Солтүстік Ирландия жастарының наразылығы басылмай тұр

0 5

Кейінгі он шақты күнде Солтүстік Ирландияның бірқатар өңірінде жаппай наразылық акциялары өтіп, жүзге жуық полиция қызметкері жарақаттанды. Әзірге шеруге шыққан жастар ғана. Үлкендер тарапы оларды сабырға шақырып әлек.

Наразылар көшедегі көліктерді өртеп, құқық қорғау қызметкерлеріне тас, ағаш, жан­ғыш сұйықтық құйылған бөтелке­лер лақ­тырған. Өткен бейсенбіде митинг жаңаша сипат алды. Бұған дейін наразы «лоялист» жастар өз ай­мағында ғана шерулетсе, ендігі жерде «рес­публикашылар» мекендейтін аумаққа ша­б­уыл­­дамақ болған. Басты қақтығыс Белфас­т­тағы «Бейбітшілік қабырғасы» маңында өрбіді.

Айта кеткен жөн, лоялистер Ұлыбрита­ния­­мен одақта қалуды қолдайды. Ал рес­публика­шылар Ирландия республикасына қосылуды көздейді. Екі тарап жастарының қақтығыспауы үшін жергілікті саясаткерлер «Бейбітшілік қабырғасына» жиналып, ортаға сап түзеп тұрды. Сөйтіп шиеленістің одан әрі ушығуын тоқтатты. Әйтсе де, наразы жастар, негізінен, өз аймағында ойран салуды жалғастыра берді.

Оның үстіне, Солтүстік Ирландияда бейбітшілік орнағаны кеше ғана. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақтығыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армиясы (IRA) Ирландияның бірігуі және британиялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. ИРА сарбаздары жер-жерде жарылыс жасап, халықты үрейде ұстады. Тіпті олардың дақпырты ел астанасы Лондонға да жетіп жатты. Тұманды Альбионның елордасында талай мәрте террористік актілер жасалды.

Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісіміне қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды. Алайда католиктер мен протестанттар арасындағы алшақтық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласында әлі күнге дейін екі ағымның өкілдері бөлек-бөлек қоныс тепкен. Қарапайым халық арасында дінаралық байланыс жоқ. Тіпті шаһардағы орта мектептердің 90 пайызға жуығы бір ағым өкілдеріне ғана арналған. Оның үстіне, кейінгі жылдары елде католиктердің саны артып келеді.

Жергілікті басылымдардың хабарла­уын­ша, наразылық акцияларының басталуына Солтүстік Ирландия прокуратурасының «Шинн Фейн» республикалық партиясына қатысты шығарған шешімі әсер еткен. Былтыр ИРА-ның белді өкілдерінің бірі Бобби Стори қайтыс болған-ды. Оны жерлеу рәсіміне «Шинн Фейннің» бірнеше мүшесі барған. Оның үстіне рәсімге жиналғандардың саны екі мыңнан асып кеткен. Бірақ сол кезде елде коронавирус пандемиясына байланысты локдаун енгізілген-тұғын. Сондықтан мұндай жиындарды өткізуге тыйым салынған еді. Жерлеу рәсіміне қатысқандардың арасында «Шинн Фейн» төрағасының орынбасары әрі Солтүстік Ирландияның вице-премьері Мишель О’Нил болған.

Прокуратура осы оқиғаны зерделей келе, республикалық партия өкілдерін локдаун ере­желеріне қарсы әрекет жасап, заң бұз­ғаны үшін жазаламауды ұйғарған. Мұндай шешім ло­я­листерге ұнаған жоқ. Сондықтан да алғаш­қы на­разылық та солар тұратын аймақта бас­талды.

Сонымен қатар Брексит те жанғалы тұр­ған отқа май тамызды. Мәселен, Ұлыбрита­ния Еуропалық одақтан шыққаннан кейін Сол­түс­тік Ирландияға келетін ағылшын тауар­лары­­на кедендік бақылау енгізілді. Бұл жер­гілік­­ті лоялистерге ұнаған жоқ. Олар Белфаст пен Ларн қалаларындағы кедендік тексеру ор­та­­лықтарының қабырғасына «ескерту» қал­­дыр­ған. Сондықтан Брексит­тен кейін тауар­­ларды тексеру міндетті болғанына қара­мас­­тан, әзірге жергілікті билік оған асығар емес.

Жалпы, бұл шекара мәселесі Солтүстік Ирлан­дия үшін өте өзекті. Бертінге дейін Сол­түстік Ирландия мен Ирландия арасын­дағы шекараны қызуқанды ирландтар емін-еркін кесіп өтіп жүрді. Соның нәтижесінде сауда-экономикалық қарым-қатынас жеңілдеп, әлеу­меттік және мәдени мәселелерде халық­тың жақындауына оңтайлы мүмкіндік туды. Мәселен, күніне 30 мыңнан астам адам шекараны арлы-берлі кесіп өтеді екен. Енді, мұның бәріне кедергі келуі әбден мүмкін.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.