Жамбыл жаңалықтары

Сметовке сенім мол

Written by Aray2005

Мемлекет мақтанышы, жерлесіміз Елдос Сметов Қытай мемлекетінің Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан «Masters» турнирінің қола жүлдегері атанды. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері алғашқы белдесулерінде АҚШ пен Испания балуандарын тізе бүктіріп, өз тобындағы ақтық айналымға еш қиналмай жетті.
Топтық кезеңдегі шешуші сәтте өзбекстандық Шарафуддин Луфтиллаевпен кездесіп, белдесу «алтын ұпайға» дейін созылды. Десе де, жеңіске деген жігер танытқан жерлесіміз қосымша уақытта вазари әдісімен қарсыласынан басым түсті.
Жартылай финалда Сметов ресейлік Роберт Мшвидобадземен «жан алысып, жан беріскен» айқас өткізгенімен, ұпай санымен қарсыласына жол беріп қойды. Дегенмен, қола жүлде сарапқа салынған жекпе-жекте тағы бір ресейлік Ислам Яшуевті қапы қалдырып, қалпақпен қағып алды.
Әрине, спорт болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні белгілі. Бірде бақ, бірде бап шабады. Десе де, бұл Елдостың Джакартадағы Азия ойындарында алған жарақатынан кейін, үлкен татамидегі табысты олжасы. Демек, Сметов қайта бабына келе бастады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР