«Сіз қандай оқушы болдыңыз?»

0 70

Адам өміріндегі ұмытылмас сәулелі шақтың бірі мектептегі кезеңі. Алғашқы орта, алғашқы ұжым да осы киелі шаңырақтың табалдырығынан басталады. 25 мамыр – соңғы қоңырау мерекесіне орай түрлі сала өкілдерінен «Сіз қандай оқушы болдыңыз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген болатынбыз. 

«Алғашқы ұстазыммен 40 жылдан соң кездестім»

Мұртаза Бұлұтай,
Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы»:

– Бастауыш мектептің екінші сыныбында басымнан өткен бір оқиға есіме түсіп кетті, соны айтайын. Мен мектепті Түркияның Анкара қаласында оқыдым. Мектепке министрліктен тексеруге инспектор келе жатыр деген сөз таралып кетті. 1976 немесе 1977 жыл болса керек, барлық мұғалімдер мен мектеп басшылығы қауырт дайындыққа кірісіп кетті. Біздің мұғаліміміз Үлкү апай (Үлгі) еді, бізге инспектор сыныпқа кіргенде тәртіпті болыңдар, дұрыс жауап беріңдер деп ескертті. Бір күні сабақта отырғанымызда есік ашылып, мектеп директорының орынбасары мен бір топ адам кіріп келді. Бәрі бір адамға қарап отыр, кәдуілгі бір бек, би дерсің. Орташа бойлы, мұртты, тықырайған біреу екен. «Балалар, эрозия деген не?» деп сұрады. Түрікше эрозия дегенді «erozyon» дейді. Мен қол көтеріп жауап бердім: «Ағай, бұл халықаралық ән конкурсы, Түркия жылда қатысатын», дедім. Әлгі кісі күліп жіберді: «Балам, мен еуровидение деген жоқпын, эрозия дедім», деді. Сыныптағылардың бәрі күліп жіберді. Сөйтсем, мен инспектордың сұрағын дұрыс түсінбеппін, түрікше эрозияны «erozyon» десе, евровидение конкурсын «eurovizyon» деп айтады. Екеуінің айтылуы өте ұқсас.
Инспектор менің жауабыма таңғалды, екінші сынып оқушысы эрозияны сабақта өткен соң білуі мүмкін, ал еуровидениені қайдан біліп тұр деп таңырқаған секілді. «Ал эрозия туралы не айтасың?» деді. «Ол топырақтың құнарлы қыртысының жойылуы», дедім. «Эрозияның неше түрі бар?» деді инспектор ары қарай. «Үш түрі бар, жел мен су жасайтын эрозия және адам қолынан болатын түрі бар», дедім.
«Отыр балам, рақмет!» деді инспектор. Содан кейін қасындағыларға қарап: «Мына бала өте зерек бала екен, қолдаңдар! Осындай ақылды балаларды қолдау керек!» деп жылышырай танытып, дәрісханадан шығып кетті. Үлкү апай менің жауаптарыма өте разы болып, «жарайсың» деді. Осы бір оқиға есімнен кетпейді. 2019 жылы Анкараға барғанымда бастауыш мектепте маған білім берген осы Үлкү апайымды тура 40 жылдан соң тауып, хабарласып кездестім. Мені ұмытпапты, 40 жыл өтсе де барлық оқушыларына айтып жүрген екен. Құрметті демалыстағы ұстазыммен 40 жылдан соңғы кездесуіміз (фотода) өте әсерлі болды. Қазір зейнетте екен. Мен ол кісіге Қазақстаннан ұлттық кәдесыйлар апарып бердім, алғысымды айттым. Ол кісі маған батасын беріп, ризашылығын жеткізді.

