеріне қайтаруы. Соның бірі – «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының облыстағы филиалы – «JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап. Ол Қазақ телевизиясының 60 жылдығын жалғыз ұлттық арнаның 60 жылдық мерейтойы деп қабылдауға болмайтынын айтады.

– Бұл мерейтой Қазақстандағы «Хабар», «Еларна», «КТК», «Еуразия», «31», «Астана», «Балапан» секілді барлық телеарналарға, еліміздегі бүкіл телевизия саласының мамандарына ортақ мереке. Себебі, Қазақстандағы телеарна атаулы осыдан алпыс жыл бұрын 8 наурызда алғаш рет сигналдық таратылымға шығып, 16 сәуірде тұрақты хабарлар бере бастаған «Қазақ телевизиясының» шекпенінен шығып отыр. 1958 жылға дейін бар ақпарат елімізде дәстүрлі түрде газет-журналдар мен радио арқылы таратылып келсе, оқиға орнынан теледидар арқылы жедел хабар тарату, яғни электронды ақпарат құралы болып табылатын «Сиқырлы сандық» 1958 жылы пайда болған. Содан бергі тарихи кезең 60 жылды құрап отыр.

Телевизия саласының маманы ретінде бір білетінім, ұлттық арна әр уақыттарда өзінің дәуірлеу кезеңін бастан өткерді. Соның ішінде Шерхан Мұртаза, Ғалым Доскен секілді басшылар басқарған тұста Қазақ телевизиясының беделі асқақтай түсті. Қазіргі таңда да ұлттық арна жаңа келбетте, соны бағытта дәуірлеу кезеңіне қадам басты деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, басшылыққа Ерлан Қарин келгелі бірқатар жаңа жобалар қолға алынып, әдеби, мәдени, саяси тақырыптарды ашып көрсетуде бұған дейін болмаған батыл қадамдарға аяқ басты. Мәселен, ұлттық арнада министрлер мен вице-министрлерді, жалпы қоғам қайраткерлерін ешқандай цензурасыз тікелей эфирге шығаратын студия өмірге келді. Одан бөлек, әр апта сайын қоғамдағы өзекті мәселелерді жеріне жеткізе талқылайтын «Мәселе» бағдарламасы, «Апта KZ» cараптамалық қорытындысы, әлем мәдениеті мен біздің төл әдебиетімізді ұштастыратын «Парасат майданы», елдегі бүкіл дәстүрлі әншілер мен термешілер шығармашылығының шырқау биікке көтерілуіне түрткі болған «Мен қазақпын» жобасы және халықаралық деңгейде ұлы «Жібек жолы» бойындағы түркі тілдес елдердің әншілерін бір ортаға жинаған «Silk Way Star» халықаралық мегажоба Ерлан Тынымбайұлы келген бір жыл ішінде жүзеге асырылып, жұртшылық тарапынан оң бағаға ие болды, – дейді ол.

Жасұлан Лесбекұлы облыстық телеарналар кадр дайындайтын ұстахана іспетті екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, «Қазмедия орталығы» мен республикалық телерналарда еңбек етіп жүрген мамандардың 60 пайызы біздің облыстық телеарнаның қарлығаштары екен.

– Газет-журналдарға қарағанда, тележурналистер тез танылады. Білікті мамандарды республикалық телеарналар шақыртып алатындықтан, бізде кадр көп тұрақтамайды. Арысын айтпағанда, кейінгі кезде ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізіп жүрген Жансерік, жаңалықтар қызметіндегі Шерхан есімді жігіттер біздің арнадан түлеп ұшқан жастар. Осы тектес монтаж жасаушы, оператор, режисер секілді кадр сыртындағы сан түрлі маман иелерінің жемісті жұмыстары бізге мақтаныш. Сондықтан, қазақ телевизиясының қарашаңырағы «Қазақстан» ұлттық арнасының қалыптасуына біздің облыс та айрықша үлес қосып жүр деп нық сеніммен айта аламын. Ал ұлттық арнаның мерейтойын сөз етсек, бұған өз үлесімізді қосу мақсатында қаңтар айында бұрын облыстық телеарналарда қызмет еткен мамандарды, яғни хабар, жаңалық жүргізген дикторларды қайта шақыртып, олар лек-легімен бір ай бойына жаңалық жаршысы болды. Ол кісілердің қатысуымен «Қара шаңырақ» деген фильм түсірдік. Түрлі флешмобтар ұйымдастырып, Жамбыл Жабаев атамыздың туған күні мен республикалық телеарнаның 60 жылдығына арналған айтыс өткіздік. Телевизия саласының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында оларды ұлттық арнаның Астанада аталып өткен мерейтойына апарып келдік, – дейді Жасұлан Әбдіманап.

