Елбасы Жолдауы

Спорт алаңшаларына сұраныс жоғары

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Үкімет пен әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырғаны белгілі. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулалар мен саябақтарды шағын спорт алаңшаларымен қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар облыста бірер жылдан бері қолға алынып келеді.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі күнге аймақтағы жалпы спорт нысандарының саны 2150 бірлікті құрайды. Оның
1633-і аудандарда. Ал, аталған кешендердің ішінде 1605-і халыққа қолжетімді болып отыр. Тарқатып айтсақ, 517 нысанға тараздықтар емін-еркін кіріп жаттығып жатса, 1088 кешен аудан тұрғындарына есігін айқара ашқан.
Биыл қосымша 5 спорт кешенінің құрылысы аяқталса, 22 спорт алаңшасы қолданысқа берілген. Әмбебап спорт алаңшаларының біреуі Тараз қаласында бой көтеріп, аудандарда 4 кіші футбол алаңшасы, 9 стритворкаут және 8 көше жаттығу құралдары орнатылған. Ал, Талас ауданындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Тағы бір жағымды жаңалық, Елбасы Жолдауынан кейін облыста 2019-2021 жылдарға арналған жоспар әзірленіп, тағы 29 спорт алаңшасын салу көзделіп отыр.
– Аталған кешендердің 14-і әмбебап спорт алаңдары болса, алтауы кіші футбол және 8-і стритворкаут алаңшалары. Сонымен қатар, аулалар мен саябақтарды күш тренажерларымен жабдықтау көзделуде. Ал, жеңіл атлетика мен гимнастикаға арналған спорт манеждерінің эскиздік жобасы әзірленуде. Бұл Жолдау жүктеген міндетті орындап, облыста бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Расында, бүгінде өңірде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 325,5 мың адамды құраса, бұл халықтың 29 пайызын көрсетіп тұр. Мемлекет басшысының бұған дейін міндеттеген тапсырмасы 2020 жылға дейін бұқараның 30 пайызын спортқа тарту болса, өңір бұл межені еңсеруге жақын. Ал жоғарыда аталған 29 спорт кешені қосымша салынатын болса, Жамбыл спорты жаңа бағытта дами түсетіні айқын. Және жеңіл атлетика мен гимнастикаға арналған манеждердің орнатыла бастауы, өңір тың спорт түрлерін дамытуға да бет бұрды деген сөз. Ендеше, бұқараның тән саулығы үшін жасалып жатқан жұмыстар жемісін берсін деп тілейік.
Себебі, Елбасының сарабдал саясаты халықтың тек жабық кешендерде ғана емес, көшеде де жаттығуына мүмкіндік туғызуды көздеп отыр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР