Сөз түзелмей, көш түзелмейді…

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

0 3

Тіл – ұлттың жаны. Бұл елдің пайда болу тарихынан бері келе жатқан парасатты өмір шындығы. «Егер тілім жойылатын болса ертең, онда Құдай бүгін мені алмай ма?» деп Расул Ғамзатов жырлағандай, тіл тағдыры тілім-тілім, мәні жұлым-жұлым, үміті үзік болса, онда ұлттың да болашағы ұзақ болмасы анық. Десек те бүгінде ана тілім деп кеудесоққан сөз көп, іс жүзінде көзге көрініп, көңілге қонары қоқымдай ғана. Өкініштісі сол, намысты емес, табысты ойлаған отандық киноларда да ана тілінің абыройы асқақтап тұрғаны шамалы. Оған қоса тыңдаған құлаққа қорғасындай құйылып, жан дүниеңді сұйылтып жіберетін шұбар шумақты, ит те тыңдамайтын хитсымақтар тағы бар.

Осындайда хакім Абайдың

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деген ащы шындығы еріксіз еске оралады…

Жасыратыны жоқ қазірде «көріп тұратын, біліп тұратын, сонда да күліп тұратын» заманды бастан кешіп келеміз. Көріп тұрып көз жұмып немесе білсе де білмегенсіп жүргендерге куәміз. Бірақ өзімізге өзіміз күлуімізге жол болсын. Басқалар не істемесін? Ел тәуелсіздігін алғалы бері бір, екі күн емес, ордалы отыз жыл өтті. Елбасы «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деп неше рет айтты, қанша рет қолдау көрсетті. Әрине тіл саясатының аясында ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те телегей теңіздің тамшысындай ғана тірлікпен ауыз толтырып, көңіл тойдыру тағы да мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, қазір көріп жүрген киномыз да, елді еріксіз өзін тыңдауға мәжбүр еткен хит әуендер де тілімізді тірідей жерлеп жатыр. Үлгі ететін емес, есімін үрке айтатын Гитлердің өзі кезінде «Шығысты жаулау үшін оларға ертеден кешке дейін үздіксіз даңғырлаған музыка беріп, кітап оқып, рухани баюға мүмкіндік бермеу керек» деген. Адамзат баласының болашағына балта шабуды көксеген бұл тұжырым біздің ұлтымызды да айналып өткен жоқ. Қайта бүгінгі алмағайып заманда теріс пиғылды бұл сөз тамырын тереңге жайып, құрттаған жемісін құлқыннан өткізіп бағуда.

-Театр, кино, ол ұлттың басты идеологиялық құралы. Тағылым мен тәрбиенің ошағы. Ал ана тілі – рухани ұлттық асқақ діңіміз. Дің құласа тамыр да үзіледі, бұтақ та сынады, жемістері де шашылады. Сондықтан тіл тағдыры әрдайым басты орында болуы тиіс. Ол солай болып келеді де. Тек соған күллі ел болып іс жүзінде атсалыссақ, рухани нәтижесі ұлы болар еді. Бізде «тілге жауапты мамандар бар, солар айналыссын» деген қате түсінік бар. Тіл тағдыры барлығына, кәріге де, жасқа да ортақ. Қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда экономикалық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар еліміздің мәдени ілгерілеуі де маңызды. Қазір отандық комедиялық жанрдағы кинолар да көпшіліктің жақсы бағасын алып отыр. Десек те, үлкен шаңырақты көрген, оқыған, тоқыған, ұлт жанашырларынан тәлім тәрбие алған, алдын көрген танымал актерлердің қазақ-орыс тілінде аралас сөйлейтін фильмдерге түсетіні қынжылтады. Тәп-тәуір дүниені неліктен сол жағынан ақсатып қойғанын түсінбеймін. Аудиторияны кеңейту үшін киноның аудармасы бар емес пе? Түпнұсқасын шұбарлап түсірудің қажеті қанша? Рас, түсірсін, сюжеті де халық талғамынан шығады. Бірақ тілдік жағынан көпшілікке ұнамай жатқаны да белгілі. Өз ұлтымызды, құндылықтарымызды өзіміз қадірлемесек, басқалар не істемейді. Намысымызды өзіміз қолдан берсек, ертең «Борат» секілділердің мыңы шығып, еңсемізді езе береді. Сол үшін мейлі ол заманауи болсын, мейлі тарихи тағылымды болсын, киноны өз тілімізде түсіруіміз қажет деп есептеймін. Заманауи деген осы екен деп корейлер мен түріктер шұбарлап кино түсіріп жатқан жоқ қой. Осы жағын қашанда қаперден шығармауымыз керек. Одан бөлек біздегі көшелеріміздің өзін аудармаса мекенжайын таба алмай қалатындай болатынымызға таңым бар. Абай көшесін «Абая», Байтұрсынов көшесін «Байтурсунова» демесе ел адасып қала ма? Осындай алабажақ дүниеден қашан арылады екенбіз? Мен бүгінгі ана тілім сол бабалар тілінде таза сөйлесе екен деймін. Біз жақсы болсақ басқа ұлттар бізге еліктейтін еді. Ал біз көрінгеннің таңсығына қызығамыз, еліктейміз. Бұл әлі құлдық санадан арылмағанымызды көрсетіп отыр. Осылай тәрбиеленіп жатқан бүгінгі ұрпақтан біз ертең қалай Отанды, батырлықты, ерлікті, елдікті сұраймыз? Біздегі сорақылықтың соры ана тілімізге деген қолдап жасалып отырған қорлықтан басталып отыр, – дейді А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі.

Шынтуайтында ана тілінің жанұранына айналған Әбиірбек Тінәлінің әні мен шоқ тілді Шона Смаханұлының сөзіне жазылған «Анамның тілі – айбыным менің, Анамның тілі – ай-күнім менің! Сүйемін байтақ елімді туған, Сүйемін мәңгі – өмірді думан» деген туындысы бүгінгі буын үшін де ауадай қажет. Бұл күнделікті көксандықты жаулап, тіліміздің басына көк тас қойып жатқан көптеген отандық фильмдер жайлы бір ғана пікір. Ал байыз таппайтын байғыздай әндерден қалай құтыламыз?

-Кезінде бабаларымыз Майлықожа, Бұқар жыраулар өз заманының мәселелерін жырлай отырып, өскелең ұрпаққа небір өшпес өсиеттер айта білді. Қазіргі әндерде бұл жоқ. Бізге сол бабалар айтқандай өнегелі, санаға сіңетін дүниелер қажет. Дегенмен дәл сол бағытта астарлап айтқанды қазіргі жастар түсінбейді. Жастарға турасын айтсаң ғана түсінікті. Талғам тереңнен саязға, салмақтыдан жеңілге ауысуының өзі қуанатын құбылыс емес. Бұл ретте жастардың тыңдайтын бүгінгі әндері мүлдем сын көтермейді. Мысалы «Оның бәрін бүйту керек еді» немесе «Кірмей қала ма деп қорқамын» деген не сұмдық? «Достарым менің золотой, бауырларым бар дорогой» немесе әлгінде айтқанымдай жастар жарыса айтып жүрген ««Девушка города из Караганда» деп басталып ары қарай қазақша аяқтап жібереді. Той-томалақтың сандырағына айналған немесе хит қуалаған мұндай нәрселер қазақ әуенінің қасіреті емес пе? Осы жағы қатты алаңдатады мені. Сөз түзелмей ән түзелмейді, ал ән түзелмей мән түзелмейді. Музыка әр тыңдаушының жан сарайында жаңғырып тұруы тиіс. Мәнді дүниелер жоқ деп айта алмаймын. Бірақ күнде айтылмайды. Есесіне қай радионы, қандай телеарнаны қосып қалсаң осындай олқылықтар өріп жүр. Бізге мұндай әндерді орыстар келіп жазып беріп отырған жоқ. Сырттан жау келіп жатқан жоқ ол жағынан. Өзіміз ертерек жатталса, хит болса екен деп осындай дүниелерге барып жатырмыз. Салдарынан өскелең ұрпақтың санасы улануда. Бұл тілімізге де, өнерімізге де төніп тұрған үлкен қауіп. Мұндай арзан дүниелерді сын тезіне алатын көркемдік редакция болуы қажет. Сонда ғана тілімізді де, өнерімізді де құтқара аламыз, – дейді «Аузынан айдың түскен қыз», «Не пайда?», «Махаббат назы», «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім» атты елге етене таныс лирикалық әндердің авторы, белгілі сазгер Сәрсенбек Бәкір.

