"Заң және біз"

Сотты құрметтемеу сорға сүйрейді

Қай кезде де адамның бас бостандығынан, еркіндігінен, жағымсыз қылығымен аты былғаннғаннан гөрі, ары таза болғанынан асқан бақыт жоқ. Сондықтан да әр адам мейлінше заңды сыйлап, адал жолмен өмір сүруге, жоқ жерден басына бәле тілемеуге талпынады. Дегенмен, өмір болған соң, жаза басып, сүрінгендердің тағдырын немесе ушыққан түрлі дау-дамайлардың соңына нүкте қою заңмен жүзеге асырылады. Соның ішінде ақ пен қара таразыға түсіп, төрелік айтылатын орта – сот. Сондықтан, осы құзырлы ортаны, яғни соттың шығарған шешімін сыйлау кез келгеніміз үшін бұлжымас парыз. Егер, сот шешіміне разы болмағандардың мәдениетті түрде апелляциялық сотқа шағымдануына мүмкіндігі бар. Ал, мемлекет атынан үкім оқыған құзырлы тұлғаға разы болмай, оған ашықтан-ашық қарсылық көрсету, ғайбат сөз айтып, дөрекілік таныту ақымақтық. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (ары қарай ҚР ӘҚБтК) 653-бабының 1-бөлігі бойынша азамат Г-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Тарқата айтсақ, қараша айының басында құқық бұзушы Г сағат 12:45 шамасында сот ғимаратының бірінші қабатында тұрып, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы жарияланған қаулы мәтінімен танысқаннан кейін, сот отырысы залынан шыға жөнеліп, турникеттен өтіп, сот фойесінде өзін дұрыс ұстай алмай, сотқа дөрекі сөйлеп, ауыр-ауыр сөздер айту арқылы балағаттаған. Қысқасы, сотты құрметтемейтінін анық байқатқан. Осыдан кейін, өзінің әдептілікке жат іс-әрекетімен құқық бұзған Г-ға. ҚР ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған, яғни сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер жасады деген айып тағылды. Сөйтіп, істі қарау қорытындысы бойынша, құқық бұзушы Г. ҚР ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық бойынша кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.Қаулы заңды күшіне енді.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР