Мәдениет

Сөз майданының сардары

Written by Aray2005

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ғасырға жуық ғибратты ғұмырында бұқара мен биліктің, тарих пен болашақтың алтын діңгегі болған облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы биыл асқаралы алпыс жасқа толды.

Облыстық қазақ драма театрында өткен мерейтой иесінің «Қалам мен ғалам» атты әдеби шығармашылық кешіне «Жазушының бір ғана ұстазы бар – ол оқырман» деп Николай Гоголь айтпақшы, Көсемәлі Сәттібайұлының әдебиет пен журналистикадағы әріптестері, қаламдас бауырлары мен қалың оқырман жиналды. Шараның шымылдығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып берді.
– Бүгін аймақ жазушылары мен журналистері арасында өзіндік орны бар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлының шығармашылық кешіне жиналып отырмыз. Осынау мерейлі сәтте кеш иесін ақылдың кемеліне келген шағы, алпыстың асқарына шыққан мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Киелі Талас топырағында дүниеге келген Көсемәлі Сәттібайұлы бұл жасқа алдыңғы буын ағалар салған иірімі мол өмір жолымен өтіп, шығармашылық жетістіктермен жетіп отыр. Оның алғашқы еңбек жолы аудандық «Ленин жолы» газетінде басталғаны көпшілікке белгілі. Өңірлік газеттен қанат қағып, қаламы ұшталған қаламгердің журналистік қыры мен қарымы бұрынғы облыстық «Еңбек туы» газетінде кеңінен ашыла түсті деп айтуға толық негіз бар. Себебі жас журналист облыстық газеттің сол кездегі бас редакторлары, ардагер ағамыз Баттал Жаңабаев бастаған сөз шеберлері Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаевтардың мектебінен өткен болатын.
Одан соң Көсемәлі Сәттібайұлы еңбек жолын облыстық телеарнада жалғап, редактор, аға редактор болып қызмет атқарды. Ол мұнда да өзінің танымдық хабарлары арқылы жаңа қырынан танылды. Еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде меншікті тілші қызметінде қаламгер аймақтың тыныс-тіршілігінің хабаршысы болды.
Бүгінде Көсемәлі Сәттібайұлы бес жылдан бері облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы қызметін атқарып келеді. Аймақтық басылым облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, түрлі салада жеткен жетістіктерін айшықты түрде жеткізе білуде. Көсемәлі Сәттібайұлы осындай жауапты жұмыстарды атқара жүріп, қарымды публицист, ойы жүйрік жазушы ретінде көпшілікке кеңінен танылды. Оның әңгімелері мен повестері, публицистикалық сараптамалары мен эсселерінде бірлік пен береке, ынтымақ пен достық, татулық пен жарасым көрініс тапты.
Ардақты әдебиетсүйер қауым! Құрметті Көсемәлі Сәттібайұлы!
Әдебиет саласының сан қырында қалам тартып жүрген сіздің алдыңызға қойған басқа да жазушылық және журналистік мақсаттарыңыз бар екендігі даусыз. Бүгінгі мерейлі сәтте Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Шона Смаханұлы, Мархабат Байғұттың және кезінде арқаңыздан қаққан от ауызды, орақ тілді Оспанхан Әубәкіровтың өзіңізге айтқан тілектері орындалсын дегім келеді. Шығармашылық жолында қанатыңыз талмасын. Жамбыл жұртының атынан сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға табыс тілейміз. Алдыңғы өмір асуларынан шаршамай өтіңіз. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! – деп Бекболат Серікбекұлы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау және Құрмет грамотасын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, ат мінгізді.
Бұдан кейін кешке Алматыдан арнайы келген белгілі композитор, әнші, актер Қадырғали Көбентай ел жүрегінен ойып тұрып орын алған өзінің «Өнер адамы» және «Елге сәлем» атты әндерін орындап, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Және әуезді әннен кейін құттықтау тілектердің тиегі ағытылды. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Біржан Күзембеков мәслихат хатшысы бағлан Қарашолақовтың құттықтауын жеткізсе, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков аймақтағы 125 мың ардагердің атынан ақ тілегін жаудырды. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев та өңірге ғана емес, ел аумағына есімі етене таныс болған, абырой асуына адал еңбегімен жеткен кеш кейіпкеріне жылы лебізін жеткізді. Мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет құттықтауын жолдапты. Оның сыралғы сәлемін салтанатты түрде Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман жеткізіп, қаламгерге шапан жапты. Ізгі тілектің ізін суытпай Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев барлық әріптестердің атынан құттықтауын жеткізіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың шешімімен Көсемәлі Сәттібайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін табыс етті. Сонымен қатар облыстық филиал тарапынан қаламгердің иығына зерлі шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді. Салтанатты сәтте республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт аталмыш басылымда да Көсемәлі Сәттібайұлының жемісті еңбек еткенін еске алып, шығармашылығына толағай табыс тіледі. Бұдан кейін сахна төріне көтеріліп, текті сөзді тізгіндеген аға буын өкілдері, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов алпысты алқымдаған қаламгердің тағылымды творчествосына терең тоқталып, ағайындардың атынан темір тұлпар сыйласа, ақын Абдолла Бақбергенов оның өмір жолы, балалық ғұмыры, бүгінгі биігі жайлы толғанып, ізгі тілегін арнады.
Кеш барысында облыстық филармонияның «күміс көмей, жезтаңдай» әншілері, мәдениет саласының үздігі Мәдина Сағынбекова, әнші, композитор Руслан Мамытов әннен шашу шашса, мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадіров көпшілікті рухтандырып «Өз елім» әнін шарықтата шырқағанда ЛЭД экраннан қаламгердің «Олжас – менің мәңгілік шығармам» деп өзі айтқан ұлы, Ұлы дала елінің мақтанышы, даңқты боксшы, Әлем және Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың шаршы алаңдағы жеңісті сәттері көрермен назарына ұсынылды. Келесі кезекте мерейтой иесінің «Аран» атты авторлық туындысының желісі бойынша қазақ драма театрының талантты әртістері сахналық қойылым көрсетті. Қойылымдағы қаламгердің Сәби образы, оның шетелде білім алуға барып, тілін де, ұлттық құндылықтарын да естен шығарып алғаны, елге оралғанда өзінің анасымен, бауырларымен өз тілінде сөйлесе алмауынан «Мылқау бала» атанған моральды мүшкіл хәлі, сондай-ақ 1986 жылғы желтоқсандағы бейберекет бассыздықтар, жазықсыз жазаланған Сәби тағдыры әсерлі суреттелді. Бір сөзбен айтқанда, ел тағдыры ерекше кескінделген қойылым көпшіліктің жүрегін елжіретіп, көңілін тебірентті. Қойылым соңында мерейтой иесі сахнаға шығып, халыққа арнап жазған шығарманың сахнада өте шебер ойналғанын тілге тиек етіп, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанға, режиссері Анар Сағымбековаға және Сәби мен Көркемтайдың рөлін әсерлі ойнап шыққан Бексұлтан Әлекешов пен Азамат Шәкенбайға, өзге де актерлерге алғысын жеткізді. Көпшілік осылайша оқырман мен автордың арасындағы іңкәрлікке куә болды. «Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, қаламгердің шығармасынан халық өзінің тағдырын, алапат сезімдерін, жан дүниесін көріп қайтқандай әсерде болды.

Н.СЕРІКХАНҰЛЫ

ПІКІР