"Сырғалым"

Сіз біздің жүрегіміздесіз…

Облыстық «АРАЙ» жастар газетінің «Менің анам» айдары жанды баурайтын, жүректі шымырлататын жарқын жобалардың бірі десем артық айтқандық емес. Өйткені, бұл дүниеде анадан ардақты, анадан аяулы, анадан асыл жан кемде-кем. Ал, ғұмыры ғибратпен өрілген ғазиз жандар туралы перзенттері толғанғанда әсерленбей оқу мүмкін емес.

Ана!… Осы бір небәрі үш әріптен ғана тұратын қастерлі де қасиетті сөзде ауызбен айтып та, қаламмен жазып та жеткізе алмайтын нендей ғажап сыр, құдірет бар десеңізші… Ол бойындағы бар ізгі қасиеттерін, мейірімін, жақсылығын бауыр еті балаларына, біздің бойымызға сіңіреді.

Қара шаңырақтың құты, әулеттің ұйытқысы, балаларының ардақтысы болған асыл жандардың бірі, аяулы анамыз Балаукүл Нұрханқызы елге сыйлы, өңірге аты белгілі текті әулеттің қызы болған. Ол кісінің әкесі Нұрхан, Нұрханның әкесі Шағатай өз заманында қара қылды қақ жарып, дау-дамайды әділ шешетін би болыпты. Ал, Ілебай датқа анамыздың арғы бабасы. Яғни, анам оның шөбересі болып келеді.
Әкеміз Жазыбай мен анамыз бірге өткізген ғұмырында тату-тәтті өмір сүрді, бақытты жанұя атанды. Анамыз өмірге жеті ұл, бір қыз әкеліп, мәпелеп өсірді, қанаттандырды. Бұл күндері олардың бәрі ержетіп, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып отыр. Ата-анамыз біздерді «біреудің ала жібін аттама, біреуді ғайбат сөз айтып сыртынан даттама, бауырларыңа, ағайын-туғаныңа жақсылық жаса» деп тәрбиеледі. Әке-шешеміздің осы ақыл-кеңестерін біздер ешуақытта да естен шығарған емеспіз.

Біздің үйде ол кездері қысы-жазы екі-үш сиыр, жаз-күз айларында міндетті түрде екі бие сауылатын. Отбасымызды нұр шапағатына бөлеп, шуағын шашқан күндей мейірімімен жылытып отыратын асыл анамыз отбасының күнделікті бір бітпейтін шаруасымен қатар бала тәрбиесін де қоса атқаратын. Бірақ, қаншалықты жатпай-тұрмай бейнеттеніп, шаршап-шалдығып жүрсе де анамыздың бір қабақ шытқанын көрген емеспіз. Біз бәріміз тек ұл балалар болдық та, үй тіршілігінің түгел ауыртпалығы анамызға түсті.

Анамыз тек отбасын ғана емес, көрші-қолаң, ауыл-аймақтың да қамын ойлап, амандығын тілеп отыратын ел анасы еді. Әрдайым, «айналайын», «қарағым», «шырағым» деп жүргені. «Құдай бергенге береді» демекші, біздің үйден кісі үзілген емес. Тіпті, кей күндері анамыздың қазанды екі-үш рет көтеретін кездері де болатын.

Айран-сүт мол болғандықтан, анамыз көрші-қолаң, туыстарға да сұрағанын үлестіріп бере беретін. Ол кезде, әрине сату деген ұғым жоқ. Бала кезімізде біз үйде неге екі бие сауылады деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, бір биенің қымызы сырттан келіп ішетін тамыр-таныстарға, екінші биенің сүті өзімізге деп жоспарланады екен. Анамыздың қымыз күбісін ыстайтын өз әдісі бар еді. Күбідегі қымыз кешке қарай неғұрлым көбірек пісілсе, соғұрлым дәмі кіретіні белгілі. Сондықтан да анамыз кешке біздерді, ересек балаларды тізіп қойып, 50-100-ге дейін санатып күбі пістіретін. Ал, күнде таңертең, құлқын сәріден үйге келген қымызқұмар қариялар, ферма, шаруашылық мамандары анамыздың бал қымызын рахаттана ішіп, рахметтерін жаудырып кететін. Қалған қымыз, әрине, біздерге, отбасына бұйыратын.
Анамыз өзінің төркін жағының да амандық-саулығын тілеп қашан да олардан жақсылық хабар күтіп, алаңдап отыратын. Нағашы әпкелеріміз Білім, Күлім және Жәмиләларды да тұрмысқа шыға қоймады деп уайымдап, біздің тойымызға түскен кілем, кір жуатын мәшине сияқты сол кездегі қол жетпейтін тауарларды солардың тұрмысқа шығу тойларына қосамын деп сақтап жүретін. Осының бәрі анамыздың ағайын-туған мен көрші-қолаңға, өз бауырларына деген ыстық ықыласы мен мейірім шапағатын көрсетсе керек.

Балалықпен қатар шалалықтың қатар жүретіні заңдылық. Қазіргі күні жастықтың желігімен жүріп, аяулы анамыздың қадыр-қасиетін білмедік пе деп те өкінеміз. Бірақ, ана әлемдегі ең кешірімшіл жан. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Кез келген жерде, кез келген уақытта өз перзентінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүретін осы ақ жаулықты аналар. «Перзентімнің табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін де осы асыл жандар емес пе?!

Тағдырдың жазғаны шығар, ақ тілегі қорғанымыз, ақ ниеті орманымыз, тағынатын тұмарымыз, жер бетіндегі жұмағымыз болған алтын құрсақты анамыз небәрі 55 жасында қан қысымы көтеріліп, кенеттен қайтыс болды. Анамыз ұлдарының тек екеуінің ғана (мен және менен кейінгі інім Бақтанның) үйленген қуанышын көріп, екі келіннің ғана қолынан шәй ішті. Өкініштісі, анамыз бізден кейінгі ұл-қыздары мен немерелерінің қызығын көре алмады.

Бір әулеттің шаңырағын шаттыққа бөлеп, берекесін тасытқан аяулы анамызбен мәңгілікке қоштасу біздер үшін өте ауыр болды. Құдай қосқан қосағынан елу алты жасында қапыда айырылған әкеміз қалды қабырғасы қайысып, перзенттері біздер қалдық улап-шулап. Бірақ, Алланың ісіне қолдан келер қайран жоқ.
Анамыздың бұл фәниден өткеніне 40 жылдай болыпты. Аяулы жанмен қоштасқан күн алыстағанымен анамыздың жарқын бейнесі, жылы лебізі, айтқан ақыл-кеңестері санамызда жаңғырып қала береді, әрине.

Алтын жүрек анамыздың мейірімге толы сөздері құлағымыздан, күлімдеген жанары мәңгілік көз алдымыздан кетпек емес. Жазмыштан озмыш жоқ. Ендігі жерде асыл анамыздың рухына құран бағыштап, қол жайғаннан басқа не амал бар?!
Жан ана, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш, иманыңыз жолдас болсын. Сіз біздің жүрегіміздесіз, асыл ана!

Мұхаметілдә ЖАЗЫБАЙҰЛЫ,
Тараз қаласы

ПІКІР