Облыстық әкімдікте

Сөзден іске

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ, Қордай аудандарында болып, жемісті жобаны жүзеге асыру барысын түсіндірді

Жамбыл облысының тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының нақты іске асатын сәті туды. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы қолдау білдірген пилоттық жобаның бюджетін бекіту бойынша ҚР Үкіметінің нақты шешімі шықты. Енді қаралып отырған 7 миллиард 200 миллион теңгені облыс бойынша таңдалған он ауылда тиімді игеру қажет. Бұл жергілікті билік пен ауылдықтар үшін мерейлі міндет, үлкен сын болғалы тұр.
Өткен аптада дәл осы жобаны жергілікті жұртшылыққа жете түсіндіру мақсатында басталған облыс әкімінің жұмыс сапары бұл жолы Байзақ, Қордай аудандарында жалғасын тапты.

  • Байзақ ауданы

Өңір басшысының Байзақ ауданы­на сапары Қостөбе ауылдық округі­нің тұрғындарымен кездесуден бас­тал­ды. Облыс орталығына іргелес жат­қан Қостөбе ауылы жобаға енген пилот­тық 10 ауылдық округтің бірі саналады. Бұл ауылдық округке
3 елді мекен қарайды. Олардағы 1 222 аулада барлығы 6 710 тұрғын тұрады. Жаңа пилоттық жобамен шаруасын шалқытып, тұрмысын тіктеуде 832 аула тиімді несиеге қол жеткізуге ниет білдірген. Бұл аулалардағы жалпы жер көлемі 85,7 гектарды құрайды. Қазіргі таңда несие алуға ниетті азаматтар құжаттарын жинақтап, өтінімдерін беріп жатыр. Ал қалған аулалар бұған дейін үй іргесіндегі жерлерді ұтымды ұқсатып, бау-бақша ретінде табыс көзіне айналдырып келген.
Жоба шартына жетік назарын аударған қостөбеліктер аулаларынан бір маусымда екі рет өнім алуға ниет танытып отыр. Сондай-ақ ауылдағы төрт аула жылыжай арқылы өнім көлемін еселеп арттыруды ойластырып қойыпты.
Жобаның екінші бағыты саналатын мал шаруашылығы бойынша 137 қатысушы анықталып, тиісті құжат­тарын түгендеуге кіріскен. Жоба аясында округте барлық саланы қамту мақсатында «Қостөбе-2019» кооперативі де құрылған. Бұл құрылым қазіргі таңда ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, жемшөп даярлау, техникамен қамту жұмыстарына белсене кіріскен.

Облыс әкімінің аймаққа жұмыс сапары кезінде ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын жолдап, жоспарларымен бөлісуге де мүмкіндік алды. Өз кезегінде өңір басшысы сұрақтарға нақты жауаптар беріп, жобаның маңыздылығы туралы баса айтып өтті.
Тұрғындармен кездесуден кейін Асқар Исабекұлы Қостөбе орта мектебінде болды. Қазіргі таңда Қостөбе орта мектебіне жанама спорт зал, акт зал, асхана және 3 оқу бөлмесі, газбен жанатын қазандық ғимаратын салу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы да дайындалған. Алғашында жалпы құны 601,2 миллион теңгеге жоспарланған жобаға қазіргі таңда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан ықшамдалып, 388,6 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Асқар Исабекұлы бұл мәселенің өзектілігіне назар аударып, құрылыс шараларын уақыт оздырмай бастауды тапсырды.
Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Сарыкемер ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдерінің орналасу жағдайын көзбен көрді. Бұл жер телімдері бұған дейін суармалы егіс алқабына жатқызылып келген. Қазір Сарыкемер ауылдық округіндегі халық санының қарқынды өсуі есебінен елді мекеннің аумағын 150 гектарға дейін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде Сарыкемер елді мекенінің бас жоспарына сәйкес 15 шаруа қожалыққа қарасты 67 гектар жерді мемлекет мұқтажына алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Өңір басшысы аталған алқаптың суармалы екенін ескере отырып, бұл мәселенің қайта жан-жақты қаралатынын жеткізді.

  • Қордай ауданы

Мүмкіндік мол, тек еңбек ету қажет

Ал кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, жемісті жобаны жүзеге асыруға ниетті Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Округ әкімі Айдар Бірімқұлов жобаның бес бағыты бойынша жеке-жеке тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-ниеттерін тілге тиек етті.
Айта кетейік, жобаның пилоттық кезеңіне енген Жамбыл ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Онда барлығы 1 054 аулада 6 845 адам тұрады. Ол аулалардағы жалпы жер көлемі 105 гектарды құраса, сумен қамтылғаны 634 аула, яғни 79 гектарды құрайды.
Бүгінде ауылдағы бірінші бағыт бойынша несиеге өтінім беріп үлгерген 472 ауланың жер көлемі 62 гектарға тең. Тұрғындар үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызанақ, қияр егуге ықылас танытып отыр. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын. Ал екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша ауылдағы 216 аула қамтылмақ. Жалпы 1 054 үйдің 614-інде малы жоқ десек, өңір басшысы малы бар үйлердің де төрт түліктерін жобадағы шекке дейін көтеру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ округте «Бастау Жаңатұрмыс» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жемшөбін әзірлеу, техникамен тапшылығын шешу, сапалы ұрықпен қамту, өнімді өткеру секілді көптеген мәселелерді шешумен айналыспақ. Тіпті тұрғындарға егіншіліктің тиімді тәсілдерін меңгертіп, бағыт-бағдар беру мақсатында ауылда тәжірибелі агроном жұмыс жасамақ.
Кездесуден соң облыс басшысы Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Жоба құны – 858 миллион теңге. Өнім қуаттылығы жылына 6 380 тонна ірі қара мал еті және ұсақ мал етін сойып өндіруге қауқарлы. Негізінен, кәсіпорында қоғамдық тамақтану және ет өңдеу кәсіпорындарына бөлшектелген және жартылай бөлшектелген ет, буып-түйілген вакуумды қораптағы ет кесіндісі, сорпа жинағы, филе өнімдері өндіріледі.
Өткен жылы кәсіпорында 911 миллион теңгеге 1 188 тонна ет өнімдері өндірілсе, ағымдағы жыл басынан бері 541 миллион теңгеге 395 тонна ет өнімдері шығарылған.
Серіктестік жұмысымен танысқан Асқар Исабекұлына кәсіпорын тарапынан ет өнімдерін экспортқа шығару мәселесі туындап отырғаны айтылды. Өңір басшысы мәселенің мәнісіне үңіліп, жауапты тұлғаларға шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Аймақ басшысы аудандағы жұмыс сапары «Кордай Корм» ЖШС-ның жұмысымен танысуымен түйінделді. Зауыт құрама жем шығару және майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысады. Серіктестік басшысы Талғат Сәрсембаев кәсіпорынның жылына 3 мың тонна құрама жем шығаруға мүмкіндігі барын жеткізді. Өңделген өнімнің басым бөлігі мал ұстайтын тауар өндірушілерге, аудан тұрғындарына өткізілуде екен. Мұнда барлығы 11 адам жұмыс жасайды.
Бүгінде мұнда тәулігіне 20-30 тонна құрама жем шығарылуда. Ал май цехы күніне 5 тонна мақсарыдан сығу арқылы 400 литр, 5 тонна күнбағыс дәнінен 200 литр май өндіріледі.
Серіктестік басшысы кәсіпорынның өзекті мәселесі ретінде 300 килоВаттық трансформатор орнату, газ тарту және ауызсу құдығын қазу қажеттіліктерін жеткізді. Өз кезегінде облыс басшысы тиісті тұлғаларға түйінді түйткілдерді оңынан тарқату қажеттігін жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР