Сөз түзелді, жас буын, сен де түзел

0 0

немесе Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың жастар саясаты туралы

Соңғы жылдары жас буынның жағдайына әлемдік қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар да жіті назар аудара бастады. Бұл ретте, 2016 жылдың 15 шілдесі күні БҰҰ жариялаған «Дүниежүзі жастары туралы репортаж» деп аталатын сараптамалық құжаттың мәні ерекше. Онда бүкіл әлемдегі жастардың экономикалық қаржылық жағдайының көңіл көншітпейтіні ғана емес, саяси істерге қатысуға деген белсенділігінің төмен екендігімен қатар, оның себеп-салдары да бірнеше мазмұн бойынша ашық баяндалған.

БҰҰ-ның жоғарыда аталған ресми құжаты дүние жүзі жастарының көкейкесті проблемаларымен қатар, олардың шешілу жолдары мен тəсілдерін де назардан тыс қалдырмаған. Ендеше, Қазақстанның да бүкілəлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін ескерсек, беделді халықаралық ұйымның аталған құжатына арқау болған жастар мəселелерінің біздің елге қатысы бар.
Елімізде тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жастардың тағдыры мен болашағына жеткілікті мəн беріліп келе жатыр деуге толық негіз бар. Соның ең бір жарқын көрінісі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы. Сол бағдарламаға сəйкес, тəуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, мемлекетіміз еліміздің ертеңі үшін талантты жастарымызды əлемнің озық елдерінің ғылым-білімінен сусындауға, технологияларын игеруге тұрақты түрде жіберіп отырды. Соңғы жылдары Қазақ елі осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген жастардың игілігін көріп, жемісін де жей бастады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлуде.

