Жеңіс-75

Соғыстың соңғы сарбазы

Written by Aray2005

Елімізде жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысушылардың қатары азайып барады. Ал биыл 98 жасқа толған Мойынқұм ауданының тұрғыны Сағаш Әбдіров аймақтағы Ұлы Отан соғысына қатысушы жалғыз майдангер қарт.

– Мен 10 жасқа келгенде әке-шешем Әбдір мен Бөпіш өмірден озды. Өзіміз ағайынды бесеу болғанымызбен үш ағам жас кезінде шетінеп кеткен екен. Сондықтан да мен ағам Абдулланың қарамағында тәрбиелендім десем де болады. Абдулла Ұлы Отан, Фин, соғыстарына қатысып, 1944 жылы аяғынан жараланып елге оралды. Ұзақ жылдар Мыңарал ауылында тұрып, жүргізуші болып еңбек етті. Ол кісі 75 жасқа толғанда өмірден озды, – деп еске алады Сағаш ата.
Жетімдіктің ащы зары Сағаш атаның жастайынан кеудесін кернеп өсті. Әке-шешеден ерте айырылу жас Сағашты ерте есейтті. Бала болып ойнағанды білмеді. Он үш жасында еңбекке жегіліп, жиырмадан асқанда соғысқа аттанды. Қолына қару алып, елін жаудан қорғады. Өзгелерге үлгі көрсетті.
Сағаш ата 1922 жылы Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Еңбекке 13 жасынан бастап араласқан ол 1939-1942 жылдары өзі мектепте оқи жүріп, елдегі сауатсыздықты жоюға белсене араласады.
– Біз ауылдан Смақ Боранбаев, Ғалым Байжомартов үшеуіміз Шудағы әскери комиссариат арқылы 1942 жылдың 4 мамырында әскерге аттандық. Екі айдан аса Арменияның Ленинакан қаласында дайындықтан өтіп, Түркия арқылы Кавказ майданындағы ұрысқа қатыстым. Жан беріп, жан алысқан ұрыста аяқтан жараланып, госпитальда ұзақ емделуге тура келді. Содан соң шекара күзету отряды штабында қызмет еттім, – деп еске алады қарт майдангер.
Сағаш Әбдіров Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы», «Жеңіс» ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін», «Германия жеңгені», «Ерлігі үшін», басқа да бірнеше медальдармен марапатталып, 1946 жылдың маусым айында елге аман-есен оралады. Қанқұйлы соғыстан елге аман оралған Сағаш ата қираған ауылды, қиналған халықты жақсылыққа бастай отырып, аянбай еңбек етті. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші 1948 жылы Әлипа Сартаевамен отау құрды. Еңбек ете жүріп, 1947 жылы Жамбылдағы (қазіргі Тараз) мұғалімдер даярлайтын училищені, ал 1955 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алады. 30 жылға жуық Бурылбайтал, Мыңарал орта мектептерінде жас жеткіншектерге білім беріп, қатардағы мұғалімнен мектеп директорына дейін өседі.
Ал 1975-1984 жылдар аралығында Шығанақ ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шығады. Зейнетке шыққаннан кейін 4 жылдай Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-інде азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметінде болды.
Мұнан кейін де майдангер қарт қарап отырмай, отыз жылдан астам уақыт ауылдық ардагерлер кенесінің төрағасы ретінде ортақ іске өз үлесін қосты. 2002 жылы Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атанды. Сағаш ата 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлкен отбасының иесі. Балаларының барлығы жоғары білім алып, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Олар жыл сайын 9 мамырда қара шаңыраққа жиналып, әкелерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтауды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда Сағаш атамыздың замандастарына үлгі, ізбасарларына өнеге, кейінгі ұрпаққа ұлағат болған игі бастамалары аз болған жоқ. Өзі атқарған қызметтердегі білікті басшы, болашағын болжай білетін білімдар кісі болғанын өзімен қатар жүргендер жақсы біледі.
Баласының үлкені Қайырбек ұзақ жылдар Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы болып, жақында зейнетке шықты. Кәдірбегі болса Қарағанды қалалық электр жүйесінің бас директоры. Бір қызығы Сағаш атаның Қайырбек, Зара, Алтынкүл, Алмагүл атты ұл-қыздары әке жолын қуған ұстаздар. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші 98 жастағы қарт жауынгердің сөзі салмақты, қимылы ширақ, тың көрінеді. Күнделікті келген басылымдардың бірін де жібермей оқып, елімізде болып жатқан жақсылықтарға қуанып отырады. Кенже баласы Әділбек пен келіні Нұргүлдің қолында отырған Сағаш ата күн жылыса сыртта тұратын балаларына қыдырып барғалы отыр. Ондағы немере, шөберелерін бір иіскеп, мауқын басқанды қалайды.

Алуа Үмбетқұлова,
Мойынқұм ауданы

ПІКІР