«Сөгіс алғанымды студент болғанда бір-ақ білдім»

Айман Садықова,
Тараз қаласындағы «Мүбәрак-Мөлдір» балабақшасының директоры:

– Мен Сарысу ауданының бұрынғы «Жданов», қазіргі Қызылдихан ауылында дүниеге келдім. Осы ауылдағы 8 жылдық мектепті аяқтағаннан кейін 9-10-сыныптарды Байқадам орта мектебінде 1967 жылы бітірдім. Сабақты жақсы оқыдым, барлық пәндер мен үшін бірдей болатын. Әсіресе 8-сыныпқа дейін дене шынықтыру пәнінде жүгіруден алдыма жан салмайтынмын. Мектептегі барлық іс-шараларға белсене қатысып, 10-сыныпта жүргенде аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Ол кезде тәртіп қатал, кешке ешқайда шығуға болмайды. Бірде мектеп бітіруге аз уақыт қалды деп 8 наурызда сынып балалары жиналып отырыс жасап, бізді шақырды. Бір оқушының үйіне дастарқан жайыпты. Әдемі би кеші де болады десті естігендер. Қатардан қалуға болмайды, бардық, дастарқаннан дәм татып, ойын ойнап, билеп тарадық. Ертеңіне сабақта отырсам, директор шақырып жатыр деді. Мектеп басшысының кабинетіне барсам, кешегі отырыста гүл боп жүргендердің барлығы дерлік бастарын салбыратып, алды жылап тұр. Сол күннен бастап күніміз күн болмады, күнде бізді жинап ұрсу, жылату, тәртіп бұздыңдар деп жазалау бір аптаға созылды. Содан жұма күні Байқадамға бір жұмыстармен анам келген екен, маған жолығуды жөн санапты. Оларға болған жағдайды айтпағанмын. Күнде көрген құқайдан түрім де әбіржіп кеткен көрінеді, анам уайымдап неге көңіл күйімнің болмай тұрғанын сұрай бастады. «Ішімдік іштіңдер ме, төбелес болды ма әлде басқа мектептің балалары келді ме?» деп сұрақтың астына алды. Мен ешқандай төбелес, басқа да жағдайлар болмағанын, жай ойын ойнап, би билеп қайтқанымызды айтып ақталдым. Содан анам барлығымызды жинап, мектеп директорына кірді. Одан неге ұзақ уақыт балаларды жазалап, оны ата-аналарға хабарламағанын, оқушыларға сенімсіздікпен қарауының себебін сұрады. Осылайша апам сол жанжалдың соңғы нүктесін қоюға себепкер болғаны есімде. Осыдан ұйқымыз тынышталып, айқай-ұйқайдан құтылып, емтиханымызды тапсырып, жан-жаққа кеттік. Бірақ менің комсомол карточкама аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесінен шығарып, сөгіс жариялап жіберіпті, мен оны білмеймін. Алматыдағы ҚазПИ-ге түскенде бір-ақ білдім. Міне, сол кездегі тәртіп. Мен мектепті жақсы бітірдім. Пысық едім.

«Ұстазымның жақсы сөзі – көңілге медеу, жанға – шипа»

