Смайыловтың жұмысы сын көтермейді

0 15

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, мекеме басшысы Марат Смайыловтың есебін тыңдады.

Аймақ басшысы су шаруашылығы кеңсесіне бармас бұрын «Барысхан» массивіне әлі күнге дейін неге ауызсу берілмей отырғанын анықтау үшін Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы стансасына ат басын бұрды. Аталған массив тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы шағымдарын білдірген. Өткізгіштігі сағатына 1,5 мың текше метрді құрайтын екінші көтермедегі сорғы стансасы өткен жылдың желтоқсан айында салынған. Тиісті қабылдау актісі бар. Станса «Барысхан», «Қант зауыты» және «Кірпіш зауыты» тұрғын алқаптарын ауызсумен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі таңда «Қант зауыты» және «Кірпіш зауыты» тұрғын алқаптары әлі күнге төрт ұңғыманың суын пайдаланып отырса, ал «Барысханда» су мүлде жоқ.

Бірақ құбырлар тартылған. Белгілі болғандай, сорғы стансасын аталған тұрғын алқаптың ішкі желілерімен байланыстыратын 80 метрлік құбыр о баста жобада қамтылмай қалып кеткен. Жауапты құрылымдардың салғырттығын облыс әкімі қатал сынға алды
– Неге сорғы стансасымен бірге су құбыры желісінің құрылысын қатар жүргізіп, бірге аяқтау мүмкін болмады? 80 метр құбыр тарту үшін бір апта ғана жетеді. Ал сіздердің ұқыпсыздықтарыңыздың зардабын қазір қаншама адам тартып отыр. «Жамбыл су» да тұтынушылар санын арттыруға мүдделі емес пе? – деді Бердібек Сапарбаев.
Анықталған кемшіліктер бойынша өңір басшысы кінәлілерді жазалауды және кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы сорғы стансасынан су екі бағытқа – «Қант зауыты» және «Барысхан» тұрғын алқаптарына бөлінуі тиіс учаскеге арнайы барды. Ауа райы жағдайын ескере отырып, мердігер «Сұңқар-2002» серіктестігінің өкілі сумен қамтамасыз ету 20 сәуірден кешіктірілмей жолға қойылатынын айтып, уәде берді. Осылайша «Барысхан» тұрғындары көп ұзамай сумен қамтылады. Ал сорғы стансасы іске қосылғаннан кейін «Қант зауыты» және «Кірпіш зауыты» алқаптарындағы ұңғымалар резервке алынбақ. Олар авариялық жағдай туындаған кезде ғана іске қосылатын болады.
Бұдан соң облыс әкімі «Жамбыл су» кәсіпорнына барып, мекеме басшысы Марат Смайыловтың есебін тыңдады. Аймақ басшысы директордан көптеген түйткілді мәселелер бойынша сауалдарға жауап беруін талап етті.
Жалпы кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оған 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы 1,8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда.
Барлық монополистер сияқты су компаниясы да тарифтердің төмендігіне шағымданады. Газ, электр және жылу тарифтерімен салыстырғанда су тарифтері баяу қарқынмен өсетінін алға тартады. Компания өткен жылды 283,7 миллион теңге шығынмен қорытындылаған. Дегенмен алдыңғы жылы да осындай жағдай орын алған. Пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай және карантиндік шаралар да өз әсерін тигізген. Шығындарды өтеу және ЕҚҚДБ алдындағы міндеттемелерді орындау үшін облыстық бюджеттен 223 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы тағы 209 миллион теңге түседі. Су құбырларының тозуы 71 пайыз, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 121,4 мың теңге.
Бердібек Сапарбаев кәсіпорынның жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Тұтынушылардың су шығыны, кәсіпорынның өз қаржысын есепке алу және бақылау жұмыстары оң жолға қойылмаған. «Жамбыл су» үнемі бюджет қаржысына иек артпай, қосымша қаржыландыру көздерін іздестіру керек. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекке жұмыс тобын құрып, екі апта ішінде ЕҚҚДБ қаражатының тиімді жұмсалуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Келесі мәселе ретінде жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын орнату жайы да назарға алынды. Мұндай қондырғымен барлық үйлер мен пәтерлер түгел қамтылмағандықтан жыл сайынғы судың шығын мөлшері 24 миллион текше метрге дейін жетуде.
Жиында штат мәселесі де көтерілді. Миллион халқы бар Шымкент қаласындағы дәл осындай кәсіпорында 790 адам қызмет етеді.
– Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50-дей қызметкер жұмыс жасайды. Ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы үш мың теңгеге ғана өскен. Бұл ретте инфляция мен басқа да себептерді ескере отырып, жалақы жыл сайын кемінде 10 пайызға өсуі тиіс. Сіздер тарифтердің төмен екенін айтасыздар. Бірақ басқа кәсіпорындар да осындай жағдайда жұмыс істеуде, соған сәйкес қосымша резервтер іздеуге тырысады. Пандемия кезінде су мен басқа да коммуналдық қызметтердің қымбаттауы туралы мәселе туындауы мүмкін емес. Сонымен қатар 70 контролер ұстау аса көп емес пе? Оларға жұмсалған қаржыны тиімді пайдалана отырып, басқа бағытта қолданған дұрыс шығар. Мәселен сол жалпыүйлік және жеке су есептегіштердің кеңінен орнатылуына бақылауды жүзеге асыру керек, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев апаттық жағдайлар жиі орын алатын қараусыз желілерді теңгерімге алуға көңіл бөлді. Олар иесі жоқ болғандықтан бақылаусыз қалуда.
Кәсіпорын қызметкерлерінен шағымдар көп түседі. Бұл ұжымдағы жағымсыз моральдық-психологиялық ахуалды көрсетеді. Олар кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды әлсіретіп алған қаржы басқармасына да қатысты шағымданады.
Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев кәсіпорындағы бақылау мен есеп жүргізу жұмыстарының әлсіздігін тағы да атап өтті. Су құбырларын ауыстырудың орта мерзімді жоспарын жасауды, қараусыз су құбырларының иелерін анықтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда мәселені сот арқылы шешу жүктелді. Тұтынушылар санын арттыру бойынша жұмысты күшейту керек. «Жамбыл су» кәсіпорны келесі жылы жекешелендірілетін кәсіпорындар тізіміне енген. Сондықтан су қызметкерлерінің қызметі қолжетімді және ашық болуы үшін мұқият тексеру жүргізуді қажет ететіні баса айтылды.
Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев құрылысы аяқталуға жақын қалған «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясын аралап көрді. Қазір бес павильонның сыртқы безендірілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Онда ұлттық тағам мейрамханалары, көркемөнер шеберханалары мен балаларға арналған залдар орналаспақ. Сондай-ақ «Әулие-Ата» мешіті де қалпына келтірілуде. Барлық жұмыстар осы айдың 20-сына дейін аяқталып, Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға берілмек. Мұнда көне қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақтың салқын лебін сезініп, ортағасырлық сән-салтанатқа куә бола алады.
– Барлығы бірдей үлгіде орындалуы тиіс. Ең бастысы – жаяу жүргіншілер аймағы адамдардың жағымды әрі сүйікті тынығу орнына айналуы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалауы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.