Жамбыл жаңалықтары

«Соңғы қоңырау» сыңғыры

Written by Aray2005

Еліміздегі жалпы білім беретін мек­теп­терде кезекті оқу жылы аяқталып, «Соңғы қоңырау» соғылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияда өткен салтанатты шараға қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілегін арнады.

– Бүгінгі күн, сіздер үшін ұмытылмас сәт­тердің бірі. Себебі, бүгін түлектеріміз мек­теп қабырғасынан үлкен өмірге қа­­дам басқалы отыр. Сіздермен бірге облысы­мыз­да 9 мыңнан астам мектеп бітіруші түлектер «Соңғы қоңырау» сал­та­натына қатысуда. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға облыстан 6 мыңнан астам түлек ниет білдіріп отыр. Сондықтан, мектептің соңғы сынағынан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспіз.

Соңғы 7 жылда облыс оқушылары республикалық пән олимпиадаларында командалық есепте тек 1-орынды иеле­ніп келеді. Соның ішінде 140 жыл­дық тарихы бар Әлихан Бөкейханов атын­да­ғы гимназияның да үлесі зор. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екені белгілі. Түлектерге елімізде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің белгілі оқу орындарында білім алуға да мүмкіндік мол. Яғни, талпынған жасқа барлық есіктер айқара ашық. Сондықтан бүгінгі қадамдарыңызға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы.

Шара барысында жас балғындар ұлттық нақышта мың бұрала би билеп, ән мен жырдан шашу шашты. Салтанатты сәттің басты ерекшелігі «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ұлағатты ұран тастаған ардақты Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың образы сомдалған театрландырылған көрініс болды.

Жалпы, әсерлі көрініске атсалысқан биыл­ғы мектеп түлектерінің орта білім туралы аттестат­тарына тұңғыш рет Әлихан Бөкейхановтың есімі жазылғанын да айта кету керек. Және шара барысында LED экран арқылы 2013-2014 жылдарда гимназияны үздік аяқтаған, халықаралық ғы­лыми жобалар жарысының жеңім­паз­дары Богдан Загрибельный мен Қасымхан Бекебаев сөз сөйлеп, замандастарына сәт-сапар тіле­ді. Ал, аталған оқу ошағын 45 жыл бұрын аяқтап, шараға арнайы келген зейнеткер Раушан Бүркітбаева өзінің мектепке арнаған жүрекжарды өлеңін оқып, оқушыларға аналық ақ батасын берді.
Салтанатты жиынның соңында түлек­тер мектеп мұражайына 10 жылдан кейін, яғни, мектептің 150 жылдығында ашылатын капсуладағы аманат хатты табыстады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР