Спорт басқармасы бос тұрған алаңдарды кәдеге жаратуды ойлауы тиіс

0 3

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын  кезекті рет жұмыс барысымен аралап, құрылыс, жол жөндеу, абаттандыру жұмыстарымен танысты. 

 

Алдымен облыс әкімі Жауғаш батыр көшесінде қайта қалпына келтірілген әмбебап спорт алаңшасының жұмысымен танысты. Мердігер «Ғимарат Строй Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Жетпісбаевтың айтуынша, спорт алаңы 20 күнде қайта жаңғыртудан өткен. Мұнда кіші футбол, баскетбол және волейбол ойнау үшін барлық жағдай жасалған.

– Қалада көп алаң қайта жаңғыртылды. Бірақ оның көбі бос тұр. Сол үшін спорт басқармасы қала тұрғындарын, жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, осындай әмбебап спорт алаңдарында жарыстар ұйымдастыруды қолға алуы тиіс. Кесте жасап, балалардың жазғы каникулда уақытын тиімді өткізуге күш салу керек. Қажет болса, бос тұрған мектеп спортзалдарын да ашып, жаз уақытында жастардың спортпен шұғылдануы үшін тиімді пайдалануды қарастырған жөн, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі Байзақ батыр көшесі бойындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүзеге асып жатқан «Таразға тарту» жобасы аясында Қазыбек би көшесіндегі №131 және 133-көпқабатты тұрғын үйлердің көше жақ бетіндегі скверді абаттандыру жұмысы жоспарланған. Ол аумақты  абаттандыруға Талас ауданы жауапты.  Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек құрылыс жұмыстарының басталғалы жатқанын айтып, жоба-жоспарымен бөлісті. Облыс әкімі скверді жасағаннан кейін оның қасындағы көпқабатты тұрғын үйлердің көше жақ қасбетін де әрлеу керектігіне көңіл бөлді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі алдындағы аллеяға қатысты да ұсыныс айтылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақтағы жасанды көл мен амфитеатрды қалыпқа келтіру жұмыстарын Қордай мен Шу аудандары өз мойындарына алған. Сол секілді Б.Момышұлы көшесі бойындағы жол жөндеу және Б.Момышұлы тұйығындағы жаңа сквердің құрылыс жұмысымен танысты. Сквердегі құрылыс жұмысын «Наркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жүргізуде. Серіктестік директоры Дәурен Наржановтың айтуынша, мұндағы 300 метр аумақ абаттандырылмақ. Сондай-ақ данқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевқа арнап ескерткіш-тақта орнату бойынша ұсыныстар қаралып жатқанын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев бұл көшеге Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы бастама көтерді. Батыр есімімен аталатын үлкен даңғылдағы екінші рет қайталанып тұрған көше тұйығының өзі де соған сұранып тұрғандай. Қала басшылығына ұзындығы екі шақырымнан асатын көшеге Еңбек Ерінің есімін беру мәселесін зерделеу тапсырылды.

Сондай-ақ облыс әкімі дренажды каналының, Айша бибі көшесінің және Үшбұлақ каналының абаттандыру жұмысымен танысып, оған жауапты облыс әкімдігінің басқармаларына құрылыс жұмысын жедел бастауды жүктеді.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Шөлдала алқабында бір күн бұрын ашылған әлеуметтік дүкенге де арнайы ат басын бұрды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.