Үміт Ибраимова,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

– Менің алғашқы ұстазым – Опан әпкей. Бірақ ол кісі осыдан біраз жыл бұрын бақилық болды. Аяулы ұстазым өте сыпайы, мейірімді, салиқалы кісі еді. Әлі есімде, біз оқып жүрген кезде мектеп ұжымы үнемі жәрмеңке ұйымдастыратын. Сол жәрмеңкеге әр оқушы үйінен қажетті, пайдалануға, тұтынуға болатын бір қажетті заттар, жейтін түрлі тәттілер әкеліп, сынып жетекшісіне ұсынатын. Олар өз кезегінде жәрмеңкеде саудаланатын. Ол қаражатты қайырымдылық қорына өткізетін. Қателеспесем, 1-сыныпта оқып жүрген болуым керек, анам жәрмеңкеге деп маған 3 литрлік банкідегі тұздалған қызанақ (помидор) беріп жіберді. Ол кезде қайбір күшім бар, оны әупірімдеп көтеріп келе жатып, дәл мектептің алдына келгенде қолымнан түсіріп, сындырып алдым. Мектеп пен үйдің арасы анау айтқандай алыс та емес. Жәрмеңкеге қатыса алмайтынымды біліп, жылап та алдым. Сыныпқа кірсем, біреу ананы, біреу мынаны әкеп, ұстазға ұсынып, мақтанып, марқайып жатыр. Оны көріп тіпті құлазып кеттім. Мұны бірден байқаған Опан ұстазым: «Үміт, не болды, көңіл күйің жоқ қой, ештеңе етпейді, келесіде әкелесің», деп маңдайымнан иіскеп, бетімнен сипап жұбатып, орныма отырғызды. Сол сәт әлі есімде. Ұстазымның жақсы сөзі көңілге медеу, жанға шипа болды. Апайымның демегені кәдімгідей әсер етіп, көңілім бірден көтеріліп, балаларға араласып кеттім.
Опан әпкейден бөлек, жоғары сыныпта білім мен тәрбие берген – Несіпбек Шардарбеков, София Махамбетқызы, Камила, Бақыт, Науат әпкейлер мен Қали ағайлар да өте білімді, білікті, тәжірибелі болатын. Қазір барлығы зейнетте.
Өзімнің ата-анам Серік Әліасқарұлы мен Жанна Жанболатқызы да 40 жыл Түгіскен орта мектебінде (орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері) талмай ұстаздық қызмет етті. Қаншама шәкірттерге білім беріп, тәрбиелеп өсірді. Бауырларым да Астана, Тараз қаласындағы білім ошақтарында орыс тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және құқық пәндерінен білім беруде.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздардың еңбегі ерен, бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оған ең алдымен мықты білім, біліктілік, тәжірибе, төзім қажет. «Білім мен тәрбие егіз» демекші, сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие де бере білу қажет. Осы қасиеттердің бәрін бір бойына жинаған ұстаздарға мың алғыс! Еңбектеріңіз жемісті болғай!

«Айтысқа келуімізге дене шынықтыру сабағы себепкер болды»

Рай Дөңбай,
айтыскер ақын:

– 1-сыныпты Тараз қаласындағы №50 мектепте оқыдым. Одан кейін тұрмыс-тіршілікке байланысты ауылға (Байзақ ауданы, Кеңес ауылы) көшіп, 9-сыныпқа дейін сол жақта оқыдым. Ауыл дегенде өзіміздің қарашыңырақ үйіміз ғой, әкемнің шыр етіп дүниеге келген жері. Қаладан ауылға көшіп барғанымызға еш өкінбеймін. Керісінше ата-анама алғыс айтамын. Менің ойымша, ауылда өтпеген балалық шақ қызық емес секілді. Бала болғаннан кейін аздап бұзықтығым да болды. Себебі біздің ауыл момындардың мекені емес еді. Шетінен бәрі балуан, спортпен айналысатын жігіттер. Айтысқа келуімізге де сол дене шынықтыру сабағы себебін тигізді. Бір күні дене шынықтыру сабағында доп ойнап жүргенде бәрімізді Маратжан Юнусов ағайымыз жинап алып, «Кім айтысқа қатысады?» деп сұрады. Сонда бәріміз баламыз ғой, небәрі 4-сыныптың оқушысымыз, ойымызда ештеңе жоқ, барлық бала айтысқа қатысамыз деп аяқасты шешім жасап, ақын болып шыға келдік. Негізі Маратжан ағайымыз жаны да, қаны да қазақ, айтыс десе ішер асын жерге қоятын ұстазымыз еді. Сөйтіп, мектептегі мұғалімдеріміз құрап-сұрап жүлде тігіп, ауылдық айтыс ұйымдастырды. Сізге өтірік, маған шын, сол кезде бір мектептен 40 ақын айтысқа қатысты. Ақын дегенде бәрі ақын емес қой, аздап ақындыққа жақындығы бар қазақтың қара көз қыздары мен қара домалақ балалары. Содан 40 ақын қатысқан қырғын айтыс «41-дің қырғынынан» кем болған жоқ. Жеңілгені болды, жеңгені келесі айналымға өтетін айтыста 4 ақынмен айтысып, 3-орын алғанмын. Ол айтысқа қазіргі мықты ақындардың бірі Әсет Дүйсебаев, Дархан Әбдіманат сынды жүйріктер де қатысқан. Біз бәріміз бір мектепте, бір ауылда, бір атаның баласындай болып өстік. Мінекей, айтыстағы алғашқы қадамым осылай басталған. Аллаға шүкір, қазір облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарда еліміздің намысын қолдан келгенше қорғап жүрміз. Айтысқа қатысып, жүлделі орын алып, мектебіміздің атын шығарып жүрген балаларымыз деп бізді алақандарында аялап ұстаған ұстаздарымызға да мың алғыс. Айтыстың арқасында мектептегі ең ерке оқушылардың бірі болдық десек те болады. Айтысқа дайындалыңдар, сабақты уайымдамаңдар деп айтысқа қатысу үшін бізді 1 ай бұрын сабақтан босатып қоятын. Ауылда өскен, ауылда оқыған бала қазақтықты бойына сіңіріп, ата-анасын құрметтеп, салт-дәстүрін танып өседі. Ондай оқушы болашақта Отаны үшін де, отбасысы үшін де адал қызмет ететін азамат, азаматша болатынына кәміл сенімдімін.

«Мұғалімдер жақсы көргенімен, көк журнал мені «жақтыра қоймады»

Айбол Айтбек,
қазақ күресінен ел чемпионы, «Қазақстан Барысы – 2016» турнирінің қола жүлдегері:

– Балалық шақты естен шығару мүмкін бе екен?! Жамбыл ауданына қарасты 170-ке жуық түтіні бар Шайдана ауылында туып-өстім. Алғашқы 4 сыныпты Шайданада, кейінгі сыныптарды Қ.Сартбаев атындағы орта мектепте жалғастырдым. Мектепті үздік бітірдім деп басқаларша масаттанбай-ақ қояйын, бірақ жақсы бітірдім. Ұстаздарым мені өте қатты жақсы көргенімен, жыл соңында мақтау қағазын немесе үздік деп танылған грамоталарын бермейтін. Соған қарағанда мұғалімдер сырттай жақсы көргенімен, көк журнал мені аса жақын тартпаса керек. Бірақ дене шынықтыру пәнінен үздік едім. Балалық кездің қызығын айтып тауысуға болар ма? Балдаурен шақта аралардың нағыз жауы біздер едік. Сол бір шайқаста қашатын жерді жоспарламай, таяқпен айқаса кеткенімізде үлкен ұядағы құжынаған аралар жабыла кетті. Досым қашып үлгерді. Мен сонда қала бердім. Балалық қой. Ертесіне сол күйі мектепке барғанмын. Көзім сығырайып айналаны әзер көріп тұрсам да, мектепке атамның ашуынан қорқып барыппын. Осындай қызықтар бар. Үлкен ағаларымыз ауылдық төбелестің нағыз төрешісі еді ғой. Ауылда бейтаныс қонақтарды көрсе, «Шығасың ба?», не болмаса «Кім қораз?» деп төбелестіріп қоятын. Содан көзің көгеріп жүргені… Күннің көзіне бізден көп түсетіндер болмаған шығар. Таңның атысы, күннің батысы далада жүретіндіктен күнге шыжғырылып, қарайып кетуші едік. Спортқа аса ыждағаттылығым жоқ еді. Ал атам Айтбек (марқұм) жауырыны жермен достаспаған балуан болған. Сол кісінің үгіттеуімен осы күрес алаңына аяқ бастым. Ел чемпионы және «Қазақстан Барысы – 2016» турнирінде қола жүлдеге қол жеткізгендегі атамның қуанышты жүзі менің жадымда мәңгіге қала бермек. Қазы-қарта, жал-жаяны ылғи алдыма қойып, нәрлі тағамдарды аузыма салатын. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан барысы – 2021» турниріне дайындалып жатырмын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.