Осы арқылы елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі көрсету мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясаттар жасала бастады.
Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскеннен кейін, елімізде қазіргі таңда əр бір жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақтаудың жолдары нақты қарастырыла бастады. Мəселен, əлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту, табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, баспана мəселесін толыққанды шешу үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шаралары қолға алына бастады. Сондай-ақ Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскен алғашқы күндерде-ақ еліміздегі жастар саясаты жөнінде игі бетбұрыстар болатынын ашық мəлімдеді.
Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың тағдыры мен болашағына, елдегі белгілі əлеуметтік топ ретінде емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарап, саналы жəне стратегиялық тұрғыдан ерекше мəн беріп отыр. Оған көз жеткізу үшін Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 2 сəуірі күні республикалық «Egemen Qazaqstan» жəне «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатындағы: «Жастар саясатында, жастар тəрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Жүйелі əрі кешенді əлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тəрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек», деген жолдарды оқысақ та жеткілікті.
Президент Қ.Тоқаев өзінің жастар саясаты жөніндегі кешенді ойларын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылдың 12 маусымы күні Қазақстанның жаңа басшысы Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталатыны туралы: «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақстанның даму жолында шешуші рөл атқарасыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Оған қолдау көрсету – менің басты міндетім. Жас əрі дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жоғарылату мақсатында Президенттік кадрлық резерв жасақталады», деп ел халқына мəлімдеген болса, аталған ой-жоспарын жыл өтпестен жүзеге асырған Мемлекет басшысы 2020 жылдың 15 қаңтары күні Ақордада Президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізді.
Осылайша сөзден нақты іске көшкен Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде олардың алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды. Яғни, Президенттік кадр резервіне кірген жастармен «Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Əр заманда кез келген халықтың білімді жəне білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады» деген секілді өзекті де соқталы ойларымен бөлісті.
Иə, Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс айтады: «Əр заманда кез келген халықтың білімді жəне білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады». Əсіресе елдегі жас буын өздерінің өткір идеяларымен, тың ойларымен, жігерлі жəне шапшаң қимыл-əрекетімен, креативті рухымен ылғи да өз дəуіріндегі «ортақ мүдде» жолында тез топтаса алады. Сөйтіп өз заманының көшбасшылары əрі мұзжарғыштары болады. Арғы дəуірлерге бармай-ақ, ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарын айтайықшы. Олардың белгілі бір бөлігінің ірі саяси орталықтарда оқуы, сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп куə болуы, қоғамдық жаңғыру жолына қадам басқан орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешіруі – олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына əсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі əртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді жəне алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады. Сөйтіп XX ғасырдың басында қазақ халқын өрге сүйрер, ұлт қамы үшін өмірлерін сарп етер зиялы қауымның шоғыры қалыптасты. Олар өздері құрған «Алаш» партиясы жəне қозғалысы арқылы ұлтты ояту мен өркениетке жеткізудегі жастардың шешуші рөлін толық көрсетіп берді. Сол алашшыл жастардың саяси жəне азаматтық белсенділігінің арқасында КСРО құрылғаннан кейін болса да, қазақ елінің шекарасы айқындалып, Қазақ автономиясы құрылды. Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің түп тамыры, негізі сонда жатыр. Міне, жас буынның құдіреті!
Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының тоталитарлық жүйе мен отаршылдық езгіге төзбейтін, бостан рухтың егесі екендігін жалпақ жаһанға көрсетті.
Жастардың бойындағы асыл қасиет пен оларға деген сенімнің өте-мөте маңызды екендігін ескерген Қ.Тоқаев Президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде сөйлеген сөзінде: «Соңғы жылдары бүкіл əлемде болып жатқан наразылық толқыны – өзгеруге деген жаһандық сұранысты айқын көрсетіп берді. Адамзат төртінші өнеркəсіптік революцияны бастан кешіруде. Алайда мемлекеттік басқарудың қағидаттары ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Қазақстанға қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, əділетті басқарудың жаңа үлгісі қажет. Сонымен қатар ол ең заманауи технологияларды қолдануға негізделуі керек», деп атап көрсетті.
Демек, «өзгеруге деген қоғамдық сұранысты» кім қанағаттандыра алады? Əрине, жастар! «Мемлекеттік басқарудың қағидаттарын» жаңартуға қабілетті əлеуметтік топ кімдер? Əрине, жастар! «Қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, əділетті басқарудың жаңа үлгісін» табатын, қалыптастыратын кімдер? Əрине, жастар! Мемлекет басқаруда «ең заманауи технологияларды қолдануға» қабілетті адамдар кімдер? Əрине, жастар!
ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысына ұйытқы болған жастар қазақ ұлтының патриоттық рухын ең биік шыңға шығарып кетті. Халық оларды сол үшін қадірлейді. Сол үшін ұмытпайды.
Мемлекеттің гүлденуі мен ұлттың дамуы үшін əр дəуірдің өз азаматтарына жүктейтін тарихи міндеттері болады. Сол тарихи міндеттерді дер кезінде орындаған ұлт қана уақытты босқа өткізбеген, заманнан артта қалмаған, орайды қолдан бермеген, тіпті уақыттан озып жұмыс істеген халық болып есептеледі.
Бұл ретте, мына мəселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Яғни, белгілі бір дəуір тұрғындарының ішіндегі жас буын, бұл – сол қоғамдағы ең белсенді жəне ең қуатты күш. Сондықтан қай кезде де, қай елде де мемлекеттің үміті де, ұлттың болашағы да сол елдегі жастардың рухани бет-бейнесімен тікелей байланысты. Ол үшін ең əуелі мемлекет жастарды белсенді түрде қолдауы, олардың аяғынан тік тұрып, армандарын жүзеге асыруына, ел ісіне араласуына толықтай жағдай жасауы керек. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Демек, біз бүгін жастарымызды қалай, қай бағытта баулысақ, ертеңгі болашағымыз солай болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы ылғи да: «Қазақстан – жас əрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау жəне олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» екенін баса дəріптеп келеді. Демек, «алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға» мемлекеттің шынайы қолдауы қажет. Еліміздегі жас буын өз елінде өз болашақтарына қашан да сеніммен қарайтын болуы тиіс. Мемлекет басшысының президенттік қызметке кіріскен бір жылға таяу уақытта осы бағытта атқарған игі қадамдары көңілге зор қуаныш пен үлкен сенім ұялатады. Демек, дəл қазіргі кездегі қазақ жастары өз арман-мұратын жүзеге асыру мен ел ісіне толық араласа алатын жаңа дəуірде, орайлы кезеңде тұр деуге болады.
Қысқасы, Президент Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, жүзеге аса бастаған мемлекеттік жастар саясатындағы оң өзгерісті тұтас қазақ қоғамы қуанышпен жəне зор үмітпен қабылдап отыр.
Дегенмен, сөзіміздің осы тұсында, жастарымыздың рухани бет-бейнесі қандай деген мəселеге де соға кету керек секілді. Құдайға шүкір қазақ жері, Алаш жұрты ежелден-ақ талант пен дарынға кенде болған емес. Тіпті тіл-көзіміз тасқа, бүгінгі күні де дарынды, талантты жастарымыз аз емес. Мəселе, сол талантты да дарынды жастарымыздың отаншылдық рухы, ұлтжандылық сезімі қай деңгейде?! Егер бұл қасиеттер əлдекімнің бойында кем соғып жатса, ондай жастың таланты мен дарынынан ұлтқа келер пайда шамалы. Бұл туралы сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Əлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. «Мінездің» тұғыры «ахлақ» (мораль) болатын болса, адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық деген қасиеттер сол «ахлақтың» күретамыры екенін ұмытпауымыз керек. Бұл мəселені айқын сезінген Мемлекет басшысы өзінің жастар саясатына қатысты пайымдауларында дарынды, талапты жастарға жағдай жасап, оларға қолдау көрсетуді дəріптеумен бір уақытта, жастарымыздан отансүйгіштік пен ұлтжандылықты, еңбексүйгіштікті барынша талап етіп келеді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жиналысқа қатысып отырған жас буын өкілдеріне: «Бұл (Президенттік кадрлық резерв) – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу жəне оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нəтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды. Мен өздеріңіз арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін. Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек», деп нақты талаптарын айтса, тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы жастарға ұлтты, туған халқын қалай сүюдің жолын, өнегесін нұсқайды, сондай-ақ жастардың мойнына уақыт жүктеп отырған миссияны атап көрсетеді: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласын да, мемлекетті басқару мен білім жүйесін де, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Халқымыз, əсіресе жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мəн беруі тиіс. Біз Елдік пен Егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. Жастарымыз əрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дəріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мəртебелі миссия деп біліңіздер».
Демек, ендігі əңгіме жастарымыздың белсенділігі мен құлшынысына, қарекетіне тікелей қатысты болмақ. Яғни, елімізде дəл қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жастар саясатындағы осынау бетбұрысты дəл бейнелеу үшін «Сөз түзелді, оқушы сен де түзел» деген ұлы Абайдың əйгілі сөзін «Сөз түзелді, жас буын сен де түзел» деп өзгертіп қолдану қажет секілді.
Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде өз сөзін «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деген үлкен үмітпен жəне алғаусыз сеніммен аяқтаған екен, біз де бүгінгі сөзімізді «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күштi қанатты, Мен жастарға сенемiн!» деген ұлы Мағжанның өлеңімен аяқтағымыз келіп тұр.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ Қытайтану институтының директоры, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.