"Заң және біз"

Сот жүйесіне сенімділік артып келеді

Written by Aray2005

Еліміздегі құқықтық қатынастарды орнатуда ең әуелі азаматтардың сотқа сенімін нығайту айрықша маңызға ие. Дәл осы факторға Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ерекше мән берілді. «Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы» делінген стратегиялық мәні зор құжатта.

Сәйкесінше, Жоғарғы Соттың өңірдегі құрылымдық бөлімі ретінде облыстық сот саланы жетілдіруде Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановпен ұсынылған «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасын қолға алды. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» сынды бағыттарды қамтитын жоба 2020 жылға дейін сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізінде құрылған. Аталған жобаның негізгі міндеті – қоғамның сотқа деген сенімін арттыру болып табылады.
Оған қоса, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жергілікті соттарда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» атты арнайы жобасы да жүзеге асырылуда. Сингапурлық тәжірибеге негізделген жобаға сай арнайы судьялар тек қана тараптарды бітімге шақырумен айналысады. Бітімгер аталатын мұндай судьялар басқа істерден босатылып, тек татуластыру рәсімдерін жүргізумен айналысады. Татуластыру рәсімдері бойынша облыстық сот 75 пайыздық көрсеткішпен республикада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Облыстық сотта «Отбасылық сот» серпінді жобасы да қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, аталған жоба аясында Тараз қалалық сотына 506 талап арыз түскен.
Өз қызметін жүргізуде Жоғарғы Сот ең әуелі сот шешімдерін түсіндіруге басымдық беріп отыр. Сәйкесінше, ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап республика аумағында «Сапалы нәтиже» жобасы қолға алынып, судьялар азаматтарға өзінің шешімін, үкімін немесе қаулысын жариялаған сәтінде түсіндіруге кірісті. Бүгінде облыстық сот судьялары өз шешімдерінің барлығын азаматтарға түсіндіріп жатыр. Өз кезегінде, бұл жоба азаматтардың сотқа деген сенімін нығайта түскелі тұр.
Стратегиялық құжатқа сай, Елбасы сот жұмысын жетілдіруде сот жұмысына заманауи форматтар мен озық электронды сервистер енгізуді жалғастыруға шақырды. Расында, сот ісіне заманауи ақпараттық технологиялар, электронды инновациялардың енгізілуі ашықтық пен жариялылыққа жол ашып, азаматтардың сотқа сенімін нығайтты.
Бүгінде Жоғарғы Сотпен бірнеше қызмет түрлері электронды форматта қолжетімді бола бастады. Әкімшілік іс бойынша сот ісін жүргізу толықтай электронды форматқа көшірілді. Облыста азаматтық істер бойынша талап арыздардың 92 пайызы «Сот кабинеті» сервисі арқылы түсуде. Сот процесіне қатысушыларға хабарлама SMS және электронды пошта арқылы беріледі. Жыл басынан бері облыстық сотпен азаматтарға 29 150 электронды хабарлама жолданды. «Сот кабинеті» сервисі арқылы түскен
31 470 талап арыздың 98 пайызы электронды түрде тіркелген. Соттар аудио-бейне жазба құрылғылармен толықтай қамтылып, аталған құрылғылар істердің 99,7 пайызын қарау барысында қолданылуда.
Сондай-ақ «Виртуалды сот» пилоттық жобасы да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Тараз қалалық сотының базасында мемлекеттік органдар, банк, коммуналдық қызмет өкілдері мен адвокаттардың қатысуларымен қашықтықтан бейне-конференц байланысымен гаджеттер немесе жұмыс компьютерлері арқылы виртуалды түрде сот отырысына қатысу тәсілдері енгізіліп жатыр. «Halyk», «Home Credit» сынды банктер мен облыстық наркологиялық диспансеріне сот отырыстарына онлайн режимде қатысуға мүмкіндік беретін жабдықтарды орнату жұмыстары толық аяқталды. Күні бүгінге дейін бейне-конференц байланысы арқылы 216 әкімшілік іс, гаджеттердің қолданылуымен 86 әкімшілік іс және өзге де ақпараттық технологиялардың қолданылуы арқылы 244 азаматтық іс қаралған.
Қылмыстық істер бойынша да электронды сот ісін жүргізу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Тараптар сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігіне ие болуда.
Атап айта кетерлігі, облыстағы соттар сот ісінде қажетті мәліметтердің барлығына электронды жүйеде қолжетімді болатын бірыңғай ақпараттық порталға республикада алғашқылардың бірі болып көшті.
Жоғарғы Сот төрағасының өкіміне сай Тараз қалалық сотында «Судьяның көмекшісі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жобаға сай облыстық сот төрағасы ішкі резервтегі мамандар, яғни, қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметшілер қатарынан судья көмекшісін іріктеу жүргізді. Нәтижесінде
5 қызметкер Тараз қалалық соты судьяларының көмекшісі қызметіне кірісті.
Бұл жоба сотта дауларды шешуде талап арыз, шағым мен өтініштер көлемінің көптігіне байланысты судьялардың жүктемесін азайту мақсатында қолға алынуда.
Мұнан өзге, жергілікті сот судьяларының кәсіби біліктілін шыңдау және сот жүйесінің сапалы дамуы үшін кадрларлық құрамның жаңаруын қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Сотпен және Сот төрелігі академиясымен бірлескен негізде жүйелі жұмыс жүзеге асуда. Осылайша Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттер қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп отыр.

Рүстем Мырзакәрім,
облыстық соттың төрағасы

ПІКІР