Кезінде Мәшһүр Жүсіп «Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деп ардақтап кеткен ана тіліміздің бүгінгі халі осындай.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы, – деп хакім Абай айтпақшы, бұл ретте ел естіп жүрген әндерге сөз жазып жүрген бүгінгі ақындардың да өз айтары бар.

-Қазіргі заманда эстрада руханиятқа үлкен жұмыс істеп тұрғаны жасырын емес. Себебі бұрынғыдай кітап оқып отыратын уақыт алыстап бара жатыр. Ән әлемі соңғы он жылда өте қатты қарқынға ие болды. Бүгінде кез келген адамның қалтасында ұялы телефоны бар. Соған сүйікті әндерін топтастырып алады да күні бойы соларды тыңдап жүреді. Санасын суарады. Ал әннің тәрбие құралы екенін ескерсек, бұл бағытта үлкен жұмыс атқару керек. Қазір әндердің рухани сапасына, тазалығына мүлде мән берілмейді. Мен «Жаса, жаса қазақ тілім! Жаса, жаса ғажап дінім! Баянды боп, азат күнің, Бағың таймасын!» деп әнге сөз жаздым. Ел жүрегінен орын алды. Неге осы жерде мен қайырмасының бірінші жолына қазақ тілін шығардым? Азаттығымды шығарсам да болар еді ғой. Өйткені тіл жойылса халықтың өзі де, құндылығы да жойылады. Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды. Әлі күнге тілдің мәселесі шешілмей келеді. Бұл қоғам үшін айықпас дерт. Тілді шұбарлау қазіргі әндерде модаға айналды. Ертеңгі ұрпақ «Асхат Қылышбек секілді ағаларымыз да шұбарлап жазыпты ғой» деп одан да ары кетеді. Одан кейін оны тоқтату мүмкін болмайды. Сол үшін ойлануымыз қажет. Біздің аға буын әндердің ұлттық калоритін жойған жоқ. Сөзінде де, әнінде де сол сарын аңқып тұрды. Қазір колорит шетелге ауып кеткен. Ал күнделікті жас буынның тыңдап жүрген әні бұзылса дүбәра ұрпақ содан пайда болады, – дейді айтыскер ақын Асхат Қылышбек.

Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз да өнегелі бабалардың өсиеттерінен гөрі өсек-аяң мен шұбырған шұбырынды дүниелер көп. Одан қалса қазір ғаламторда «Жаңа сөздік» (Janasozdik) деген түсінік пайда болды. Бұл әрине сарказм жанрында болса да тілдің ғасырлар бойы қалыптасқан қадірі мен киесін күл-талқан етуде. «Шалуан – қартайып қалған палуан», «Қыртика – сын айтамын деп қыртып кету», «IT-тің баласы – компьютердің құлағында ойнайтын адам», «Фишбармақ – балықтан жасалған бешбармақ тағамы» деп келетін жаңа сөздіксымақтың бұл біз айтып отырған «айналайыны» ғана. Басым көпшілігі арзан күлкіге құралған анайы сөздер жиынтығы. Өкініштісі әлеужеліде жаңасөздікшілер де көбейген.

Қорыта айтқанда сөз түзелмей, көш түзелмейтіні анық. Ертеңгі тарихымыз да шұбарланып жазылмасын десек, мәселеге осы бастан мән бергеніміз абзалырақ болар.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.