Жалпы, біздің облыста телеарна 1989 жылы ашылғаны белгілі. Оның ашылуына сол кездері облыстық телевидение және радио хабарларын тарату жөніндегі комитеттің төрағасы болған Әбжан Жақсыбеков атсалысып, жаңа ұжымның ұйымдастыру жұмыстарына, материалдық-техникалық базасының жасақталуына елеулі үлес қосқан. Бұдан кейін телеарна тізгінін әр жылдары Елен Әлімжан, Мұсабек Рахманбердиев, Әлмұқан Исақ, Бекет Момынқұл, Әлібек Татанов, Қалыбек Атжан, Мейрамбек Төлепберген секілді азаматтар біліктілікпен ұстаған. Соның ішінде Әбжан Жақсыбековтің есімі ұлттық арнаның алғашқы меншікті тілшісі ретінде де аталады. Ол 1970 жылдары, одан кейін Мұқан Әбілқайыров 1993-1998 жылдары, 2002-2004 жылдары Бақытжан Советұлы меншікті тілші болыпты.

– Менің білетінім, 1998 жылы облыстағы меншікті тілшінің штаты жабылып қалды. Оған дейін де бұл қызмет бірде ашылып, бірде жабылып қалып отырған. Десе де, республикалық телеарнаға өңір жаңалықтарын қазақ тілінде мен, орыс тілінде Наймбек Бағбанов екеуміз жіберіп жүрдік. 2002 жылы штат ашылып, екі жыл меншікті тілші қызметін атқарып, сосын радиоға ауыстым. Орныма Жасұлан Әбдіманап меншікті тілші болып орналасты. Журналистік қарым-қабілетін республика көлемінде кеңінен танытқан ол сыртта бірқатар жауапты әрі басшылық қызметтерді абыроймен атқара білуінің арқасында өзі ұшқан ұясына басшы болып келді. Қазір телеарнаның аяқ алысынан жаңа леп байқалатынын көрермендер де сөз етіп жүр, – дейді Бақытжан Советұлы.

Шынында да, соңғы 4-5 айдың ішінде біз көрген жетістіктің бірі –сараптамалық бағдарламаның қайта оралуы. Ол бүгінде «Апта» деген айдармен жарыққа шығып жүр. Негізінде, газет те, телеарна да сараптамалық материалсыз құнын төмендетіп алатыны белгілі. Бұдан бөлек, бәйге аттарды баптау жөнінде «Атбегі», қайырымдылық бағытында «Жомарт жүрек», дәстүрлі әндерді дәріптеу мақсатында «Жаңа есім» атты соны жобалар жүзеге асырылуда. Бізге мәлім болғандай, алдағы екінші жартыжылдықта аудан әкімдері мен түрлі сала, басқарма басшыларының жұмысын ашып көрсететін «Рейтинг», өңірде өзін блогер санайтын әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына шын мәнінде блогерліктің қандай болатынын дәлелдейтін, олардың кемшіліктерін көрсете отырып, жұмысын ширататын «Антиблогер» атты жаңа жобалар жарыққа шықпақ. Сонымен қатар, өндіріс, заң, өнер, денсаулық секілді әрбір саланың білікті мамандары эфирде өз саласына қатысты салиқалы хабарлар жүргізбекші.
Осындай жаңа жобалар мен байыпты бастамаларды қолға алып отырған, талай дарынды теле­журналис­тер­ді түлеткен облыстық теле­арна­ның жұмысына жеміс тілей отырып, халық сана­сына сал­мақты ой салар хабар­лар қатары көбейе берсін демек­піз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР