"Шамшырақ"

Смартфон сан соқтырмай ма?

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуының нақты жолдары айқындалған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында адами капиталды дамыту жаңғырудың негізі екенін атап көрсеткені белгілі. Мемлекет басшысы барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігіне тоқталды. Осы орайда, мемлекетіміз білім сапасын арттыру мақсатында аталған салаға жаңа технологияларды енгізу мен цифрландыру мәселесін қолға алып отыр.

Қазіргідей ақпараттанған қоғамда оқушының білім сапасын жақсарту үшін мектептердің интернет желісіне қосылу мүмкіндігін арттыру қажет және де, компьютерлік техника мен электрондық оқулықтарды оқу үдерісінде тиімді пайдаланудың маңыздылығы ерекше. Сондықтан, оқушылар электрондық технология немесе компьютердің көмегімен ғаламторға қосылу арқылы өзіне қажетті ақпаратқа кез келген уақытта қол жеткізе алуы тиіс. Негізінен, түптің түбінде еліміздегі барлық білім беру мекемелері толықтай электронды оқыту жүйесіне ауысатыны анық. Ал, дәл қазіргі уақытта әрбір мектеп жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылған ба? Жалпы, облыста электрондық оқытуға көшкен қанша білім ордасы бар? Бұл сұраққа жауап іздеуіміздің сыры «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының да жұртшылықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейтіндігінде болып тұр. Одан бөлек, Елбасымыз аталған Жолдауда: «Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының өзі цифрландыру технологиясын енгізу білім саласына айтарлықтай оң ықпал ететініне баса мән беріп отыр. Осы орайда, біз облыста орта білім беру жүйесінің ақпараттандырылу жайының қай деңгейде екеніне назар аударған едік.

Облыстық білім басқармасына қарасты Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаевтың айтуынша, өңіріміздегі жалпы орта білім беретін 450 мектептің барлығы интернет желісімен қамтылыпты. Қазіргі кезде кең арналы интернет желісіне қосылған 447 білім ордасы болса, оның 318-і секундына 4 мегабиттен жоғары, 132 мектеп секундына 4 мегабитке дейінгі жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған екен. Сағадат Жұматұлы «E-learning» электронды оқыту жүйесін бүгінде әлемдегі озық мемлекеттердің кеңінен қолданып отырғанын айтады. Бұл жүйенің еліміздің білім беру саласында қолданыла бастағанына көп уақыт өте қоймаса да, электронды оқытуды енгізу индикаторы бойынша көрсеткіш көңіл тоғайтады. Өйткені, қазіргі күннің өзінде облыста 76 білім беру ұйымы электронды оқыту жүйесіне көшкен. Оның 3-еуі колледж болса, 73-і жалпы білім беретін орта мектептер. Мұның барлығы дерлік жоғарғы жылдамдықтағы кең арналы интернетке қол жеткізген.

– Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесін пилоттық негізде енгізу 2016-2017 оқу жылынан бастап қолға алынды. Атап айтқанда, 150 мектептің ішінде 9 бастауыш, 11 негізгі, 130 орта мектепте «Күнделік» жобасында электрондық сабақ кестесі, электрондық журнал, күнделік, мұғалімдердің кәсіби желісі, үй тапсырмасын беру, оқушылардың үлгерімі, сабаққа қатысуы, тәртібі, жетістіктері туралы СМС-хабарламалар негізіндегі базалық функциялар енгізілген. Бүгінде «Күнделік» жобасына тіркелген 50 659 қолданушы бар. Оның 8 411-і мұғалім болса, 27 515-і оқушы, 14 733-і ата-ана. Оқушыларға қойылған баға – 848 717-ні құраса, берілген үй тапсырмасы – 350 787.
Тағы бір айта кетер жайт, облыстағы 320 мектеп онлайн, 129 мектеп офлайн тәсілінде «BilimLand» білім беру платформасына қосылған. Аталған жүйеде мектепке дейінгі және инклюзивтік білім беруге қатысты интерактивтік курстар, негізгі мектеп оқушыларына арналған виртуалды зертханалық жұмыстар мен симуляторлар кешені, «iTest.kz» тесттеріне дайындық, үлгерімді тексеру бойынша виртуалды тренажер кешені және «iMektep» бастауыш мектепке арналған мультимедиялық курс қамтылған, – дейді орталық директоры.

«Оқушының сабағына қатысты ізденісі үшін мектептерде компьютер жеткілікті ме, әлде олар білім мекемесіне ұстап келген өздерінің гаджет немесе смартфондарын пайдалана ма?» деген сауалға Сағадат Бесінбаев мектеп оқушыларының бас-басына компьютер жетіспейтін болғандықтан, оларға смартфон, планшет ұстауға рұқсат бар екенін айтты.

Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Байдуановтың сөзіне сүйенсек, қала бойынша барлығы 59 орта мектепте түгелдей ғаламтор желісі жұмыс істеп тұр екен.
– Оқушыларға білім мекемелері тарапынан планшет қарастырылмаса да, тиісінше компьютермен жабдықталған. Анығын айтқанда, олардың сабағына қатысты ақпарат алу мүмкіндігі мектептердегі компьютер сыныптары арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, өз ұялы телефондарын пайдалана алады. Өйткені, оқушыға мектепке смартфон ұстап келуге тыйым салынбайды. Бұл адамның құқығын шектеу болып табылады. Тіпті, олардың үзіліс кезінде Wi-Fi желісіне қосылуына болады. Онда да тек министрліктің білім беру порталына ғана кіретін мүмкіндігі бар. Бірақ, сабақ үстінде телефон шұқылауына жол берілмейді. Өйткені, ол өзін де, өзгені де алаңдатып, ұстаздың сабақ өтуіне кедергі келтіруі мүмкін, – дейді ол.

Осы орайда біз Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфазира Сегізбаеваның да пікіріне құлақ түрдік. Аталған білім мекемесінің ішкі ережесі бойынша оқушының мектепте смартфон, гаджет ұстауына тыйым салынған көрінеді. Десе де, ол персоналды компьютердiң қызметiн атқаратын планшеттердің оқушы үшін пайдасы бар екенін айтады. Сол үшін аталған білім мекемесі планшеттермен жабдықталыпты.

– Мектепте білім алып жатқан 280 оқушының 40-ы жақын маңнан қатынап оқиды. Жалпы, балалардың смартфон, гаджет ұстауына біздің мекемеде тыйым салынған. Дегенмен, мектеп-интернаттың өз планшеттері бар. Белгілі бір қажеттілік туындаған жағдайда ғана оқушыларға планшеттің көмегімен тапсырма орындауына рұқсат етіледі. Мәселен, физика, химия, математика, биология секілді жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады. Осы кезде кейбір терминдердің мағынасын білу оқушы үшін қиындық туғызған жағдайда олар планшеттің көмегіне жүгіне алады. Бұдан бөлек, робототехника сабағы мен интеллектум ойыны, олимпиадаға дайындық барысында, кітапханада кітап оқу сағаттарында оқушыларға ұстаздың рұқсатымен планшеттерді пайдалануға мүмкіндік бар. Ал, біздегі оқушылар ата-анасымен ұялы телефон арқылы әрбір сыныпқа бекітілген тәрбиешілердің қадағалауымен ғана сөйлесе алады. Тәртіп сондай. Егер оқушыға білім ошағында кез келген уақытта телефон ұстауға рұқсат берілсе, олардың сабағына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, бізде оқушының сабақтан басқа дүниеге алаңдауына еш негіз жоқ, – дейді Гүлфазира Илиясқызы.

Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Райхан Мәселбекова оқушының құны қымбат телефондарды қолданғанын қаламайтынын жасырмады. Ол ата-ана ретінде өз балаларына тек арзанқол телефон сатып әпергенін айтады.
– Біздің мектепте оқушылардың телефон ұстауына рұқсат бар. Бірақ, олар тек ата-анасымен байланысу үшін ғана қолданады. Қолданатын ұялы телефондар аса қымбат емес. Өз басым сабақ үстінде оқушының смартфон қолданғанын дұрыс көрмеймін. Өйткені, телефонға алаңдаған баланың түйсігі білімді тиісінше қабылдамайды. Кей мектептерде сабақ үстінде интернет материалдарын пайдалану үшін смартфонға рұқсат етіледі екен. Ал, біздің мектепте ізденіс жұмыстары үшін арнайы ноутбуктер беріледі. Негізінен, бүгінгідей заман ағымында әрбір білім мекемесі толыққанды компьютермен жабдықталып, жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылуы қажет. Егер, мектепте сабақ үшін әр оқушы өзінің ұялы телефонын пайдаланатын болса, бұл балалар арасында әлеуметтік мәселе туындатуы мүмкін, – дейді Райхан Алмасбекқызы.

Жалпы, әлем бүгінде ақпараттанған қоғам дәуірін бастан өткеруде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан өркениет көшінен қалып қоймауға тиіс. Сондықтан да, Президентіміз цифрлық мемлекет құру ісін қолға алып отыр. Бұл үрдіс білім беру саласының да бәсекеге сай болуын қамтамасыз ететіндігіне сенім мол.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР